#
#
Жексенбі 26/02/2017

«Алмас қылыш» қынабынан суырылды...

  • 08.01.2017
  • 1
  • 1106

5 қаңтардан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында «Алмас қылыш» фильмінің көрсетілімі басталды. «Алмас қылыш» фильмі көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының желісі бойынша түсірілген. Сценарийін жазған – жазушы Смағұл Елубай.

 «Алмас қылышты» түсіруге екі жылға жуық уақыт кетті. 

Тарихи жобаның авторы – ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бо­йын­ша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ мен Centaurus Rustem Abdrashev production ЖШС қатысуымен түсірді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «қазақ халқының ұлт­тық сана-сезімін көтеретін туынды» деп ба­ғалаған фильм көрерменге жол тартты.
Әзірге фильм туралы көрерменнің көз­қарасы екіге жарылып тұр: жоғары баға бер­ген­дер де, кемшілігін түзіп тергендер де бар. Жалпылама көпшіліктің тарихи туындыға көңілі толған секілді. Ал тарихшылар мен кино сыншылардың арасында көңіл­тол­мау­шылық байқалады. Дегенмен «Алмас қылыш» көп­шіліктің көптен күткен жобасы екені анық. О баста киносериал ретінде басталған жо­ба неге көркем фильмге айналды деген де пі­кір­лер айтылған. Фильм авторлары бұның «Қа­зақ елі» телесериалының кино нұсқасы екен­дігін айтып жатыр. 

Шүкір! Тәубе!

Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың ие­гері Иран-Ғайыппен «Алмас қылыш» филь­мінің тұ­саукесерінен кейін кезіккенімізде «Шү­кір! Тәубе!» деп ағынан жарылып, ақта­рыл­ған еді. Ақыннан: «Бұл фильмнен хал­қыңыз­дың табиғи әз кейпін көріп, тани алдыңыз ба?» деп сұра­ған­быз. 

– Көрдім, көрдім. Таныдым, қарғам! Өйт­кені бұған көмектескен күні кешегіміз. 1986 жыл­ғы өз алаңымыздағы жанталасымыз. Халықтың рухани тұншығуы. Бұл кейіпті біз ғана кешкен жоқпыз. Бүкіл қызыл империя құра­мындағы елдің бәрі бұл кейіпті бастан өткерді. Орыстың өзі де сол империяның құрбаны болды. Осының бәрін көзіміз көрді. Осы фильмнен кейін «Алмас қылыштың» авторы Ілияс Есенберлинді ұлы жазушы деген ойға келдім. Фильмнің сценарийін жазған Смағұл Елубай, Рүстем Әбдіраш, Тимур Жақ­сылықов  Ілекеңнің «Алмас қылыш» романын не­гізге алған екен. Әрі өте дұрыс таңдау жа­саған. Өйткені осы тұста Керей мен Жә­нібек қана империядан бөлінген жоқ. Бір жағынан Жалаңтөс бастаған атауы қазақ қандастары­мыз, бір жағынан қарақалпақтар, бір жағынан өзбек тайпалары бас-басына қарай шетке ығыса бастады. Оған Шыңғыс ханның ұрпағы Шайбанидың әмірі жүрмей қалды. Сон­дықтан осы тұста қазақ хандығының негізін қа­лаған Керей мен Жәнібектің кейпін көр­дім. Шын тумысында, талант-тағлы­мын­­да үлкен тұлғалық бейнесін көр­дім. Олардың халқы үшін, оның бостандығы үшін жанкешті тір­лігін көрдім.  Осы орайға кел­ген­де, әр нәрсе негізіне тартады ғой. Баяғыдан бері қазақ кино­сы­на көңіліміз толмай жүрсе, сенбей жүрсек, оның себебі, олар­дың көбі өтіріктің топы­рағында туындағаны. Жал­ғандық басым. Біз көсіліп айта алмадық. Негізгі бет-пер­де­мізді аша алмадық. Сон­дықтан осыған дейін қойы­лып келе жатқан тарихи фильмдердің  дұрыс шық­паға­нының бір себебі, осында жат­са керек. Бірінші рет, біздің (біз дегеніміз – өткен ғасырдың 30-40 жылы дүниеге келген ұрпақ, яғни, өз қатарластарым) өмірімізге үңіліп қарап, «Е-е, біз осындай адам болған екен­біз» деп бетпердемізді сыпырғандай болып отырмын. Өзімнің бейнеме кино ар­қылы қарасам, өте аянышты. Өте бейшара қа­лыпта. Бірақ бақыттың нышаны білінетін сияқ­ты. Ол нышан бізге, яғни, біздің ұрпаққа не үшін керек? Тыныш өлуге, артқа алаңдамай кетуге септігін тигізетін сияқты. Тәуел­сіз­діктің өз мән-мағынасына келе жатқандай­мыз. Осы киноны көріп, шүкір дедім. Шүкір! Тәубе!

