02 сәу, 2020 сағат 13:14

Алматы әкімінің орынбасары аса маңызды емес азық-түлікті іздеуді қоя тұруды ұсынды

Алматы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов онлайн брифинг барысында қала тұрғындарының көптеген сауалына жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қала әкімінің орынбасары қала тұрғындарының іздеген заты жақын дүкенде болмаған жағдайда не істеу керектігін түсіндірді.

«Супермаркетке баруға болады. Егер өте қажет жағдай болса, бекетте тұрған адамдар робот емес. Олар да түсінеді, егер қажеттілігіне көз жеткізген жағдайда олар жібереді. Бұл енді тұтыну қажеттілігіне байланысты. Кейбір адамдар сусабынның кейбір түрлері, ет, кофе тағы басқа азық-түлікті алмай, 20-21 күн шыдап тұра тұрса да болады», - деді әкімнің бірінші орынбасары. 

Оның айтуынша, штаб өкілдері халықаралық тәжірибені ескеріп отыр.

«Кейбір елдерде адамдарға тамақты әскерилер тасиды. Бір пакетте нан, су, 1 пакет шай бар. Ең басты шарт – инкубациялық кезеңді шыдап үйде өткізу», - деді Е.Қожағапанов. 

Ерлан Қожағапанов карантин кезінде жеке көлікті пайдалануға тыйым салынғанын айтты.