27 сәу, 2016 сағат 20:04

Әлихан Бөкейхан: Түрiк затты халықта бiздiң қазақтай бiр жерде тiзе қосып отырған ел жоқ

Алаш – этноним ғана емес, ұлттық сая­си-рухани серпілу атауы. Оның қалып­тасуы мен дамуында, Ә.Бөкейхан қадір­леген Нарманбет ақын айтқандай, «елдің миы мен жүрегі» бар.

1907-1917 жылдар аралығында пат­ша­л­ық Ресей қазақ жерiн отарлау сая­сатын одан әрi жүргiздi. Халықтың жа­най­­­қайы, Қарқаралыдан, Лепсiден, тағы басқа алаш жерiнен патшаға 1905 жылы жiберiлген петициялар шаң қауып жатты. Петербор газет-журналдарында 1906-1910 жылдары жарияланған Әлихан Бөкейхан, Мұхаметжан Тынышбайұлы мақалалары, қырым татарларының «Тәржiман», татардың «Дiн уа магишат», «Ихтисад», «Шора», «Уақыт», «Жұлдыз», т.б. басылымдарындағы материал­дар әдiлетсiздiктi әшкерелегенiмен, басқару аппараты оларды қаперiне де алмады. Орынборда шығатын «Уақыт» газетi «Бiздiң 8-12 жасар балаларымызды орыс школдарына апаруды мiндеттесе, мектебiмiз өзiнен-өзi құрдымға кетедi. …Бiз өз мүддемiздi қорғауымыз қажет, әйтпесе келешегiмiз аянышты болмақ. Бiзге ана тiлi, төл мектеп, өз дiнiмiз керек. Ұлтымыз осылай деп жар салуы қажет», – деп жазды.

Ендi бiрде осы басылым тiкелей қазақ тағдырына қатысты «Мұсылман қазақ­тардың халi тым ауыр. Асыра айтқандық емес, қазiр саны 7 миллион осы милләт өмiр, не өлiм деп күресуде. Жыл сайын переселендiк саясат олардың 1.000.000 десятина жерiн тартып алып, өздерiн таулы-тасты, құнарсыз жерге қуып жатыр. Рас, патша жарлығымен қазақтарды жермен қамтамасыз ету қаралған-ды. Бiрақ берiл­мек болып отырған 15 десятина жер қазақ­қа өте аздық етедi. Сондықтан олар бұдан бас тартты», – дегендi хабарлап қазақ­тардың отырықшы болуына тiлек­тес­тiгiн бiлдiредi. «Отырықшылық – мәде­ниет пен ынтымақтың негiзi» дейдi «Уақыт».

Қазаққа қатысуға хұқық берiлмеген 1906 жылдан кейiн шақырылған Мем­лекеттiк Думаларда мұсылман депутат­тар (мысалы, 15.11.1912 жылы шақы­рыл­ған IV Думада 6-ақ мұсылман болды) қал-қадерiнше алаш жұртының про­б­­ле­маларын көтердi. Мысалы, III Думада Мұсылман фракциясы пересе­лен сая­саты мен жалпы бiлiм туралы заң­ды талқылауды күн тәртiбiне қойып, ха­лық үнiн үкiметке және әлемге (бұл тура­лы С.Максудовтың Лондон сапарына қатысты айтамыз) жеткiздi. Қапқаздан келген өкiл Халилбек Хасмамедов патша өкiметiнiң Қапқаз, Түркiстан, Қазақ елi бағытындағы отаршыл саясатын, переселен мекемелерiндегi содырлықты аяу­сыз сынайды. «Үкiмет жасанды түрде ұлтаралық қырғи-қабақ жағдайды тудырып, шет аймақтарда жергiлiктi халықтың ұлт-азаттық тенденциясына қарсы күресте арқа сүйейтiн күш жасақтады», – дейдi ол. III Дума депутаты С.Максудов мектепте ана тiлiнде сабақ жүргiзу мәселесiн көтердi. Сонымен қабат осы қайраткер Ресейдегi мұсылмандардың рухани iстерiн олардың Дiни басқармасымен келiсiп атқару керектiгiн ұсынды.

Ресей үшiн аса күрделi шақта жұмыс жасаған IV Думаның мұсылман фрак­циясы жанындағы бюроға (яғни депутаттарға көмекшi ынталы топ) әр кездерi Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай жәрдемдескенi мәлiм.