«Алмас қылыш» – ұрпаққа керек кино!

Ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы осы­лай дейді:

– «Алмас қылыш» фильмін Алматыдағы ал­ғашқы көрсетілімінде көру нәсіп болды. Ол туралы жұрттан сүйінші сұрап жаздым да. Он бөлімді телесериал етіп түсіргенін жақсы білеміз. Бұл кино соның сығымдалған, жи­нақталған, ықшамдалған қалыбы. Өздеріңіз де білесіздер, осы кезде «Абай», «Көшпен­ді­лер», «Қан мен тер», «Қылмыс» секілді көп­том­­дықтарды жастардың оқуы өте сирек. Жа­лықпай оқитын жақсы әдет бізбен аяқтала ма деп қорқамын. Ендеше, осындай кезеңде Ілияс Есенберлиннің үш томын жеке-жеке үш киноға айналдырып көрсетсе, ұтымды тә­сіл болар еді. Жастардың киноға деген қы­зы­ғушылығы жоғары, оны тиімді пайдаланып, тәлім-тәрбиені көркем кино арқылы жүр­гізген ыңғайлы болып тұр. Фильм жарыққа шыға салысымен жоғары-төмен пікірлер қар­ша борады. Соның бір парасы, тарихи­лы­ғы, деректердің азын-аулақ ауытқуы деп жа­тыр. Бұл жоба деректі фильм емес, тіпті та­рихи оқулық емес. Тарихтың ізімен түсіріл­ген Қазақ елінің қалыптасу кезеңін тұспалдаған көр­кем дүние ғана. Бүге-шігесіне дейін ай­тып, көрсетіп отыру киноның уақытына сый­майды да... Оның үстіне, режиссерлік қиял, көркемдік шешім деген бар. Осы жағ­дайларды есептегенде, артық өкпелеп, айып­тай жөнелу дұрыс емес. Осы күнге дейін тәуел­сіздіктің арқасында бірнеше ұлттық бағыт­та кино түсірілді, қарап отырсақ, дең­гейі әртүрлі. Мынау «Алмас қылыштың» ауқы­мы өте үлкен, айтары кең мазмұнды қам­тып жатыр. Мемлекеттің, «Қазақфильм­нің» барын салып кіріскені анық көрінеді. Бас-аяғы екі жылға созылса да, шынайы ұлт­тық кино жасауға тырысыпты. Шығарма шы­мыр, көріп отырғанда арқаң шымырлап, әсер­лі сезімге бөленесің! Тіпті кей тұстарына келгенде, көзіңе жас алып, алқымыңа өксік ты­ғылады. Себебі, қазақтық қанымызды та­сытатын, жүрегімізді толқытатын қазаққа тән ұлттық сезім киноға сіңірілген екен. Ендеше, ре­жиссердің, сценарий авторының, актерлер­дің бойында бұлқынған бұла күш бар. Ол күш қазақтарға жақсы дүние шығару болса керек! Ол мақсаттарына жетіпті, жаңалығы басым жас актерлер көзге түсті, үлкен образдарды сом­даған артистер жарқырап көрінді. Тәуел­сіздігімізді аспаннан түсе қалғандай көретін тар өрісті адамдар үшін, арғысын айтпағанда, 550 жылдан бергі жан алып, жан беріскен қан­төгістер мен қиянкескі шайқастар тектен-тек­ке болмағанын сезіндіреді. Қазақ хан­дығының құрылып, көк тудың астына жи­налған ру-тайпалардың бас құрап, ұлт болуы нанымды баяндалған. Ал енді территориясын кеңейтіп, ұлан-ғайыр даланы қамтып, тұтас­тыққа жетуі – бөлек фильмнің еншісінде деп білемін. Шайбанилер әулетінен бөлініп шы­ғып, Шу-Талас өңірінен басталған елдіктің ер­лік қадамдары бүгінгідей алып елдің негізін қалағаны ақиқат. Моғолстан елін тек қана ұй­ғыр­дың хандығы деп кесіп айту қате. Астанасы Алмалы (қазіргі Құлжа маңы) болға­ны­мен, ол тұтас ұлы жүз ру-тайпалары­ның, Жетісу жерін, анау Тұрпанға дейінгі ұланбайтақ территорияны бауырына басып жат­қан болатын. Әрі билік басында, тақта отыр­ғандар ұйғыр емес, Шыңғыс хан тұқымы екені анық. Ендеше, қазақ хандығын ұйғыр­дың қолтығына кіргізген деген жаңсақтық болады. Фильмде бірнеше тайпаның аты қаттырақ аталып кетсе, ол сол кездегі тарихи жағдай. Жетісу жеріне келген соң, Жетісуды мекен еткен елдің аты аталмай, кім аталушы еді?! «Көшпендінің» көші жүре түзіледі. Бір кино тұтас қазақ әлеміне кепіл емес. Өз бай­қауым бойынша, жақсы дүние жарыққа шықты. «Біткен іске сыншы көп» дегендей, көп әңгіме айта беруге болады, дегенмен енді ғана 25 жылымызды атап өтіп жатқан балаң мемлекет үшін бұл «Алмас қылыштың» алар орны жоғары. Арнайы білім мекемелері мек­теп оқушыларына, ұстаздарға біртұтас көр­сетуге бұйрық бергеннің артықтығы жоқ. Жас­тарды жігерлендіруге, ұлттық сезімін та­сытуға таптырмайтын кино екені анық! 

