#
#
Сейсенбі 21/11/2017

Әлихан Бөкейханның педагогикалық көзқарастары

  • 03.11.2017
  • 1
  • 1420

1919 жылы 4 сәуірде В.И.Лениннің өзі қол қойған Бүкіл Одақтық Атқару комитетінің (БОАК) қаулысымен алашордашыларға кешірім жасалынды. Мақсат: сол кездегі билік басындағы большевиктік өкіметте білімді адамдардың аз болуына байланысты, Алаштың білімді мамандарын Кеңес өкіметі жағына шығару еді. Әлекеңнің өз сөзімен айтқанда: «Найзаның ұшы, айбалтаның жүзімен» Кеңес өкіметіне қызмет етуден бас тартқан Әлихан Бөкейхан 1922 жылдың күзінде Мәскеуге жер аударылады.

Әлихан Бөкейхан Кеңес өкіметіне қызмет етуден бас тартқанымен қазақ еліне, Алашына қызмет етуді борышым деп санады. Мәскеуге жер аударылса да, елінен хабар үзбеген Әлихан жат жерде жүріп, ұлт зиялыларының басын біріктіре отырып, халқының ұлттық өнерін, мәдениетін, әдебиетін, білімін өркендету жолында еңбек етеді.

Большевиктік қызметке белгілі мақсатпен араласа бастаған А.Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, С.Садуақасұлы сынды әріптестері арқылы Ә.Бөкейхан Қазақстандағы саяси-қоғамдық, мәдени, әдеби процестерге бағыт-бағдар беріп, басшылық жасауды жалғастыра береді. Әлихан Бөкейханның тікелей басшылық нұсқауымен С.Асфендияров өзінің ғылыми еңбектерін, ғұлама ғалым А.Байтұрсынұлы өзінің әйгілі лингвистикалық еңбектері «Тіл құралы», «Әдебиет танытқыш» Ж.Аймауытұлы «Психология», М.Жұмабайұлы «Педагогика» секілді ғылыми еңбектерін жазса, сол кездегі жап жас жігіт Қаныш Сәтбаев орта мектепке арналған «Алгебра» оқулығын жазып шықты. Осы кездегі Әлекең бастаған қазақ зиялыларының атқарған ролін ағылшын ғалымдары: «Около дести лет, вплоть до начало 30-х годов, члены Алашорды сохраняли почти полный контроль над образованием, прессой и издательским делом в Казахстане, следуя единственной цели придать советской Казахской культуре отчетливо национальный» деп, сол кездегі тарихи ақиқатты шыншылдықпен сипаттайды. Иә, сол кездегі ұлт зиялыларының алдындағы кезек күттірмейтін ең күрделі де өзекті мәселе – бұл ұлттық ерекшелік пен құндылықтарды негізге ала отырып, ғылымға білім мен мәдениетке ұлттық бояу, ұлттық нақыш беру еді. Бұл игі істің бастауында өз халқын жан-тәнімен сүйген ұлт көсемі, қазақ халқының аяулы перзенті, энциклопедист-ғалым Әлихан Бөкейхан тұрады.

Мәскеуде айдауда болған өмірінің осы тұсында Ә.Бөкейхан өзінің педагогикалық танымын айқындайтын ғылыми еңбегін және мектеп мұғалімдеріне қосымша ғылыми көмек ретінде «Пыланеттер», «Луи Пастер», «Білім күші» және саяси гуманистік көзқарасын айқындайтын «Хахас» атты мақалаларын жазады.

Ғұлама ғалым Әлихан Бөкейханға педагогикалық еңбек етене жақын еді. Себебі, Әлекең 1894 жылы Санкт-Петербургтегі Орман институтын орман экономикасы мамандығы бойынша бітіріп, сол жылы Омбы қаласындағы төменгі дәрежелі Орман мектебіне жұмысқа қабылданған соң, мектепте екі жылдай өз мамандығы бойынша дәріс оқып, сабақ береді.