Әлихан Бөкейханның Петерборға баруын қазақ байлары сұраған, сөйтiп онда тұруы үшiн орталарынан қаражат жинап берген. Әлиханның дiлгiр мәселелерге арналған мақалаларының бiр бөлiгi осы Петербор сапарында хатқа түскен. Қай­раткер-қаламгер аталған уақытта им­перия астанасына бөкейлiктердiң аты­нан «белгiлi қазақ ақыны Ғұмар Қарашұлының» аманат арқалап барып, «бас министрге қағаз бергенiн» жазады.

Мемлекеттiк III және IV Думаларда қазақ жағдайын тек мұсылман депутаттары ғана айтқан жоқ. Басқа тiлеуқор азаматтар болды. Ә.Бөкейхан жазбаларынан Алаш жұртына тiлектес Дзюбинский, Волков, Виноградов, Скалозубов, Шишкин сынды депутаттардың болғанын оқимыз (Отандық тарихшыларымыз бұлар туралы зерттеу жүргiзсе артықтық етпес едi). Әрине, осы және басқа да империя орталығындағы жаңалықтар «Айқап», «Қазақ» арқылы көзi ашық жандарға жетiп жатты. Алаш жұртының, өзге де мұсылман халықтарының қиын ахуалынан шетел де хабардар болып отырды. Айталық, 1909 жылы Мемлекеттiк Думаның бiр топ депутаты Ұлыбританияға барады. Бұлардың арасында кадет серкесi П.Н.Милюков пен татар қайраткерi Садретдин Максуди болады. Елге келген соң, С.Максуди 1914 жылы «Англиеге саяхат» (Қазан, «Үмiт» электро-типографиясы) кiтап жариялайды. Осы еңбегiнде ол өзiнiң ағылшын королi VII Эдуардтың қабылдауында болғанын, ағылшын ақсүйектерiмен ұшырасқанын, басқа да әртүрлi жайды сипаттап жазады. С.Максудиге екеуара әңгiмедегi лорд Крумердiң: «Мұсылмандар батыс мәдениетiн кешiктiрмей қабылдауы керек. Сiздердiң дiндерiңiз бен бұл мәдениет қабыспайды деген түсiнiк мүлде қате. …Жоғалып кетпеймiз десеңiздер, ағарту мен мәдениетке мойын бұрыңыздар», – деген сөзi және ақсүйектер қонақасы бергенде бiр кiнәздiң: «Сiз С.Максуди емессiз бе? Бiздiң Лондон халқы Ресей Думасы депутаттарының көрнектiлерiн сырттай жақсы таниды», – деуi ерекше әсер етедi. Бұл жай сыпайылық үшiн айта салған сөз емес екенiн татар зиялысы аңғарған секiлдi. М.Шоқай «мұсылман депутаттарының ең таңдаулысы» деп бағалаған осы С.Максуди – Дума мiнберiнде қазақ секiлдi ұлттардың қамын жеп сөйлеген қайраткердiң бiрi. Ресей мұсылмандарының (оның iшiнде қазақтың бары сөзсiз) ахуалы туралы ақпардың шетелге жетуiн айғақтайтын бұл бiр ғана дерек. Басқа дәлелдер де жоқ емес. Мысалы, 1915 жылы 14 желтоқсанда француздың «Le Temps» мынандай мазмұнда хабарлама басады:

«Моңғолдар арасында

Цюрих, 13 желтоқсан.

Будапештен жеткен жеделхат Ресейдi мекендеген 20 миллион түрiк-татар мұсылмандарының — оның iшiнде 7 миллион түрiк және 6 миллион қазақ бар — өкiлi Венгрияға келгенiн хабарлайды. Делегация граф Тиссаға Едiл мен Каспий теңiзi аралығында бейтарап Қазан хандығын қалпына келтiрiп, түрiк халқының өркениетiн қорғау қажеттiгi туралы меморандум тапсырды. Делегация бұдан соң Берлинге аттанады». Осы мазмұндас хабар Петроград телеграф агенттiгiне Копенгагеннен 1915 жылы 8 желтоқсанда жолданыпты. Онда: «Делегация Венада аялдап, министр-президент Штюргк пен сыртқы iстер министрiнiң орынбасары граф Форгачтың қабылдауында болған. Олар мынандай талап хатын тапсырған:

  1. Бұхара мен Хиуаны орыс бодан­дығы­нан құтқару, оларға Түркiстанды қосу;
  2. Қазаққа саяси-әкiмшiлiк тәуелсiздiк әперу;
  3. Қазан хандығы мен Қырым хандығын қалпына келтiру. Соңғысын түрiк сұлтанының қамқорлығына беру;
  4. Едiл өзенi мен Каспий теңiзiн бейтарап деп тану».