«Көшпенділерден» кейінгі атышулы жоба

Мәдениеттанушы Әсия Бағдәулетқызы «Ал­мас қылыш» фильмінің кейбір олқы тұс­та­рын талдап берген еді. Оның пікірінше, фильм­нің жақсы жақтары да, кемшіліктері де жоқ емес. 

Ол: «Туынды Керей мен Жәнібектің Әбіл­қайыр­дан бөлінуі мен жеке хандық құру ке­зеңін қамтиды. Тақырыптың маңыздылығына күмән жоқ. Жалпы, тарихи киноларда кейіп­керлердің өлмейтінін біліп тыныш отырасың. Бі­рақ соған қарамастан, сценарий авторлары (С.Елубай, Т.Жақсылықов, Р.Әбдіраш) ба­рын­­ша интрига тудыруға тырысқан. Сарай маңы эпизодтардың драматур­гия­сы мы­ғым: Әбілқайыр мен қос сұл­тан арасын­да­ғы шиеленіс, саяси ойын­дар наным­ды.

Хан шатырындағы көріністе Әбіл­қайыр мен Жәнібектің немесе аң­шылық эпизодында Әбілқайыр мен Керейдің сөз шарпысуында ым­дап ырғасатын өткен дәуірдің ірілігі бар. Бірақ одан әрі фильм драматур­гия­сы сол шиеленісті ұстап тұра ал­ма­ды.