«Серуен жасап зерттеу әдісі» ғылыми еңбегінде көрсетілген ғылыми-педагогикалық тәсілдерді Ә.Бөкейхан біреуден естуі бойынша, болмаса әр ғалымда болатын ғылыми түйсік арқылы жазған жоқ. Ол педагогикалық жұмыспен тікелей өзі айналысқан 1894-96 жылдары кезіндегі тәжірибесіне және теориялық ғылыми даярлығына сүйенді деп толық сеніммен айта аламыз. Себебі, еңбек соншалықты қарапайым, әрбір мұғалімге түсінікті және биік дәрежелі ғылыми негізде жазылған. Еңбек оқушы балалармен тікелей араласып, сабақ беретін мектеп мұғалімдеріне ғылыми методикалық нұсқау іспеттес. Еңбекте Ә.Бөкейхан бірінші кезекте көзбен көріп, қолмен ұстаған тәжірибеге сүйенеді.

«Серуен жасап зерттеу әдісі» еңбегінде Әлихан Бөкейхан: «Шын білім тәжірибеде ғана туады. Білім жолының негізі – тәжірибия. Жаттап алып білген білім мектептің табалдырығын аттай бере естен шығады да ұмытылады. Қандай жақсы кітап болса да, кітап кісінің сөзі, оны біреу тапқан. Аңда жүріп кісі байлаған түлкі, өзің қуып алған түлкіге жетпейді» - дейді.

Білімді игеруде ең бірінші кезекте тәжірибеге сүйену керек. Қандай жақсы кітап болса да ол біреудың сөзі яғни теория. Ал, көзбен көріп, қолмен ұстап, тәжірибе арқылы өзінің көзі жетіп, еңбегімен, өз бетінше өзі тапқан білімге еш нәрсе жетпейді, - деген ойды Ә.Бөкейхан сол кездегі мұғалім мен оқушының тұрмысы мен пайым түсінігіне лайықтап «Өзің қуып алған түлкіге жетпейді» - деп түсіндіреді.

«Білім анасы – тәжірибә» деген Әлихан Бөкейхан: « Жерді, ауаны,суды, жанды, жансыз өзімізді қамап алған затты тану тәжірибемен ғана болады. Бұ туралы тәжірибә көзбен көрген, қолмен ұстағаннан басталады. Ақыл зерек тексеріп, тергеп, терең бойлап тоқып, кестелеп көзбен көргеннен қолмен ұстағаннан қорытынды шығарады. Бұ неше сыннан өтіп, таспадай сыдырылып, таяқтай жонылып, білім негізі болып шығады. Бұ жол жанама жолы емес, тәжірибә жолы. Тәжірибә жолымен білімге шыққан адам білгенін көріне бірге ала кіреді. Тәжірибесіз білімде негіз де жоқ, бет те жоқ. Білім анасы тәжірибә! Баланы баулыған оқытушы білім үйретпек болса, жаттаманы талақ қылады да тәжірибә жолына түсіреді. Оқытушы ісіне шебер болса, өзі де балалар да табиғатты әліппедей оқып, аты бәйгеден келіп, бүркіті түлкі алғандай қызыққа батады да қуанады. Бала оқуға күйі түскен қаршығадай түлеп ұшады», - дейді.

Практик-ғалым Ә.Бөкейханның айтуынша мұғалім оқушының сабаққа ынтасы мен қызығушылығын арттыру үшін, жалаң теория, жаттанды сөзді тастап, оқытушының әрбір сабағы сыртқы ортамен, өмірмен тығыз байланысты болуы шарт. Бұл іс мұғалімнің шеберлігіне байланысты.

Ауылдағы мектепте табиғат тану тәжірибесін мынадан бастайды,- деген ғалым, «Серуен жасап зерттеу әдісі» еңбегінде өте бір қызықты жағдайды баяндайды.

Май айында қолында лупасы бар мұғалім оқушылармен серуенге шығады. Олар келе жатып тобылғының сабағында жабысқан тарыдай түймешек дақтарды көреді.

Бұл не? -деген мұғалім сұрағына балалар; Бұл жыланның сілекейі, – деп жауап береді. Мұғалім балаларға лупамен сілекейді көрсетеді де, бұл жыланның сілекейі емес, көбелектің жұмыртқасы деп жауап беріп, осы жұмыртқадан көбелектің қалай шыққанын бақылаймыз,-дейді.

Тобылғыны белгілеген балалар үйіне қайтады. Балалар сілекейден көбелек пайда болғанға дейінгі өзгерістерді күнде келіп бақылап, өз көздерімен көреді. Ең соңында мұғалім: Балалар, көрдіңдер ме біз:

  1. Шиден жыланның сілекейі секілді нәрсені көрдік.
  2. Ол бірнеше күннен соң жұмыртқа болып шықты.
  3. Жұмыртқа толғанып жұлдыз құртқа айналды.
  4. Жұлдыз құрт өсіп бұршақ болды.
  5. Бұршақтан көбелек шықты.

