09 мау, 2017 сағат 14:19

Әлихан әлі жоқ, Ленин сол күйі тұр...

Президенттің наурыз айында көше мен елді мекен атауларына кісі есімін беруді уақытша тоқтатқаны ШҚО ономастикалық комиссиясы, тілдерді дамыту басқармасы, қалалық, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері үшін таптырмас желеу болды. Бұл, бір жағынан, ауылға атасының, көшеге көкесінің есімін беруді көздеп арнайы хат жолдауға құмар келетін «күштілер мен тістілердің» жоспарын күл-талқан еткен оңды шешім болған шығар. Бірақ ғұмырын ұлтқа қызмет етуге жұмсап, сол жолда жанын пида еткен тарихи тұлғаларымызды ұрпақтың танып-біліп өсуіне кедергі келтіретінін де жасыруға болмас.

Кейінгі үш жылда шығыс өңірінде 33 нысан мен 57 көшенің атауы өзгерген екен. Ал өткен жылы Күршім ауылындағы Теректі ауылдық округі Марқакөл болып өзгерсе, Бородулиха ауданының Ленин ауылдық округі Құнарлы деген жаңа атауға ие болыпты. ШҚО тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдын Шаймардановтың айтуынша, Өскемен қаласы, Бесқарағай, Бородулиха аудандарынан көшелер мен елді мекендердің атауын өзгертуге қатысты түскен өтініштер жетіп-артылғанымен, ұсыныстардың нақты дәлелі болған жағдайда ғана ономастикалық комиссия қарап, шешім шығарады. Әзірге көңілге тоқ санауға болатыны – облыс мектептеріндегі жаңа атаулар ғана. Айталық, Өскемендегі №33 орта мектепке Абайдың, №3 мектеп-гимназияға Шоқанның, №1 орта мектепке Шәкәрімнің есімі берілсе, №16 білім ошағы ғалым З.Ахметовтің атымен аталады. Сондай-ақ Ұлан ауданындағы Благодарное орта мектебіне Ахмет Байтұрсынұлының, Үржар ауданындағы Крупская атындағы мектеп-балабақшаға Абылай ханның есімі берілген.

Мұнысы жөн делік. Ал елді мекендер мен көше атауларына кісі есімін беру президент пәрменімен уақытша тоқтатылған болса, ендігіде қайтпек керек? «Бақсақ, бақа екен» дегендей, атқарушы билік оның орнын толтыратын жақсы тәсіл тауыпты: көше, елді мекендер «ескіліктің қалдығынан» құтылғысы келетін болса, патриоттық тәрбие беретін жаңа атауларды қабылдауы тиіс екен. Яғни көше аттарын ауыстыруды қаласаңыз, бүгінгінің талабына сай «Мәңгілік ел», «Тәуелсіздік», «Достық», «Бірлік» сияқты жалпыға бірдей «құда да тыныш, құдағи да тыныш» болатын атауларды ғана қабылдауыңызға тура келеді. Сөз жоқ, бұл – кеңестік жүйенің аты өзгергенімен, заты қалған бір көрінісі. «Тәуелсіздік» атауына дауымыз жоқ, «Мәңгілік ел» президент идеясын насихаттап тұрады делік. Бірақ «Достық» пен «Бірлік» кеңестік дәуірден келе жатқан ұғымдар емес пе?! Астарынан Қазақстан халқы Ассамблеясы сығалап тұр демесеңіз, бұл екі атаудың бәлендей жаңашылдығы шамалы, «ескіні жамағанның есі кетеді» деген мәтелді еске түсіргеннен өзге пайдасы жоқ.

Осы тұрғыда айтайық, соңғы жылдары Семейдегі Ленин көшесінің атауын Әлихан Бөкейханның атына ауыстыру президенттің жоғарыда айтылған жарлығы шықпай тұрып бірнеше мәрте көтерілгенімен, «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып келеді. Бұл туралы «Жас Алашта» да бірнеше рет жазылды. («Алаш астанасында Ленин «тірі тұр». №20 (16206). 10.03.2017, «Семейдегі Ленин көшесі қашан құлайды?» №22 (16208). 16.03.2017) .