Кинодастанның негізгі идеясы, еш­кімге бағынғысы келмеген, «әр­кім­нің қолында қылыш боп ойнаған» ба­тыр қазақтың рухын көрсету. Туын­ды­ның өн бойында бірнеше шайқас сахнасы бар делік. Бірақ ылғи да қазақтар тығырық­қа тіреледі.Біреуінде ғана табан астында ар­ба­лардан қорған құрып, құндақтаулы сә­биі­мен садақ ке­зенген аналар, шауып бара жат­­қан атқа теріс отыратын мергендер, ой­рат­­тың қылы­шын қақ жаратын алмас қы­лыш­тар, жалпы қазақтың мобильді соғысып, шабуылға той­тарыс беру өнері орынды көрсетілген. Бірақ техникалық тұрғыда, бұл бір компьютерлік графика ойлап табылмаған ықылымда тү­сірілген фильм сияқты. Он шақ­ты ойрат он бес шақты қазақпен соғысады да, кері қа­ша­ды. Хан­дықтың негізін қалаймын деп көшіп жат­қан жұрт та әрі кетсе жүз шақты адам. Мас­ш­таб жоқ. Жұпыны. Түмен-түмен адам­ жал­дап оларға көне киім тігіп беру қол­дан­ кел­­мейді, түсінікті. Бірақ «Трояны», не «Ба­тыл ­­жүрек­ті» қарасаңызшы, бес адамды бес жүз­ мың әскер қып көбейтеді ғой. Біздің гра­фистердің бар қолдан келері «инстаграм­ның» бұлдыра­туын­дай ойға сымайтын түс­тер­ге бояу ғана. Көрер­мен соны байқамай қа­лады деп ойлай ма?

Фильмде бірнеше метафора бар. Ол – Әбіл­қайырдың тордағы құсы. Әбілқайыр, ашуланып кеткен Қобыландының артынан, «Қай­да барар дейсің, айналып қазығын та­бады» деп тұрғанда, тордағы құсы ұшып ке­теді. Демек, қазақты да, Қобыландыны да уы­сынан жіберіп алды деген сөз. Бұл әдемі оқы­лады, басқа кейбір метафоралары сәтсіз. Мы­салы, көшіп келе жатқан қазақтар жол­дағы құдықтан су ішеді. Оны «азаттықтың дә­мін татты» деп келтіреді кадр сыртындағы дауыс. Бірақ оператор, неге екенін, бұл эпи­зодты қазір бір жаманшылық болғалы тұр­ған­дай түсіреді. Немесе жолда туған бала, Шал­киіз­ді алыңыз. Оны «қазақтың азаттығы­ның даусы еді» деп сипаттап алып, шешесі өлгенде ноғайларға беріп жіберетіні несі?
Актерлердің ойынында театралдылық басым. Кейде ойлаймын. Мүмкін, «бұл – қа­зақ киносының ерекшелігі, қазақ актерлерінің қолтаңбасы» деп «заңдастыра» салу керек шығар? Өйткені осы театралдықтан ешқашан құтылмайтын түріміз бар. Тіпті театрдың сахнасын көрмеген актерлеріміз сонымен ауырады. Қазтуған (Б.Тілеухан) сөйлей жө­нел­генде, Парламентте мәлімдеме жасап отыр екен деп қалдық. Мұрнының астымен сөй­лейтін Рабиябегімнің (Қ.Мұхамеджанова) кө­зін аударып-төңкергенінің бәрі жасанды. Әр сөзін нығарлап сөйлейтін Керей (Қ.Ке­малов), әр сөзінен кейін пауза керек деп са­най­тын Саид (Б.Әбділманов) екіұдай әсер қал­дырады. Досхан Жолжақсыновтың Әбіл­қайыры өзін өте әккі, ақылдымын деп ой­лай­тын, бірақ қартайып, әлі кеткен би­леуші. Ниязбек Шайсұлтановтың Мұхаммеді тым эмоционалды, Мейірғат Амангелдиннің Қа­сымы нәзіктеу көрінгені рас. Есесіне Мә­дина Есманованың Жаһанбикесі ұнамды, Арман Әсеновтің Қобыландысы есте қалады. Ер­кебұлан Дайыровтың үлкен актер болып өсіп келетіні қуантады.

Кинодағы бағалы нәрсе – Құранның көрсетілуі

Тарихи туындыға тарихшылардың берген ба­ғасы қандай? Белгілі тарихшы Талас Омар­бе­ков  «бұл фильмнің рухани жағынан маңызы зор екенін» айтады. 

– Киноны бастан-аяқ тамашаладыңыз. Бұл фи­льм несімен ұнады? Тарихшы ретінде, қан­дай кемшіліктерді байқадыңыз?