Осы жағдайдың бәрін өз көздеріңмен көрдіңдер. Көбелектің бәрі де осы біз тәжірибелеген жолмен өсіп өнеді – деген мұғалім, көбелектің қандай түрлері бар және олар қандай жерде өмір сүретінін түсіндіріп өтеді.

Әлхан Бөкейханның «Серуен жасап зерттеу әдісі» еңбегі өте қарапайым тілде жазылып, мұғалім мен оқушылардың  қарым – қатынасы және табиғаттағы күнделікті жағдай суреттелген секілді. Бұл еңбектің сырт көрінісі ғана. Ал, шындығына келгенде еңбекте баланың жан-жүйесіндегі ұғымдық өзгерістері мен мұғалімнің кәсіби шеберлігі ғылыми жолмен баяндалған.

Қай заманда да мұғалімнің ең басты міндеті оқушыларға қоғам мен қоршаған ортаны таныстыра отырып, баланы өздігінен ойлана алуға және сол ойлану арқылы оқушы баланы белгілі бір шешімге келе алуға үйрету.

Аса жауапты осы күрделі мәселені Ә.Бөкейхан өзінің ғылыми еңбегінде қалай шешеді? Енді осыған келейік. Еңбекте айтылғандай, мұғалім балаларды ертіп далаға серуенге шығады. Серуенге шыққан бала өзін қоршаған туған табиғатын көріп қиялға берілуі табиғи жағдай.

Қиял – көру, естуден жалпы суреттеулерден жасалынатын психологиялық процесс. Қиялға берілген бала мұғалімнің көрсетуімен тобылғының сабағында жабысқан ақтаған тарыдай түймешек  дақтарды көріп әсерленеді яғни тарыдай түймешек дақтар балаға әсер етті. Әсерленген бала түймешек дақтарды сыртқы сынына қарап, жыланның сілекейі, -деген жалпы аналогиялық ойға келеді. Мұғалім: «Бұл жыланның сілекейі емес, көбелектің  жұмыртқасы,»- деген соң, бала жыланның сілекейі емес, көбелектің жұмыртқасы туралы ойлап, жалпыдан жалқыға яғни дедукациялық ойдан индукциялық ойға көшеді.

Оқушылар көбелектің жұмыртқадан қалай өсіп шыққанын көріп білген соң ой қорытып, шешім шығарады. Оқушыдағы осы шешім оның дағдылы біліміне айналады. Шешім арқылы өз көзқарасы қалыптасқан балада саналы тұлға қалыптасу процесі басталады. Жеке тұлғаны қалыптастыруда негізгі ролді білім алады. Білім тәжірибе арқылы келеді.

Ал, мұғалімнің шеберлігі сонда, ол зерттеу кезінде балаларға дұрыс бағыт-бағдар беріп оқушылардың тәжірибе арқылы өздігінен ой қорытып, шешім шығарып, тұлға болып қалыптасуына жағдай жасап, ықпал етіп тұр.

Ә.Бөкейханның «Серуен жасап зерттеу әдісі» еңбегінде жоғарыдағы біз келтірген «қиялдау», «әсерлену», «ой қорыту», «шешім шығару», «дағдыға айналдыру»,

 « көзқарас қалыптастыру» секілді психологиялық ғылыми терминдер кездеспейді. Неге? Себебі, бұл еңбек жазылған тұстағы мұғалімдердің педагогикалық шеберлігі мен білімі өте саяз болатын. Олардың көбі сауат ашудың қысқа мерзімді курстарын бітіргендер еді. Осы жағдайды терең түсінген практик-педагог Ә.Бөкейхан өз еңбегіне ғылыми терминсіз жеңіл тілмен жазса да, ғалым, баланың жан-жүйесінде кезекпен сатылап болатын өзгерістерді көзге көрінбейтін сызықтармен рет-ретімен әдемі бейнелеген.

Бұл жағдай шамалы ғана ғылыми даярлығы бар көзі қарақты әрбір оқушыға тайға таңба басқандай айқын көрініп тұр. Ә.Бөкейханның  ғалым ретіндегі ұлылығы осында болса керек.

