20 ақп, 2020 сағат 15:00

Алматы әуежайы Қытайдан келген барлық жолаушыны карантинге жатқызатын болды

Алматы әуежайы бірінші санаттағы, яғни Қытай Халық Республикасынан келген жолаушылардың барлығын карантинге жатқызатын болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл туралы әуежайдың әлеуметітк желідегі ресми парақшасында жарияланды.

«Құрметті жолаушылар, бүгіннен бастап бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес елде коронавирусқа қарсы күрес шаралары күшейтіліп жатыр. Атап айтқанда, Алматы әуежайы арқылы өтетін бірінші санаттағы жолаушылар бірден карантинге жабылатын болды. Қаулыға сәйкес, 20 ақпаннан бастап коронавирус жұқпасы шыққан елдерден келетін жолаушылар үш санатқа бөлінген еді. Бірінші санатқа жатқызылған ҚХР-дан келген жолаушылар енді 14 күнге стационарлық карантинге жабылатын болды. Одан кейін 10 күндей медицина мамандарының бақылауында болады. Екінші санатқа жататын коронавирус жұқпасының 10 жағдайы тіркелген елден келген жолаушылар үй жағдайындағы карантинде 14 күн жатуы тиіс», - деп жазылған Алматы әуежайының ресми парақшасында.

Айта кетейік, қауіпті вирусты жұқтырған адам саны 10-нан аспайтын елден келген жолаушылар үйде 24 күн бақылауда болуға міндеттеледі.