Бұл ақпарат көзi делегация құрамында түрiктiң» «Тюрк-Юрду» газетiнiң редакторы Жүсiп Ақшора, «Фюза» газетiнiң редакторы, профессор Әли Гусейн-заде, дiнтанушы-профессор Мұхаммед Әссад Әселиб-заде, Мұқым ад-дин Бейтшаю сынды қайраткерлердiң болғанын жазыпты.

Жоғарыда келтiрiлген деректер – патша өкiметiнiң арнайы орындары хаттап алған (қолға түсiрген) дәйектердiң бiр бөлiгi ғана. Алайда, ол аз болса да, айрықша байланыстардың қалыптасқанын меңзейдi. Бiз үшiн маңыздысы – Будапешт пен Венадағы құжаттарда қазақ ұлты жайының сөз болуы. Тiптi, бұл деректерден Ә.Бөкейхан кеңесiмен Түркияға жасаған Ш.Қосшығұлұлы сапарының сiлемi мен жаңғырығын шырамытқандаймыз.

ХХ ғасырдың 10-жылдарындағы Ресей мұсылмандарының мәдени-рухани өмiрiне әсер берген оқиға 1914 жылы желтоқсанда өткен мұсылман съезi дер едiк. Осы съезден соң қазақ жәдитшiлдiгi алаштық қозғалысқа бет түзедi деуге негiз бар. Бұл жиынның ресми бағыты – майданға шыққан (I дүниежүзiлiк соғыс) әскери әлеуеттi қолдау болғанымен, мазмұны мұсылман бiрлiгiн одан әрi арттырып, халықты жаңа жағдайға байланыс­ты iс-әрекетке жұмылдыру едi. Әсiресе, осы жолы түрiк мұсылмандарының бiр тiлге көшуi нақтылай айтылды. Бұл мәртебеге үмiткер ретiнде көпшiлiк дауыспен татар-түрiк тiлi ұсынылды. Съезд алдындағы бiр мақаласында А.Байтұрсынұлы: «Оқуға керек құрал жоқ, оқыта бiлетiн мұғалiмдер аз. Сонда да қазақша хат бiлушiлердiң процентi мұжықтардан жоғары», – деп жазып, мұсылман оқуының жаңғыруына үмiт артып едi. Ендi татар зиялыларының амалсыздықтан ұстанған позициясы қазақ оқығандарының басым бөлiгiн тiксiндiрдi. Бұл И.Гаспринскийдiң «тiлде бiрлiк» концепциясын жалаң түсiну секiлдi болып көрiндi. Сондықтан Ә.Бөкейхан: «Түрiк затты халықта бiздiң қазақтай бiр жерде тiзе қосып қалың отырған iргелi ел жоқ. Бiздiң тiлдi бiздiң қазақ жерiн араламаған мұсылман бауырларымыз қайдан бiлсiн… Анық түрiк затты халық тiлi бiздiң қазақта. …Абай, Шәкәрiм, Мiржақып, Мағжандай ақыны бар, бiр жерде тiзе қосып отырған 5 миллион қазақтың тiлi қалай жоқ болады? …Бiздiң қазақ осы тiлiн тастап, татарға мiнгескенi адасқандық болар, бiз қазақ татар тiлiне шорқақпыз, татар тiлi деген тағы бiреу емес», – деп жазды бұл съезден соң (Ғалихан. Мұсылман сиезi//Қазақ, 1914, 30 ноябрь).