– Бұрын барлық киноларымызда ислам­нан қашып келдік. Ал «Алмас қылышта» кері­сінше. Керей таққа «бісмілләсын» айтып ба­рып отырады.

Қазақ хандығының ресми діні ислам бо­латын. Міне, сол себепті бұл рухани жағынан тәр­биелік маңызы зор кино дер едім. Қазақ­тың болашақ жастарына, дінді дұрыс түсін­бей­тін, исламды бұрмалап жүрген адамдарға «Ислам діні халқымызға не үшін қажет бол­ды?»,«Діннің маңызы неде?» деген мәселенің түп-тұғыры осы кинодан басталады.  Бұл кино­дағы бағалы нәрсенің бірі – Құранның көр­сетілуі. Құранның қоғамдағы орны айтыл­ған. Ислам діні Қазақ хандығының ресми идео­логиясы болды. Алайда бұл біздің бұрын­ғы киноларымыздың ешқайсысында көр­се­тіл­ген жоқ.

«Алмас қылышта» алты сан Алаштың қа­лыптасу дәуірі көрсетілген. Ру-тайпа атаулары дұрыс берілген. Алаштың ұран болғанын фильмде қайта-қайта көтермелеу тарихи шын­­дыққа сәйкес келеді. Қазақ алғашқы кез­­­де Алаш қауымдастығына бірікті, кейін алты сан Алаш деген атпен жүрді. Міне, осын­дай қазақтың қалыптасу жолы осы кинода жақ­сы көр­сетілген. Бұл фильмнің болашақ жастары­мыз­ды тарихи санамен тәрбиелеуде, ұлттық рухы­мызды көтеруде, Мәңгілік ел бо­ламыз де­ген қағидамызды ұстануда алатын тәр­­бие­лік, саяси орны орасан зор. Кинода қа­зақтың делебезін қоздыратын, ұлтты кө­тере­тін рух бар. Сондықтан бұл киноны бәрі­міз қолдауы­мыз керек. 

Кинода сәл ойланың қырайтын нәрсе бар. Ол – Қазақ этнонимінің қолданылуы. Бастап­қы кезде алты сан Алаш қауымдастығы шық­ты. Абылайдың кезінде он сан Алаш болды. Ке­­рей мен Жәнібек көш­кеннен, шайбани­лық­тар өзбек атанады да, қазақтарды солар­мен шатастырмау үшін өз­бек-қазақ деген термин қолданған. Сондай өт­пелі атау болған, олар­ды бірден қазақ ата­ма­ған. Ал фильмде Әбілқайыр бізге «қазақтар» деп жатыр. Шын мәнінде, ол кезде қазақ эт­нонимі әлі қалып­тас­паған болатын. Егер Қа­­сым мен Бұрын­дыққа арнайы тоқталып, ки­­ноны жалғастырар болса, олардың өзбек-қа­зақ атанғанын ескеру керек.

– Фильм басталғалы ел арасында түрлі пі­кір бар. «Фильмде қазақтар өзбектен бөлініп, ұйғырларды паналаған секілді көрініп қалыпты» деген пікірге қарсы айтарыңыз қандай? 

– Бұл ұйғыр деген этнонимнің қайдан шық­қанын білмейтін адамдардың пікірі. Ұй­ғыр этнонимі ІХ-Х ғасырлардағы Ұйғыр қа­ғанатының құрылуына байланысты шыққан. 840 жылы Ұйғыр қағанатын қырғыздар тал­қандап,  ұйғыр этнонимі тарих сахнасынан өш­кен. Шыңғыс ханның кезінде ұйғыр деген ха­лық мүлдем болған жоқ. Ұйғыр этнонимі мүл­де ұмытылып, оның орнына тараншылар, қо­тандықтар, қашқарлықтар деген қауым­дас­тықтар келді. Бұларға ұйғыр атауын берген Кеңес өкіметі болатын. Сондықтан ХV ғасыр­дағы Қазақ хандығы ұйғырларды паналады деген бос сөз. 