Барлық жағдайдан білімді басты орынға шығарған Әлихан Бөкейхан өзінің «Білім күші» атты ғылыми мақаласында: «Өткен дүние соғысында білім жеңді» - дей келіп: «Франсияда Луи Пастер құрған білім ұясы – Пастер институты бар. Мұнда не қылатынды осы санда жаздық.  Енді осы білім ұясында оба, сүзектің ұрығын бомбаға салуды тапқан. Бұл бомбаны айропланмен жаудың жеріне апарып тастап, майданда жоқ, сыртта жатқан жалпақ елді айропланмен жаудың жеріне апарып тастап, майданда жоқ, сыртта жатқан жалпақ елді айропланмен қырмақ. Білімге жақсы да, жаман да жоқ. Білім алмас қанжар. Кім қолына алса, соның қолы салып қалса, жақсы-жаманды айырмай басты алып түседі. «Адам баласы – хайуанның ең ант атқаны» деген Достоевскийдің сөзін Европа дәлелдеді білем» - деп жазды.

Атын атап анықтап жазбаса да бұл жерде Достоевский пікірін қолдаған Ә.Бөкейханның «Ғылым адамзаттың игілігі мен өркениет жолына қызмет ету керек» - деген астарлы ойы ғылыми еңбекте көзге айқын көрініп тұр.

«Тәрбиесіз келген білім адамзатқа тек қана қасірет әкеледі,» -деген ұлы ойшыл философ Әл-Фарабидің еңбегімен Әлихан Бөкейхан таныс болды ма, болмады ма ол жағы  бізге беймәлім, дегенмен де дәл осы жерде білім мен ғылым жетістігін адамзат өркениеті үшін пайдалану керек деген Ә.Бөкейханның гуманистік көзқарасы айқын білінеді.

Ғылым жетістігін пайдалануда ХХ ғасыр басында айтқан Әлихан Бөкейханның осы бір гуманистік ойы жарты ғасырдан астам уақыт өткенде заманымыздың ұлы физик ғалымдары А.Эйнштейн, Кельдыш, Сахровтардың ғылыми еңбектерінде көрініс табуы, Ә.Бөкейханның ғылыми түйсігі мен ой-пікірінің қаншалықты терең болғанының айқын дәлелі.

Ә.Бөкейханның «Білім күші атты» ғылыми мақаласын оқып отырғанымызда білім мен ғылым адамзатқа жақсылық әкелетін өркениет жолында қызмет жасауы шарт, -деген тәрбиелік ойын анық ұғамыз.

Білім адамға қоршаған орта мен жаратылысты түсіндіретін ұлы күш. Жаратылысты тануда білімді басты орынға шығарған Әлихан Бөкейхан өзінің «Мұғлімдерге хат», «Пыланеттер» еңбегінде: «Сөйтіп, адам қоғамының білімі арта келе, адам қоғамы жаратылысты дұрыс түсіне келе діннің де көбесі сөгіліп, құйысқаны босай бермек. Оқытушылардың мұндай мәселелерді балаларға түсіндіре беруі аса қажет нәрсе,» -деп, адам санасындағы діни-догмалық пікірге ғылыми пікірді ашық қарсы қояды. Жаратылысты оқушы шәкірттерге ғылым арқылы, ғылымның жетісітігі арқылы түсіндіруді Әлихан Бөкейхан оқытушы мұғалімдерден ашық талап еткен.

Педагогика – тарихы тереңде жатқан көп салалы ғылым. Әлихан Бөкейхан педагогика ғылымын жан-жақты терең зерттеген ғалым десек қателесеміз. Қателескенде де, шығандап бір бүйірге теріс кетеміз. Десек те, Әлиханның танымдық ғылыми еңбектерінің барлығында да, оның педагогикалық – гуманистік көзқарасы кейде көзге айқын көрінетін, кейде көзге анық көрінбейтін астарлы ойлар арқылы көрініс тапқан.

Әлихан Бөкейханның педагогикалық-ғылыми танымдық еңбектерін жүйелей келе төмендегідей ой қорытындысын тұжырымдаймыз. Әлихан Бөкейханның ғылыми тұрғыдағы педагогикалық көзқарасы бойынша:

1. Адам жаратылыс пен қоғамды ғылым арқылы түсінуі керек. Ол үшін білім қоғамда басты орында болуы шарт.

