06 қар, 2016 сағат 08:07

Алматы ақындары - Астана төрінде

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында алматылық алты белді ақынның жыр кеші өтті. Олар астаналық оқырмандарға өз өлеңдерін арнады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Шараға қатысқан Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Маралбек Ыбыраев аталмыш шараның өнер сүйер қауым үшін маңызды екендігін атап өтті.

«Елдің ордасы Алматыдан Астанаға көшетін шақта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Жер жәннаты Жетісуға сыймай бара жатқан жоқпыз, қыймай бара жатырмыз. Бүгінгі дәуір бізден осыны талап етіп отыр» деген болатын. Астана аяғынан нық тұрып, көркейіп, осындай жоғары дәрежеге жетті. Енді мыңжылдық тамыры, тарихы бар Алматының ақындары Мәңгілік елдің астанасына тәу етуге келді. Сондықтан бұл кеш поэзия сүйер қауым үшін маңызды», - деді ақын.

Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары атап өткендей, поэзия кешіне Алматының беделді алты ақыны қатысты.

«Ақындардың жас мөлшері әртүрлі. Олардың қатарында жас ақын Айбол Исамғалиевтан бастап, Әділғазы Қайырберков ағамызға дейін бар. Бүгін олар астаналық поэзия сүйер қауымға жырдан шашу шашатын болады. Астананың салқын ауа райын өлеңмен жылытады», - деді ол.

Шараға астаналық жыр сүйер қауым мен ЖОО студенттері қатысты.

Айта кетейік, поэзия кеші Астанадағы Алматы күндеріне орай ұйымдастырылды.