Фильмде көрсетілген тараншылар – ұй­ғырларды құраған қауымдастық болғанымен, олар бұрынғы Ұйғыр қағанатынан бөлініп шығып, Қашқар, Тибетті паналаған халық­тардың қалдықтары. Фильмде ұйғыр деген атау жоқ, тараншылар деп қолданады. Таран­шылар ұйғырларды құраған үш қауым­дас­тықтық бір тобы ғана. Сондықтан оны жеке ха­лық  деп қарастыруға болмайды. Таран­шы­ны қазақ кейде сарт деген. Олар – Бесбалық деген қаланың төңірегінде өмір сүрген халық. 

– Тағы бір түсініксіздеу тұсы, төрелердің бар­лығы бір Шыңғыстың ұрпақтары бола тұра Мо­ғолстан мен Әбілқайыр хандықтарының билеушілерінің киімдері неге өзгеше? Біздің сұл­тандардың бастарында мұрақ, ал оларда ала сәл­де. Неге бұлай?

– Моғолстанның оңтүстік өңірлерінде ис­ламның ықпалы күшті болды. Өйткені Түр­кістан өңіріне Қожа Ахмет Яссауидің со­пылық ілімі ықпал жасады. Бұл – нақшбандия сопылары дамытқан ілім. Нақшбандия деген – осы сопылық ілімді негіздеген кісі. Сопы­лық ілімнің ықпалына Қасым хан да, Бұрын­дық та қатты түскен. Қазақ хандары осы со­пы­лық ілімнен рухтанған. Қазақ хандарының қа­сында қожалар рухани кеңесші болған. Біздің қазақ руларының көбінің шежіресі қо­жалардан басталады ғой. Оның себебі, қо­жалар Қазақ хандарының жанында отырып, қазақтың шежіресін жазған. Осылайша, қо­жалар біздің рулық шежіремізге ықпал етті.

Сайрам, Түркістан өңіріндегі қай­рат­керлердің бастарына сәлде орап, мұсылманша киінуі өте дұрыс. Бұл жерде фильмді көркем­деу­ші – суретшілер өте орынды шешім жаса­ған. Бізге ислам сол жақтан келді. Қазақ хан­дары ислам дінімен өмір сүрді. Ислам діні Қа­зақ хандығын біріктірді. Оның ішінде со­пылық ілім күшті болды. Қазір Яссауиді еш­кім насихаттамайды. Бірақ нақшбандия со­пы­л­арының ілімі Қазақ хандығының рухын кө­теретін рухани құрал болды.

– Фильмдегі ноғайлар туралы не айтасыз? Но­ғайлардың Қазақ хандығына қосылуы жай­лы көріністер шынайы тарихпен қабыса ма?

– Өте дұрыс. Өйткені олардың өлеңдері­нен ноғайлының сарындары естіледі. «Едіге ба­тыр», «Ер Тарғын», «Қырымның қырық ба­тыры» жырларының бәрі ноғайлы жырлары деп аталды. Коммунистік партия кезінде но­ғай­лы жырларына тыйым салды. Өйткені Но­ғайлы хандығы Мәскеуге қауіп төндірген. Но­ғайлылар кімдер? Олар кейін Қазақ хан­дығына қосылып қазақ болған халық. Но­ғайлылар көрнекті қайраткер Ноғайдың аты­мен аталған. Кіші жүз руларының үштен екі­сі ноғайлының қол астында болған. Сон­дықтан ноғайлының бірде қазақ, бірде ноғай, бір­де маңғыт болып жүрген кездері көп. Маң­ғыт деген – ноғайлы. Қарақалпақтардың түп тамыры маңғыттардан шығады. Ал маңғыттар но­ғайлы бірлестігінің ең күшті руы болған.

Есенберлинде Қазақ елі жоқ, қазақтың рулары бар

Тарихшы Берекет Кәрібаев фильмді Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылышымен, салыстыра отырып көргенін жасырмады. 