Съезге делегат ретiнде барған Ә.Бөкейхан осы үлкен жиыннан кейiн жал­­пы саны он «Мұсылман сиезi» атты ма­қа­лалар сериясын жариялайды. Осы еңбегiнiң әр жерiнде «сиез жабық, ұрланған себептi газета жүзiне басу­ға қалам мүжiлiп тұр», «закон жобасын мұнда жазуға уақытша қалам мүжiлiп тұр» деп жазуына қарағанда (бұл «цензор бар» деген сөз ғой), аталған мұсылман съезi көкейкестi көп мәселенi қараған болуы керек. Бұл жиында талқыланған тiл мәселесiнде Ә.Бөкейхан мен Ж.Сейдалин пiкiрi бiр жерден шықса, Б.Қаратаев, Әлиханның жазуынша, «қазақ­та тiл жоқ» дегендi айтқанға ұқсай­ды. Алайда, «Айқап» журналы жария­лаған Б.Қаратаевтың баяндамасынан (Кеңес жиылысында Қаратаевтың сөйлеген доклады// Айқап, 1914, N13.- Б. 211-214) қайраткердiң тiл туралы ойын ұшырастыра алмадық (қысқартылып басылуы мүмкiн). Мұның есесiне Бақытжан Ресейде мұсылманға қойылып отырған хұқық шектеушiлiкке ашық қарсылығын былайша жеткiзедi: «Татарлар да қазақ iшiне бұрыннан да көбiрек кiрдi, тiптi алыс кететiндерi де бар. Өз жерлерiнде дiн ғылымын оқуға болмайтын болған соң, қазақ жiгiттерi қазiрде Бұқара, Хиуа, Орынбор, Бейрут, Мәдине, Ыстанбұл, Қазан, Мысыр сықылды зор шәһәрлерге таралып кетiп оқи бастады. Оқып, оқу бiтiрiп қайтқан соң, жасырын мектеп-медресесiнiң санын көбейте бастады. …Мен қазiр елу екi жасқа келдiм, сол ғұмырымның iшiнде Русияның жиырма миллион мұсылманға сезiктену басталды. Қазiрде мұндай хәлден құтылу керек».

1914 жылғы мұсылман съезiнде С.Максуди әзiрлеп әкелген ұсыныстың көбi жиын қарарына кiредi. Мұнда оқу-бiлiм, iс-қағаздарының мұсылманша жүргiзiлу қажеттiгi, ресейлiк мұсылман рухани iстерi басшысы министрлер кеңесiне кiру керектiгi, т.б. маңызды мәселелер айтылған.

Бұл съезден кейiн қазақ жәдитшiл­дерi­нiң Алаш идеясын негiздеп, жүйелей бастауына, бiздiңше, Әлихан Бөкейхан бастаған зиялылардың өз концепция­сын дәлелдеуге ұмтылуы себеп болды. Олар тең хұқықты, құрдастықты бiрiншi кезекке қойды. Сөйтiп ақылға сай бiрлесу, дiн жолын ұстау, оқу-ағарту саласын жүйелеу жағында болды. Съезд жұмысына талдау жасаған Әлихан мақалаларындағы мына ойларға назар аударалық: 1. «Бiзге хүкiмет қырын қараса, бұған жаланы аударғаннан қазаққа не пайда. Жылап кiсi сүйкiмдi болмақ емес» (Қазақ, 9.VII. 1914); 2. «Қазақты ақ жолға саламын десек, iстiң астарын қарастыр, iстiң сырты жауға бел көрсеткен» (Қазақ, 16. VII. 1914); 3. «Ат сыры иесiне белгiлi» (Қазақ, 8. ХI. 1914); 4. «Бiздiң қазақ бұл шариғат қамытына жүрмес, шариғат жолы орыс закұнының аяғын құшып бос қалар, қазақ өз ресiмiмен ғұмыр айдаған жолмен кетер» (Қазақ, 10. ХII. 1914); 5. «Мына мұсылман сиезi мұсылман атынан iстеймiз деп байлау қылған iске қазақ болып бiрiгу керек» (Қазақ, 31. ХII. 1914).

Мұнда Ә.Бөкейхан мұсылман бiрлiгiн отаршылдықпен күрес тактикасы ретiнде және Ресей шындығындағы әлеуеттi күш ретiн­де қолдайды, алайда ояну қозғалысы кезiн­де әр ұлт өз мүмкiндiгiн, ерекшелiгiн, жағ­дайын ескеруi қажеттiгiн баса айтады (Әлихан, Ахметтердiң тiл, отырықшылық, т.б. мә­се­ле­лердегi позициясы осыдан туындады).

