17 қаз, 2018 сағат 17:45

Әлеуметтік желі және депрессия: жүйкемізді сақтау үшін не істеу керек - The Economist

Бүгінгі таңда бүкіл әлем бойынша 300 миллион адам депрессияға, 260 миллион адам күйзеліске шалдыққан. Мамандар психикалық аурулардың көп таралуына технологиялардың әсері зор екенін жарыса айтып жатыр. Осы ретте The Economist басылымы «Notes on a Nervous Planet» (Ашулы планета туралы жазбалар),  «Reasons to Stay Alive» (Тірі қалудың себептері) кітаптарының авторы Мэтт Хейгпен көлемді сұхбат жариялаған екен.  

Басылымның «Қоғамда депрессия мен күйзелістің көбеюінде технологиялардың рөлі қандай?» атты сұрағына жауап бере отырып, Хейг бүгінгі таңда адамзаттың көп өзгерісті бастан кешкенін жазады.

«Адамдар басқаша өмір сүреді, бір-бірімен тілдесу амалдары да өзгерген. Осы өзгерістердің барлығын технологиялар алып келді. Сол себепті әлеуметтік медиа компаниялар өздеріне артылған жауапкершілікті сезінуі керек. Жалпы, технологияның өзі проблема емес, бірақ біз оның өміріміз бен ақыл-ойымызға әсері туралы көп білмейміз. Міне, сол проблема», - дейді Хейг.

Оның айтуынша, көбінесе 16 мен 24 жас аралығындағы жастар жиі жалғызсырайды және әлеуметтік желіге көбірек тәуелді болады. Ал әлеуметтік желі өз кезегінде жалғыздық сезімін одан сайын күшейте түседі.

«Әрбір әлеуметтік желі адамға әртүрлі әсер етіп, әртүрлі проблема туғызады. Мысалы, Twitter троллинг пен саясаттың поляризациясына мән береді. Instagram адамның өзін-өзі бағалауын төмендетіп, өзін басқа адамдармен салыстыруына алып келеді. Сонымен қатар, өз өзіне деген сенімділікті жояды. Snapchat жасөспірімдер үшін қауіпті. Себебі, олардың арасында онлайн кемсіту жиі болады», - дейді Хейг.

Сұхбат барысында бүгінгі таңда психикалық денсаулық дағдарысы жүріп жатқаны айтылады. Ал осы салада бірнеше кітап жазған автор қоғамның дұрыс бағытта дамымай отырғанын да алға тартады.

«Бұл проблеманы шешу үшін жастармен жұмыс істеу керек. Адамның психикасының бұзылуы көп жағдайда 14 жасқа дейін пайда болады екен. Сол себепті олардың әлеуметтік желімен дұрыс жұмыс істеуіне мән беріп, барынша бақылаған жөн», - дейді маман.

inform.kz