02 там, 2019 сағат 09:50

Әлеуметтік желінің әлегі

Бүгінгі қарыштаған заманды ұялы телефонсыз, байланыс құралдарынсыз елестету әрине мүмкін емес. Жұмыста, көлік тізгінінде, тамақтану барысында, оқуда, мектепте, тіпті жылап жатқан баланы жұбату үшінде ұялы телефонды қолданатынымыз өтірік емес. Қолымыз босаса жалт етіп желіге кіріп, виртуалды әлемге толықтай бой алдырғанымыз өкінішті. Ал осы қайғы мен қуанышты бөлісетін әлеуметтік желінің бізге берер зардабы қанша? пайдасы қанша?.Өз басым пайдасынан зияны көбірек екенін күнделікті өмірде  кездестіретінім өтірік емес. Ал осы әлеуметтік желінің кесірінен тағдыры талқандалған адамдар қаншама?! Естіген бір бөлек, ал көзбен көрген бір бөлек.Сондықтан сіздерге сақтық мақсатында көріп-білген  бірнеше оқиғаларды айтып, бір пайдамды тигізгенім жөн болар.

ВК, Фейсбук, Инстаграм, Whatsapp, You Tube желілерін бәріміз қолданатыныз өтірік емес. Осы ВК желісі арқылы Ақмарал(есімі өзгертілген) есімді 15 жастағы мектеп оқушысына Азамат (есімі өзгертілген) есімді жігіт танысу мақсатында жазады. Ақмарал Атырауда, ал Азамат болса Алматыда болатын.Азамат өзін 1994 жылғымын деп таныстырып, намаз оқитынын, өзінің бойдақ екендігін және үйленуге ниетті екендігін айтады.Аз ғана уақыт ішінде жылы сөздерімен Ақмаралдың жүрегін жаулап алады. Оның намаз оқығандығына , салиқалы жігіт екендігіне сеніп, осы жігітті өзінің болашақ жары ретінде көреді.Ақмарал қарапайым, шараларға белсене қатысатын мектеп оқушысы болатын.Азаматпен сөйлесе келе санаулы күндер ішінде намаз бастап, хиджаб киіп кетеді.Ақмарал үшін әлемдегі ең жақын, жан дүниесін түсінетін адам ол Азамат болды.

Таныстықтарына екі ай көлемінде уақыт өткен соң Азамат Ақмаралмен кездесуді жөн көріп Атырауға аттанады. Азаматтың алып келген сыйлықтары, жылы сөздері бұрын соңды ешкімнен сыйлық алып, Азаматтай өзіне көңіл бөліп көрмеген Ақмаралдың жүрегін бірден жаулап алады. Әлеуметтік желіден бөлек кездесу барысында да Құдай туралы, ислам діні туралы көп уағыздар айтады. Ақмарал дінге бет бұрып, Азаматтың айтуымен таза дінді ұстанатын осы уағызшылар деп таныстырған Ділмұраттың, Назаратулланың, Октамның уағыздарын тыңдап бастайды. Бірнеше күнде Ақмарал адам танымастай өзгеріп, тұйықталып, сабағы нашарлап, тек сол азаматтың айтуымен жүретін болды. Ата-анасы қайда қарап отыр дейсіздерғо?

Ата-анасы бала шағаны асыраймын деп жұмысбасты болып жүргенде, балаға көңіл бөлу шетте қалған. Азаматтың  Атыраудағы екі күні өткен соң, Ақмаралға тұрмысқа шығу туралы ұсынысын білдіріп, бақытты да баянды ғұмыр сүруге сендіреді. Мына қызықты қарасаңызшы, Ақмаралға ата-анаң Алланың бұйрығын орындамаса сенің тұрмыс құруыңа ол кісілердің ақ батасы жүрмейді, өйткені олар мұсылман емес, ал мешіт имамдарының ұстанымы дұрыс емес олар Алланың емес мемлекет не дейді соның сөзін айтады, ал мемлекет шариғат заңымен басқарылмағандықтан ол мұсылман мемлекеті болып саналмайды деп бір мезетте ата-анасына, мешіт имамдарына, мемлекетке қарсы қояды. Сезімге көз жұма берілген Ақмарал оның аузынан шыққан әрбір сөзіне сене кетеді, сөйтіп тұрмысқа шығу туралы өз келісімін береді.Ал енді ары қарай не істеу қажет? Неке қию қажеттігін саналы адамның барлығы да біледі. Ақмарал мен Азамат Атырау қаласындағы орталық «Дина» базарына барып, Азамат сол жердегі өз ұстанымындағы жігіттермен танысып, некелерін қиып,куәгер болуларын өтінеді. Ол жігіттер бірден келісе кетіп дәл көшенің ортасында Ақмаралды теріс қаратып өздері  түсініксіз нәрселер оқып, болды некелерің қиылды деген.

