08 там, 2017 сағат 10:42

"100 жаңа есім": Біз кімді елемей жүрміз?

Екі мың он жетінші жыл. Халықаралық «Экспо» көрмесін ТМД аумағында алғаш рет  өткізіп жатқан мемлекетте жағдай абыр-сабыр, қарбалас. Газет пен сайттарда, қала берді әлеуметтік желілерде жарияланған ақпараттар «бәрі жабылып біреуді іздеп жатыр-ау, сірә» деген ойға қалдырады. Нысанамызға жақыннан көз салмасқа болмайтындай. Ұлы дала жұрты Алтай мен Атыраудың арасына ат шаптырып, іздеу салып жатыр екен. Кімге дейсіз ғой? «Қазақстандағы 100 жаңа есімге».

Бұл күнде кімді, не мазалап жүр? Осы күні кім, кімді бағалап жатыр?

Тарихы тереңнен тамыр тартса да «ширек ғасырлық ғұмыры бар жас мемлекет» атанған қазақ қоғамына бір сәт назар салсаңыз, еріксіз осы сұрақтардың шырмауына ілігесіз. Расымен, бүгінгі таңда қарапайым халық не ойлайды? «Сананы тұрмыс билеген» уақытта көшеде жүрген немесе қоғамдық көліктегі кез келген біреуді Астанада өтіп жатқан көрме немесе Президент мақаласы алаңдатады дегенге сену қиын екен. Айып көрмеңіз, бірақ шындығы сол. Мұндай бей-жайлық халықтың ешкімді елемеуіне, ештеңені байқамауына әкеліп, қоғамда ауыр тыныштық орнатады. Сөзімізден қатты әсер алып, ойға шомып кетпеңіз. Халықты (Сіздерді!) тым жағымсыз кейіпте көрсету мақсатымыз емес. Тек, осындай бір бұлыңғыр уақытта қоғамға әлдекімнің қозғауы керек секілді. Егемендікті еншілегеннен бері еліміздің өсіп, өркендеуіне үлес қосқан азаматтарға сұрау салып, «Қазақстандағы 100 жаңа есімнің» тізімі жасалып жатқан кезде біздің «әлдекімнің қозғауы керек секілді» дегеніміз жарамас. Әрі үлкен әбестік болар еді.

Елбасының «Егемен Қазақстан» газетінің сәуір айындағы санында жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қоғамдағы біраз істің бастамасы болды. Әсіресе, тәуелсіздік жылдарынан бүгінге дейін қазақ руханияты мен мәдениеті жолында аянбай еңбек еткен ұлт патриоттарын іріктеп, үздік «жүздікке» енгізу жоспары көптің көңіліне қуаныш сыйлағандай. Бұл, ең алдымен, біздің барды бағалай алатынымыздың дәлелі болмақ. Қарап тұрсақ, қазақ қазақ болғалы адамның бағасын түр-пошымына немесе сөзіне қарап емес, істеген ісіне, жасаған жақсылығына қарап берген. Ұлт Президентінің бұл бастамасы түптеп келгенде қазақтың қанында бар қасиет.

Мемлекет үшін барша халық бірдей болғанымен, әркімнің сол ұлт үшін сіңірген еңбегі тең емес. Біреу жақсы өмір сүру үшін қызмет етсе, біреу еліне титтей де болсын пайдасын тигізсем деп әрекет етеді. Әділеттің шамымен қарағанда ұлттың қамы үшін тер төккендерді ерек атап өту һәм құрметтеу жақсының ісі. Сол жақсының ісіне жақсы ниеттегі тілекші болып үн қоссақ, қанеки. Егер білім-ғылымнан жаңалық ашып немесе құрлық асып, Қазақстанның Әнұранын ойнатып жатсаңыз, «Жүз жаңа есімнің» бірі, бәлкім, сіз боларсыз.

Қазақта «Жасаған жақсылығың Құдайдан қайтсын» деген сөз бар. Басқалардай емес, тым сирек айтылатын, айтыла қалған күннің өзінде, тек шынайы ниеттен, жүректен шығатын сөз. Айналамызда осы сөзді естуге лайықты қанша адам бар екенін кім біліпті?! Десек те  «Қазақстандағы 100 жаңа есімнің» ықпалымен «жақсылығы Құдайдан қайтар» азаматтар төбе көрсетіп қала ма деген ойдамыз. Біздікі, тек өз ары алдында, Құдай алдында, ұлт алдында да адал адамдар құрметтелсе деген ниеттен туған сөз еді. Бәлкім, әлі де еленбей жүрген біреу бар шығар?..

Маржан ӘБІШ,

Ұлт порталы