Алаш зиялыларының осы жиындағы негiзгi ұстанымын татардың «Уақыт» газетi Ә.Бөкейхан мен Б.Қаратаев сөзi арқылы көрсеткен екен (мұны «Айқап» көшiрiп басқан). Мұнда Әлихан: «Ендi … (қазақ халы) онан да нашарланды, бiр жағынан оларға мектептерiнде ғылым-бiлiм, өнер алуларына жол ашық емес. Мұндай жағдай қазақтардың орыстардан алыстауларына, Русияға деген наразы­лықтың өсуiне ғана себепкер болады ғой», – деп алаш жұртының заңды ашу-ызасын түсiндiрсе, Бақытжан: «Хүкiмет қырғыз-қазақ балаларын мұсылмандықтан айыруға, алыстатуға амал-айла жасап жүргендiгi үшiн олар зорланады», – деп Ә.Бөкейхан пiкiрiн толықтыра түседi (Кеңес жиылысы// Айқап, 1914, N12. — Б. 204). Осы «Уақыт» басылымы хабарынан бiз мұсылман жұмысына iшкi iстер министрi бұқаралық ақпарат құралдарын қатыстырмауға бұйрық жариялағанын оқимыз. Бұл ресми өкiметтiң аталған оқиғаға қандай мән бергенiн көрсетедi.

Әрине, татар зиялылары мен мерзiмдi басылымдары түрiк халықтарының ресми бiр тiлге көшуiн мәселе етiп күн тәртiбiне бұл съезден әлдеқайда бұрын қойған-ды. Олардың осы талабын «гегемондыққа тырмысу» дегеннен гөрi iзденiс деу ақылға сыйымды. Кезеңдiк өлшеммен қарағанда әжептәуiр мәдени (типография, газет-журнал, т.б.) игiлiктерге қол жеткiзген татар ақсүйектерi табиғи түрде өздерiн ресейлiк түрiк мұсылмандарының тағдырына жауапкермiз деп есептедi. Бұл ретте олар үшiн алты миллионға жеткен қазақ ұлты қатептi қара нар iспеттi әлеует едi. Адамзат тарихын бажайлай отырып, көшпелiлiктiң құрдымға кеткенiн, отырықшылықтың алға шыққанын бағамдаған бұлар алаш жұртына сауап iс жасағысы келдi. Бiрақ бұл кездегi қазақ көшпелiлiгi – ұлт пен жердi (жер аз емес едi) қорғайтын, яки сақтауға қауқарлы өмiр сүру формасына айналғанын татар зиялылары түсiне алмады. Сондай түсiнбестiктен олар қазақ тiлiнiң жағдайына механикалық түрде қарады (Бұл орайда тiл мен экономикалық, руханият пен қоғамдық-саяси оянулардың арақатынасын салмақ­таған бұлардың ойынан ХIХ ғасырда Ресейде жетекшi күшке айналған марксизм тұжырымымен жақындық аңға­рылады). «Шора» журналының бетiнде жарияланған осындай мақалаларға қарсы сол татар басылымының бетiнде «Қазақ» газетасының бас мухаррары» А.Байтұрсынұлы: «Бiздiң қазақтың iсi жаңа басталып келедi. Не болары бел­гiсiз. Қазақ я құрып жоқ болар, я өз тiлi­мен де өзгелердей тiршiлiк етер. 20-ыншы ғасырға шейiн түрiктiң тiлiн аздырмай асыл қалпында алып келген, тiл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиiстi. Атаның аздырмай берген мүлкiн, қолымызға алып быт-шытын шығарсақ, ол ұнамды iс болмас», – деп айтты (Байтұрсынов А. Қазақша сөз жазу­шыларға//Шора, 1913, N4. — Б. 110-113).

Ахметтiң қазақ тiлi мен қоғам өмiрi арақатынасын және тiл иммунитетiн сара­лаған пiкiр де айрықша. Ол «Шорада» басылған мақаласында былай деп жазады: «Сырттан бiрен-саран жат сөздер келсе, өз тiлiнiң қалпына түсiрiп алған – қазақ. Жат жұрттың шалығы тимесе, жазу шалығы тимесе, кәсiбi, ғұрпы өзгерiлмесе, жалғыз тiл өзгерiлдi деп айтуға тiптi жол жоқ. Қазақтың тiлi өзгерген тiл деп айтуға жол жоқ болса, емлесiн де қисық деп айтуға жол жоқ: қазақта тiлiнiң табиғатына хилаф келетiн емле жоқ. Едiлден бастап Ертiске шейiн, Оралдан бастап Ауғанға ше­йiн қазақта тiл де бiр, емле де бiр. Қой­шы, түйешi, биешi емлесi деген қазақ­та жоқ нәрсе. Тоқсандағы шалының, тоғыз­да­ғы баласының – бәрiнiң емлесi бiреу-ақ».

Ұлт тағдыры, мұсылманшылық, тiл, жер, саяси бағдар мәселесi бойынша қазақтың өз iшiнде және түрiк халықтары арасында пiкiрталас пен айтыстардың жүруiн дұрыс деп есептеген Ә.Бөкейхан 1913 жылы жазған бiр мақаласында: «Талас – дүние, ғұмыр сипаты. Талас-тартыс жоқ болса, ғұмыр айып», – деген болатын (Қыр баласы. Жауап хат//Қазақ, 1913, 1-7 сентябрь).

Мұндай пайымды, әлбетте, әлем тарихымен, философиясымен таныс, гуманист азамат қана айта алса керек. Ал ендi осы еңбегiнде Әлихан қазақ тiлi заманға iлесе ала ма, жоқ па деген сұраққа былайша жауап қайтарады: «Мiне, Қазан татары, Уфа һәм Орынбор башқұрты отырықшы, бұлардың қазақтан несi артық тарқы (прогресс – Д.Қ.) жолында. Арабстанда көшпелi араб тiлi неше жұртқа өнеге».

Мәселеге бұлайша қарау Ә.Бөкейхан­дар­дың «кез келген жолмен дәлел­деу» жағында емес, ақылмен түсiн­дiру бағы­тында болғандығын айғақтайды. Алаш зиялыларының тұжырымдамасы мен жалпы түрiк қайраткерлерiнiң көзқарасынан хабардар башқұрт азаматы Зәки Уәлиди Тоған осы «ортақ тiл» проблемасы жөнiнде естелігінде мынандай пiкiр айтады: «Бiздiң түсiнiгiмiздегi имандылық пен өнерге сәйкес келетiн ата-бабамыздан мұра болып қалған өлең-жырларды қазiр таза түрiк тiлiне түсiруiмiз қажет. Болашағы бар түрiк тiлi – қазақ тiлi. Араб-парсы сөздерi мен сөз тiркестерiн бауырына жинаған шағатай тiлi ендi осман әдебиетiнiң «диван» кезеңiнiң тiлi ретiнде тарих қойнауына кетедi» (Борьба мусульман Туркестан и других Восточных тюрок за национальное существование и культуру. – Москва: типография N12, 1997.- 334-б).

Бұл, әрине, жеке қайраткердiң пайымы. Зәки Уәлидиге Алаш зиялылары «сен осылай айт» деген жоқ. Сондықтан мұны бейтарап (нейтралды) пiкiр дей аламыз. Солай болғанның өзiнде бұл қазақтан өзге түрiк ұлты өкiлiнiң «ортақ тiл» ретiнде татар тiлiн қабылдамағанын көрсетедi. Осыдан түрiк бiрлiгiне сына қағылады деп ойлау қисынсыз едi. Өйткенi, түрiк бiрлiгi, әзербайжанның ұлтшыл қайраткерi Мехмет Эмин Расул-заде айтқандай, «саяси қозғалыс емес, ғылыми-философиялық, этикалық мектеп, яки мәдени бiрлiк жолындағы күрес амалы» едi (Расул-Заде М-Э. О пантуранизме//Тюрский мир, 1991. – 15-б.).

1915 жылы «Қазақ» газетi жоғарыда аты аталған М.Э.Расул-заденiң наурыз мейрамы орайында жазған түрiк халық­тарының жағдайы туралы мақаласын қазақ тiлiнде аударып басқан екен. Патша цензурасы тұсында жазылған осы еңбекте бiраз ой астарлап айтылады. Әзербайжан қайраткерi түрiк халықтары өмiрiнiң жаңаруын, сапалық өзгерiске аяқ басуын армандайды. Автор: «Наурыз. Атынан да белгiлi жаңа күн. Бiрақ бұл марттың тоғызы (ескiше күнтiзбе бойынша. – Д.Қ.) бiз үшiн шынымен жаңа күн болып жете ме екен? …Мейрам – ұлттың жеке-жеке болған мүшелерiн бiрiктiрiп бiр дене­дей қылып қосатын бiр дәнекер. Мей­рам болған соң тiрi бiр ұлт бiр адам секiлдi дайын бiр сезiмге ие болу керек», – деп жазады (Расұл Заде М.Ә. Наурыз мейрамының жуықтауы тақырыпта. Тәржiмелеген: Ж.Жәнiбеков// Қазақ, 1915, 9 март). Бұл бiр ұлт, бiр адам, бiр сезiм – түрiкшiлдiк едi. Алайда, осы ойда көп болып бiрiгу мәселесi айтылса да, не­гiздi, ақылды қаперге алмай көзсiз бiрi­гу меңзелiп тұрған жоқ. Сондай-ақ, атал­ған мақаласында Разул-заде: «Бiр ақын талған бiр жүректi тiрiлтудi мың қажет­тен артық көрген екен», – дейдi. Бұл талған жүрек – әзербайжан, қазақ, башқұрт, татар, т.б. ұлт жүрегi болуы мүмкiн ғой. Ал ақын – сол ұлттың ақыны, бәлкiм қайраткерi. Олай болса, алғаш өз ұлтының, мұнан кейiн түбi бiр туысқан ұлттардың, сонан соң көршi ұлт пен әлем ұлттарының жағдайымен санасу, соған қарап iс-әрекет жасау – өшудiң емес, өсудiң алғышарты.

ХХ ғасырдың 10-жылдарында қазақ пен татар арасындағы бiрлi-жарым келiспеушiлiк насырға шаппасын деп ақын Ғұмар Қараш «Екi бауырға» атты өлең жазды. Мұнда Ғұмар Қараш татарды – қала, қазақты – дала бейнесiнде сипаттайды (Қараш Ғ. Замана. – Алматы: Ғылым, 1994, 145-б.). Сөз жоқ, осындай пайымның бәрi қиын кезеңде ағайын арасында текетiрес емес, пiкiрталас болғанын дәлелдейдi. Онсыз шындық тумас едi.

Алаш ағартушылығы өкiлдерiнiң, Ғ.Қараш көрсеткендей, «түндiктi батыс­тан ашуының « себебi бар болатын. Мұны «Қазақ» газетi «Орда гербi (таңбасы)» атты редакциялық мақаласында былай түсiндiредi: «Қазақ» газетiнiң басына үй суретiн орнатуға мынандай мағыналар бар едi: Киiз үй – киiз туырлықты халық. Үйдiң түндiгi ашық, есiгi жабық болуын­дағы мағына: түндiк – жарық беретiн жол, есiк – түрлi заттар кiретiн жол дегендiк. Жарық жолы ашық, еркiн болсын, түрлi заттар кiретiн жол есiгi еркiн болмасын делiнген едi. Түндiктен түсетiн жарыққа өнер-ғылым енгiзiлген едi. Түндiк күнбатыс жағынан ашылуы өнер-ғылым Ауропа жағынан күштi болған себептi қазақ iшiне Ауропа ғылым өнерi таралсын деген мағына едi. Үйдiң есiгi қазақ деген сөзден жасалған. Ондағы мағына «Қазақ» газетi қазақ жұртына әрi мәдениет есiгi болсын, әрi сырт жұрт жағынан күзетшiсi болсын делiнген едi» (Орда гербi /таңбасы/ // Қазақ, 1918, 15 январь).

Осы тұжырымдамалық материалдан да Әлихан Бөкейхан бастаған қайраткерлердің Алаш мұраты анық көрінеді. Біріншіден, жол айқындалды: ол – ұлтты жаңғырту мен жаңаша серпілту. Екіншіден, тетік те байыпталды: ол – білім мен технология және Еуропаның батыл тәжірибесі. Үшіншіден, жауапкершілік те нақтыланды: ол – қайраткерлер мен оқығандардың қоғам алдындағы миссия­сы мен парызы.

Ендігі жерде Алаш қозғалысының болашағы ақылға, білімге, батылдыққа, жауапкершілікке байланысты еді. Біз бүгін осы қозғалыстың тарихи және рухани тағылымын байыптай отырып, мемлекетшілдік үшін күрестің елеулі нәтиже бергенін мақтанышпен айтамыз.

 Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы

ЕҰУ проректоры, Ұлттық

ғылым академиясының  корреспондент-мүшесі

«Егемен Қазақстан» газеті