Қала әкімі Ермек Сәлімов өткен жылдың басындағы есеп беру жиынында тап осы Ленин көшесінің Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, «Тәуелсіздік көшесі» болып өзгеретінін айтып, халықтан сүйінші сұраған болатын. Алайда әкім өтірік айтты ма, әлде оны жоғары жақтан біреу алдап, Сәлімов соған сеніп қалды ма, кім білсін, көше ескі атауымен әлі күнге дейін өзгеріссіз тұр. Яғни орталық көшеде Әлихан да жоқ, Тәуелсіздік те жоқ, есесіне Ленин өмір сүріп жатыр. Егер бұрыннан бар көшелерге патриоттық тұрғыда жаңа атаулар беру қажет болса, Ленин көшесіне «Тәуелсіздік» атауының сұранып тұрғанын қалалық әкімдік жоққа шығара алмас. Айтпақшы, Астанада жасалып жатқан Әлихан ескерткішінің тап осы Ленин көшесі келіп тірелетін Жеңіс саябағының алдына қойылатыны нақты белгілі болып отыр. Көше атауын адам атына беру уақытша тоқтатылып тұрғанын ескерсек, тағы да айтайық, Ленин Тәуелсіздік көшесіне өзгеретін болса, нағыз тарихи әділ шешім осы болмақ.

Дәл осы Лениннен өзге, Фрунзе, Крупская, Щорс, Морозов, Гагарин, Краснознаменная секілді кеңестік дәуірден қалған көше аттары қала орталығында көз алдыңыздан көлбеңдей жөнелгенде, «Мәңгілік ел» идеясы туралы (көше атауына беру мақсатында – авт.) ойлауға ұяласың. Егер жергілікті атқарушы билік президент идеясын қолдайтын болса, оның дәлелін алдымен көшелер атын осыған сәйкес ауыстырудан бастар еді.

ШҚО тілдерді дамыту басқармасының басшысы А.Шаймардановтың сөзіне сенсек, ұлт зиялыларының аттары ендігіде жаңа көшелер мен жаңа аудандар пайда болса ғана берілетін көрінеді. Хош, оған да келіселік. Облыс әкімі, үкімет мүшелері Семейге жолы түсе қалса, бірден жаңадан салынып жатқан «Қарағайлы» ықшамауданына тартады. Әзірге бұл жерде Назарбаев зияткерлік мектебінен өзге нысандар, тұрғын үйлер бой көтере қойған жоқ. Бірақ таяу уақыттарда ғимараттар, көпқабатты үйлер қаз-қатар тізіліп, жаңа көшелер салына бастайтыны аян. Тап сол кезде жаңа аудандағы басты көшелерден Әлихан Бөкейхан, Қазы Нұрмұхамедұлы, Отыншы Әлжанов, Әлімхан Ермековтің есімдері көз тартып шыға келсе, семейліктердің бөркін аспанға атарына күмән жоқ. Тіпті қала шетіндегі Комсомол көшесінде шаңы шығып жатқан Әлихан атындағы бір шақырымға да толмайтын шолақ көшенің бар екенін көлденең тартып, орталыққа қимаған қалалық әкімдіктің ұлт көсемінің атын қайта жаңғыртуына жол ашылар еді. Бұл тұрғыда өткен күзде қалалық мәслихат шешімімен бірнеше көше атауларын қайта атаған Астананы үлгі етуге болады. Есілдің оң жағалауында 400 метр болған Әлихан Бөкейхан көшесі сол жағалауға ауыстырылып, 4823 метрге созылып шыға келді. Семейде де неге тап осылай етпеске? Орталықтағы Ленин көшесін «Тәуелсіздік» атауына өзгертіп, жаңа ықшамаудандағы жаңа көшенің біріне Әлихан Бөкейханның есімін берсе, ешкімнің таласы да, дауы да болмайтыны анық.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ
Шығыс Қазақстан облысы

"Жас Алаш" газеті