Ал, Ақмарал сол жігіттердің түріне мән беріп қарамапты. Өйткені Азаматтың әйел адам басын түсіріп жүру керек, бөтен ер азаматқа қарамау керек деп үйреткені бар емес пе! Сол мезетте ақ жолдың арғы бетіндегі қонақ үйге барып неке түнін өткізген. Ақмаралдың ата-анасы бұл болып жатырған оқиғадан мүлде бей хабар. Келесі күні Азамат Алматыға шұғыл түрде жол жүру керектігін айтып, Алматыға бет алады.Ал қарым-қатынастары әлеуметтік желі арқылы жалғаса береді. Бірнеше күн артта қалып Ақмарал оқитын мектептен ұстаздар ата-анасына және оңалту орталығына қоңырау шалып, Ақмаралдың сабаққа деген белсенділігін төмендегенін, аяқ асты дінге бет бұрғандығын айтып шағымданады. Оны естіген ата-анасы Ақмаралды бізбен кездесуге алып келеді. Бір-екі күндік кездесуде ашыла қоймаған Ақмарал үшінші күні  психолог және теологтың кездесуінен кейін бар жан сырымен бөлісе бастайды.

Басынан өткен оқиғаны толықтай баяндап, Азаматты шын сүйетіндігін айтады. Ал бұл мезетте ата-анасы барлық болған нәрседен мүлде бейхабар еді.Азамат туралы ақпарат жинағанымызда ол 1994 емес 1983 жылғы, сондай-ақ, бірінші әйелімен ажырасқан, екінші рет өзінің Сирияда қайтыс болған туған ағасының әйелін әмеңгерлікпен алғанын анықтадық.Сондай ақ Ақмаралға берген барлық діни ақпараты псевдосәләфилік бағытқа тән екенін білдік.  Санасы уланып, махабатқа берілген Ақмаралды бұл жинаған ақпараттарымызға сендіру оңай болмады. Ақмаралмен тұрақты кездесіп, дәстүрлі ислам діні туралы, ата-ана туралы, неке туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырдық. Бірнеше ай өткен соң Ақмарал бізбен кездескісі келетіндігін айтып өзі қоңырау шалды. Кездесу барысында Ақмарал өзін жабырқаулы, көп нәрседен шаршаған адам ретінде көрсетті. Әңгімелесе келе Азаматтың ұялы телефон номерініңм жиі өзгеретінін, өзі босаған кезде хабарласам деп айтатындығын, Алматыға алып кетемін деген сөздерінен мезі болғандығын айтып көз жасына ерік берді. Әрине көпті көрген адам оның алданғанын білсе де, 15 жастағы қыз оны қайдан білсін!Біздің сөздеріміз оған жұбату болғанымен, сезімі әлі де бар екендігі көрініп тұрды. Осы кездесуден екі ай көліменде уақыт өткен соң Ақмарал тағы да қоңырау шалып бізбен кездескісі келетіндігін айтады. Мүлде оқығысы келмейтіндігін, өзін жек көретіндігін айтып шағымданды. Осы тұста Азамат мүлде хабарсыз кеткен.....Ойлап қараңызшы жәй ғана әлеуметтік желінің соңы қыздың тағдырын ойрандады, оны теріс ағымға бейімдеді, болашағына балта шапты.Бұл жалған неке құрбанына айналған тек бір ғана оқиға.

Ал осы әлеуметтік желінің кесірінен түрмеге тоғатылғаны қаншама? Жәй ғана мысал екі баласы бар келіншек сол әлеуметтік желіден өзіне ұнаған нашиданы(арабша әуенді) өз парақшасына жүктеген.Өзі араб тілін түсінбейді. Әрине әр адамға өзіне ұнайтын әуендер бар екендігін білеміз. Тіпті өзіміз мағынасын түсінбесекте ағылшынша өлеңдер тыңдайтынымыз өтірік емес. Сол тыңдаған нашидасының мағынасы Сирияға джиһадқа(соғысқа) шақыратын әуен болып шыққанын ол келіншек қайдан білсін. ҰҚҚ қызметкерлері тексеріс жүргізіп, барлық мән жайды баяндағанда ол кісінің «мен білмедім» деген сөзі түрмеге 5 жылға тоғатылуына кедергі бола алмады.

Әлеуметтік желі арқылы сауда-саттық жасаймыз деп алданып  миллиондаған ақшасынан айырылғандар қаншама? Ойланып қарасақ санамызға бірден «Мемлекет не қарап отыр? Дұрыс емес сайттарды, желілерді бұғаттамай не істеп отыр?»- дейміз. Бірақ желі бұл шегі жоқ әлем екендігін ұмытпауымыз қажет. Біздің елеміз тек Қазақстандық желілерге ғана тосқауыл қоя алады. Ал шет елдік ақпарат көздеріне тосқауыл қоюға заңдық күшіміз жоқ. Мемлекет қанша сайттарды, желілерді бұғаттағанымен оны дер кезінде басқа атпен ашып алатындар өте көп. Сондықтан отбасы бүтіндігі мен еліміздегі татулық үшін сақтық пен тұрақты қадағалау әрбір жеке тұлғаның міндеті екендігін барлығымыз жетене түсінейік!

Назерке Жетпісбайқызы

Алматы қаласы Қоғамдық даму

басқармасының жанындағы

«Кеңес беру және оңалту орталығының» теологы