04 қаз, 2017 сағат 11:44

Алматы әкімдігі жаңажылдық безендіруге тағы 429 миллион теңге бөлуді сұрады

Қалалық мәслихаттың экономика және бюджет тұрақты комиссиясының отырысында Алматы әкімдігі депутаттардан қаланы жаңа жылға безендіруге тағы 429 миллион 323 мың теңге сұрады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" kaz.tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.

Алматы қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ілияс Өсеров бұл ақшаның аудандық әкімдіктерге бөлінетінін айтты.

"Біз мәдениет басқармасына жаңа жылдық безендіруге ақша беріп қойдық. Бірақ ол ақша басқармадағыларға жетпей жатыр, себебі олар қаламыздың басты бөліктерін безендіреді. Аудандағылар осы ақшаға өздері магистральдық көшелер мен көпірлерді безендіруі керек. Бірыңғай концепция болуы тиіс, әрине, пішіндері әр түрлі болса болады, бірақ түстер бірдей болуы керек", - деді ол.

Отырыс барысында депутаттар басқармадағылардың ақша бөлу туралы ұсыныстарын қабылдады. Соңғы шешім Алматы мәслихатының кезекті сессиясында қабылданады.