16 шіл, 2019 сағат 15:56

Алматы әкімі «Бақытты отбасы» орталығын барлық ауданда ашуды тапсырды

Алматыда тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету үшін жаңа жұмыс орындары ашылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Бақытжан Сағынтаевтың Instagram парақшасына сілтеме жасап.

«Көпбалалы аналардың «Бақытты отбасы» орталығының жұмысымен таныстым. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың мәселелері бойынша жақсы ақылдасу алаңы екен. Мұндай орталықтардың әлеуеттері үлкен. Сондықтан аудан әкімдеріне жыл аяғына дейін осындай баламалы орталықтар ашуды тапсырдым. Бұдан өзге, Е. Әукеновке «Іскер ана» бағдарламасын әзірлеу және бір ай ішінде оны іске қосу бойынша тапсырма бердім. Бұл бағдарлама қажетті заттарға қатысты көрсетілетін шараларды нақтылайды. Олар: жабдықтар мен қызмет көрсету, жаңа істі меңгеруге, осы отбасыларды асырудың көзі болып табылатын мамандықты игеруге бейімдеу», - дейді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету үшін жаңа жұмыс орындарын ашу қажет. Бұл міндетті қала басшысы аудан әкімдері мен басқармаларға жүктеді. Сондай-ақ аудан әкімдіктері көпбалалы аналармен тікелей диалогта болулары тиіс екенін тілге тиек етті.