14 жел, 2018 сағат 09:32

Аллажар (фильмнің толық нұсқасы)

Иә, «Аллажар» фильмі 1988 жылдан бастап 1996 жылға дейін түсірілді. «Бұл фильмді «Аллажар» деп атамағанымда сол кездегі қиын-қыстау заманда тағдыры басқаша болатын еді. Фильмді Алла атымен атағандықтан да, көптеген қиындықтардан аман өтті, – дейді фильмнің режиссері Қалдыбай Әбенов. – Атауын діни тақырыпта қойғаныма наразы болғандар табылды. Адам баласы қиналған кезде Алланы еске алып: «Я, Алла өзің жар бола көр!» – деп тілейді емес пе? Кешегі Желтоқсан көтерілісінде Қайрат, Ләззат, Ербол, Сәбирадай жастарымыз да Алладан медет сұрады. Фильмді бұлай атауымның тағы бір себебін айтайын. Актерлар қақаған қыста жалаң-аяқ ойнады. Бірақ, бір ғажабы, ешқайсысы ауырмақ түгілі, бірде-бір рет түшкірген жоқ. Бұл Алланың жіберген көмегі емей немене? Тағы бір қызығы, фильм сәуір, мамыр айларында түсірілді. Ал бізге жастардың қарды жалаңаяқ кешетін эпизодтары қажет болатын. Құдайдың кереметін қарамайсыз ба, мамырда қар жауып, тағы да айымыз оңынан туды. Міне, осыларды ескере келіп, фильмді «Аллажар» деп атадық.