– Қазақ хандығының құрылу тарихының әр­бір эпизоды есімде. Сол себепті «Алмас қы­лыш» фильмін сонымен салыстырып оты­рып көрдім. Киноның желісі Ілияс Есен­бер­линнің «Алмас қылыш» романының не­гі­зін­де алынған екен. Есенберлиннің бұл кіта­бы 50-60-жылдары өте керемет шығарма бол­ды. Себебі, ол жылдары қазақтың ор­тағасырлық тарихнамасы сол деңгейде бо­латын. Алайда одан бері жарты ғасыр, алпыс жыл өтті. Ал­пыс жылда біздің тарих ғылымы дамыды, бұрын­ғы концепциялар ескірді. Ол Есен­бер­линнің кінәсі емес. Тарих ғылым­ы­ның жет­кен жетістігі сондай болатын. 

Орыс мемлекеті қалай құрылды? Ша­шы­раңқы орыс княз­дық­тарының негізінде құ­рыл­ды. Есен­бер­линде де сон­­дай, қазақ халқы, Қа­­зақ елі жоқ. Бірақ қа­зақ­тың рулары бар. Со­лар­дың бәрін бірік­­тіріп барып қазақ халқы құ­рылды дейді. Олай емес. Әбілқайыр хан бол­ған ке­зін­де Маң­ғыт, Шай­­­бан және Орда Ежен деген үш ұлыс бол­ды. 

Әбілқайыр 1457 жылы Өзтемір бастаған ой­раттардан жеңілді. Осы шайқасқа дейін Әбілқайырдан Маңғыт ұлысы бөлініп кеткен. Маңғыттың Нұраддиннен туған ұлы Уақас деген биі болған. Уақас пен Әбілқайыр екеуі­нің достығы керемет болған. Уақас би Әбіл­қайырды үш рет таққа отырғызған. Алайда 1449 жылы Уақас би өлгеннен кейін ұлдары Жаң­быршы, Хорезми бек, Мұса Әбілқайыр­дың қол астында болғысы келмей, іргесін бө­лек салады.Бұл – Әбілқайыр мемлекетіндегі бі­рінші бөлініс болатын. 

Ал екінші бөлініс 1457 жылы болған. Фи­льм­де кейбір оқиғалар алмасып кетіпті. Ал­ғашқы эпизодта Керей мен Жәнібек ой­рат­тармен соғысып жатыр, екі батыр ма десем, екі сұлтан екен. Осы кезде ойраттар Әбіл­қайыр­дың үш жасар немересін аманатқа алып ке­теді. Бұған Шайбан ұлысының ішінен Бе­ре­ке сұлтан қарсы шығады. Хиуа хандығының арғы аталары осы Береке сұлтаннан таралады. Береке сұлтан: «О заманда бұ заман хан кә­пір­ге баласын аманатқа бермейді. Хан Ал­ланың жердегі көлеңкесі» деп Әбілқайырға өк­пелеп, Жәдігерді хан қылады. Себебі, Өз­те­мір мұсылман емес болатын. Сөйтіп, Шай­бан ұлысы екіге бөлінеді.

Ал Керей мен Жәнібектің бөлінісі мүлдем бас­қаша. Сондықтан фильмді Қобыланды ба­тырдың Ақжол биді өлтіргенінен бастап оқи­ғаны дамыту керек еді. Қазақ даласындағы ру-тайпалық талас арғын Ақжол биді Керей мен Жәнібектің, Қобыландыны Әбіл­қайыр­дың қолдап отырғанынан басталды. Сөйтіп, екі арадағы дау-дамай жарылысқа алып келу ке­рек еді.

Сосын тағы бір мәселе – жер туралы. Мо­ғолстанның ханы Есенбұға Керей мен Жә­нібекті жақсы көргеннен жер берген жоқ. Оның да жағдайы мүшкіл болатын. Қалмақтар алқымынан алды, туған інісі ағасымен араз бол­ды. Фильмде сол жағын да көрсету керек еді. Жалпы деректерде Бұрындық Керейдің жал­ғыз баласы болғаны айтылады. Ал Жә­нібектің Қасымнан басқа тоғыз ұлы болған. Бәрі сұлтандар, батырлар еді. Соларды да ки­нода көрсетсе, тамаша болар еді.

Географиялық жағынан келгенде Мо­ғол­стан мемлекеті Шығыс Түркістан, Қыр­ғыз­стан және қазіргі Жетісу секілді үш тарихи ай­мақтан тұрды. Осы үшеуі Моғолстан деп атал­ды. Керей мен Жәнібек Моғолстанға бар­ды деп айтылғанмен, олар Жетісуға келді. Кейін ХVІ ғасырдың 40-50 жылдары Қазақ хан­дығы мен Моғолстанның арасында қыр­ғыз мәселесі бойынша соғыс болды. Сол со­ғыс Хақназардың кезіне дейін жалғасты. Ақы­рында қырғыздар қазақтармен одақта­сып, Моғолстанның шеңберінен тыс қалды. 


– Фильмге сценарий жазған кезде Берекет Кәрібаевтың еңбектерін оқып, пайдаландым. «Қазақ хандығы» кітабының үлкен пайдасы тиді. Жалпы, «Алмас қылыш» фильмі ұлы тарихқа кіріспе деуге болады. Біз бұл жерде Қасым ханның отыз жылдық соғысына дайындық жасадық. Қасым мен Бұрындықтың арасындағы жағдай, Қасымның Сығанақты алуы, бұларды құрту үшін Әбілқайырдың аттануы секілді тарихтың бәрі алда. Біз соны арман етіп отырмыз. Фильмнің Алматыдағы Республика сарайында өткен көрсетіліміне Елбасының өзі келуі керек еді. Мен сонда «қызуымыз басылмай тұрған кезде фильмді әрі қарай жалғастырайық» деген ұсынысымды айтпақшы едім. 

Тағы бір қосарым, кинода қазақ өзбектен қашып ұйғырдың қолтығына тығылған жоқ. Қазақ өзбектен қашқан жоқ, өзінен-өзі қашты. Диктатордан қашты. Моғолстанның Алмалық қаласы қазіргі Шығыс Түркістанда. Ол кезде ұйғырлардың бір бөлігі Моғолстанға қарады. Олар үлкен мемлекет болды. Оның патшасы ұйғыр емес, төре. Шағатайдың ұрпағы болатын. Фильмде бес-алты қыз билегені үшін оларды ұйғыр деп айтуға болмайды. Ол жаңсақ айтылған пікір. Біз осы мәселе көтерілетінін ескеріп, ұйғырларды фильмде тараншы деп бердік. Моғолстан құрамында тараншылар болғаны рас. Фильмде билеп тұрған қыздар – солардың бүгінгі көрінісі.

Смағұл ЕЛУБАЙ, 
жазушы 


Түйін:

Жақсылығы бар, жетістігі де жетерлік, кемшіліктен де кенде емес... Ең бастысы – өз тарихымыз туралы киноны өзіміз түсірдік. Тарихи сериалдың басы! «Көш – жүре түзеледі» деген халқымыз. Бәрі де ретімен болар. Тек бір ескерте кететін нәрсе – сын айтылса, ер-тоқымымызды бауырға алып туламай, қабылдай білу де мәдениеттіліктің белгісі. Жанашырлықтан туған, айтылған пікірлер келешекте қателеспеу үшін де керек болады. «Алмас қылыш» қазақ хандығы туралы фильмнің басы ғана, «жанталасқа» түсетін қазақ хандарының рухын көрсететін кино жалғасады деген үміттеміз. Қазақтың тарихы ұлтымызға керек. Ұлттық кино да елдің рухын ояту үшін қажет. Осындай «қажеттердің» орнын түгелдейтін заман жетті. 

Гүлзина БЕКТАС, Серікбол ХАСАН

"Айқын" газеті

1 пікір

  • келешек көрерменіДүйсенбі, 09.01.2017

    Алмас қылыш жалпы хан әулетін сипаттаған кітап еді.қарапайым халық туралы ештеңе жоқ,қазақ батырлары жоқтың қасы еді.Сценерист қалай жазды екен,Келешек ұғатындай ілім барма,әлде сол қалпы,ханды аса ақылды,көрсетіп,халықты жамыраған қой қалпында
    қалды ма ?

Пікір қалдыру

БАННЕР