2. Білім беруде ең басты тұлға – мұғалім. Сондықтан да мұғалімге көптеген міндеттер жүктеледі. Олар:

а)  Мұғалім жан-жақты терең білімді және өз ісінің шебері болуы керек.

ә)  Білім беретін мұғалім сабағын ұйымдастыра білуі шарт.

б) Мұғалім үйретіп, түсіндіретін сабақтың мақсаты және сол мақсатқа жету жолындағы мұғалімнің нақты іс-жоспары болуы шарт.

в) Мұғалімнің ең басты мақсаты: қоршаған орта мен қоғамды тануда өзіндік көзқарасы мен жеке пікірі бар тұлға қалыптастыру, - болып табылуы керек.

3. Білім балаға қоршаған орта мен табиғи заңдылықтарды білу мақсатында берілуі       шарт.

4. Білім балаға өзі үйренген табиғи ортада ұлттық ерекшеліктерді сақтау арқылы берілуі шарт.

5. Білім жаттанды жолмен емес, баланың көзін жеткізіп, тәжірибе арқылы көрсете отырып,берілуі шарт. Жаттанды білім тез ұмытылады.

6. Білім беруде баланың ойын оңайдан күрделіге қарай, жалқыдан жалпыға қарай

(индукция және дедукция) жетелей отырып, шәкіртті дұрыс ойлана алуға уйрету керек.

7. Тәрбие мен білім шәкіртке қатар берілуі шарт.

Әлихан Бөкейханның педагогикалық  пікір мен көзқарасы, ғалымның ғылыми- танымдық еңбектерінде қарапайым тілмен баяндалса да, олар қоршаған орта һәм ақиқат өмірімен тығыз байланысты. Ұлттық психологиялық құндылықтар терең қамтылған Әлихан Бөкейханның танымдық еңбектерінің ғылыми негізінің аса жоғарлығы бірден көзге түседі. Осы тұрғыдан келгенде ұлттық – педагогикалық концепцияның ғылыми негізін салушы, ұлы ғалым Әлихан Бөкейхан деген ойды үлкен сеніммен айта аламыз.

Тәуелсіз мемлекет болғанымызға 25 жыл толса  да, біз осы күнге дейін білім беруде өзіміздің ұлттық концепциямызды жасай алмай отырған елміз. Бүгінгі күннің ең өзекті де басты міндеті, ол – білім берудің ұлттық концепциясын жасау!

Еліміздегі білім берудің ұлттық концепциясын жасау жолында, ұлы ойшыл ғалымымыз Әлихан Бөкейханның педагогикалық көзқарасы мен пікірі бізге жол көрсететін бағдаршам болуға тиіс дүние екендігі айдан анық ақиқат!

Н.Маханов

ОҚО, Созақ ауданы, Таукент поселкесі,

І.Кеңесбаев атындағы жалпы орта мектебі

Әдебиеттер:

Әлихан Бөкейхан. Таңдамалы. «Қазақ энциклопедиясы»

Бас редакциясы:Алматы, 1995.

Байтұрсынов А. Ақ жол. -Алматы,1991.

 Мағжан Жұмабаев. Педагогика. –«Рауан» Алматы,1993.

Сұлтан Хан Аққұлы. Әлихан Бөкейхан. «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры. -Алматы,2016.

Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді. -Алматы,1994.

1 пікір

  • ХАЛЫҚСенбі, 04.11.2017

    Совет-Хан Ғаббасов.

    САҒЫНЫШ.
    Сағыныш тербеп жүректі,
    Сарғаюменен күн өтті.
    Мұхиттай шексіз уақыт,
    Санамнан шаймас бейнеңді...

    қайырмасы: А - а - а - а - а - а...
    Армандар қандай көп еді,
    Бақтым-сәулем - деп енді...
    Оянам таңда жан құрбым...
    Үміттің оты сөнбепті...

    Сағыныш әлде арман ба ?..
    Сағымдай ойнап құбылған...
    Өмірдің өзі қызық-ау...
    Аңсаумен толқып жылынған ?!.,

    ҚАЙЫРМАСЫ.

    Мұңайып кейде жүргенде,
    Сағыныш толат кеудеме...
    Алысқа кеткен АҚҚУЫМ...
    Сұңқылдап қайта жеткен бе ?!..

    ҚАЙЫРМАСЫ.

    1991ж.

Пікір қалдыру

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар