14 қар, 2017 сағат 15:48

Әлеуметтік теңсіздік әфсанасы хақында

Бай баласы мен жарлы баласы

немесе Әлеуметтік теңсіздік әфсанасы хақында

Надан сараң арам бай образы мен еңбекқор адал адамгершілігі мол кедей образы қазақ әдебиетіне өткен ғасырда ғана келген болатын. Асан қайғыдан бастап, жыраулар поэзиясын қамтитын Махамбетке дейінгі әдебиетте жарлы, жалшы образдары позитивті, ал байлардың аса негативті бейнелері болған жоқ. Байлардың негативті образдары қазақ арасындаішінара араздылықты туындатудың үлкен амалы болды. «Тарихты жеңімпаздар жазғандықтан» кей орынсыз тағылған әфсаналарды (легенда) дәлелдеген жөн. Сондай әфсаналардың бірі - қазақта орын алды деген әлеуметтік теңсіздік идеясы.

Қазақ мәдениеті заттай емес, сөзінде және тұрмыстық сипатында (салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым) сақталғандықтан, әфсаналарды бұзу күрделілірек. Алайда әлеуметтік теңсіздік әфсанасы қазақ дәстүрлері мысалында логикалық тізбекте түбегейлі сынады.

Қазақ салт-дәстүрлері - ұлтымыздың әлеуметтік жағдайының жоғары деңгейде болғандығының айқын дәлелі. Мысалы, қалыңмалды қарастырып көрелік. «Қалыңмалдың «қырық жеті», «отыз жетінің бүтіні» «отыз жеті», «отыз жетінің жартысы», «жақсылы отыз жеті», «жиырма жеті», «он жеті», «домалақ қалыңмал», «домалақ бата» сияқты түрлері болған. Мұның сыртында тоймал, сүтақы, күйеу апаратын ілу, өлі-тіріге апаратын, тағы басқа көптеген бағалы кәде-жоралар да болады. «Оның үстіне қалыңмалмен қабат бес жақсы туралы да келісіледі» (Ы.Алтынсарин). ««Бес жақсыға» мыналар жатады: қара нар, жүйрік ат, қалы кілем, алмас қылыш, бұлғын ішек. Құдалар арасында мұның бірі ұзатылған қыздың сәукеле бастаған асыл тағымдарымен алмастырылады. «Бес жақсының» бір түрінің өзі 4-5 жылқыға бағалаған. Күйеу кәделері мен ырымдар тағы бар. Олар мынадай: ұрын келу, есікашар, ентікпе, балдыз көрімдік, күйеу табақ, сүтақы, жігіт-түйе, ат байлар, босаға аттар, сәукеле байғазы, жеңгетай, шымылдық байлар, отау жабар, кереге көтерер, уық шаншар, түндік жабар, үзік жабар, мойын тастау, ілу, қыз қашар, шашу, қыз көтерер, арқа жатар, қалыңдық ойнау, қол ұстатар, шаш сипатар, көрпе қимылдатар, ит ырылдатар, «кемпір өлді», бақан салар, күйеу аттандырар т.б. Шіркін-ай десеңші! Сол шіркіннің ішінде қанша дүние (заттай) жатыр десеңші!

Кеңес өкіметі кезінде қызды малға сату қара күйе жағылып келді Ал шындығында қыздың жасауы қалыңмал көлемінен кем болмаған. Демек, бұрынғы дала заңында бұл ескерілген сияқты» (Сейіт Кенжеахмет, Қалың мал).

Қыз жасауының көрнекі мысалы - Келіншектау тауының аңызы. Аңыз бойынша ұзатылып бара жатқан қызға жасауындағы ит табағының алтын еместігі ұнамаған. Қызының «еркелігіне» ызаланған әкесі «Жүрегің тас екен, тасқа айналып кет» деп қарғыс атқан. Кей өңірлерде қалың мал сақталмағанын, сақталса да «екі жылқы» қалың малы бұрынғымен салыстыруға келмейтінін мойындау керек, дегенмен де қыздың жасауы – әлі күнге дейін біршама шығынды талап ететін жоралғы. Бес жақсыға тең бір сәукеленің өзін көрелік - «қыз жасауының ішіндегі ең қымбат бас киім – сәукеле. Онда асыл тастар, маржан, меруерт, алтын-күміс, түрлі теңгелер, оқа-сылдырмақтар, таза жібек, кәмшат жұрын, қарқара түкті үкілер бар. Өзім естіген деректерімде жүз жылқыға, жүз түйеге түскені, жүз жамбыға, елу жамбыға түскен сәукелелер болған» (Қ. Бегманов, Этнографпен әңгіме). Тұрмысы нашар деген өзіндегі екі жұрт арасындағы қалың мал - «тоғыз». «Қазақтың мынадай-мынадайы бар, ұмыттық» деп емес, жасалатын барлық жоралғылардың құны орта ғасырларда әрбір ұлттың қолынан келе бермегендігін айту керек! Мүмкін, дворяндардың қолынан келер, бірақ барлық ұлтқа тән осыншама «шығынды» дәстүрлер тек бай-ауқатты тұрған ұлттың еншісі! Сонда Қазақтың дәстүрлері, кәделері, сыйлары, аталмаған киіті мен өлтірісі – қазақ тұрмысының жақсы (жай айтқанда) жағдайын көрсетеді. Қазақ дәстүрі бай-кедей деп бөлінбеген бар қазаққа ортақ, қалыңмалдың есебі ерекшеленгенімен сый-кәде мен ырымдардың өзі «кедейдің» де бай болғанын тілейді.

Дәстүрден таймаймын деп кедейленген ХХ ғасырдың қазағы алып қашу дәстүрін дамытса, ХХІ ғасырдың қазағы бар салт-дәстүрді ұстанамын деп «несиеленіп» жүр. Бұл жерде «алып қашу» дәстүрін өткен ғасырдың туындысы деп білу қажет. Сәкен Жүнісовтың «Ақан серісін» алайық: Құлагердің шабандозы – он алты жасар жас жігіт. Жарыстан соң, түскен олжаға қалың малын беріп, сүйгеніне қосылмақ. Сонда кедейленген (кедейлену теориясы кейінірек баяндалады) жас жігіт «сүйгенін неге алып қашпайды» деген сұрақ туындайды. Алып қашып, бар сый-кәде, жоралғыдан айналып өтпей ме?! Оған сол романда баяндалған Ақан серінің қыз алып қашқан уақиғасын тепе-теңістірейік. Басқаға атастырылып қойған қалыңдықты ұрлаған Ақан қыз ақысын одан бірнеше мәрте артық төлеп, бай Ақан ауылы жарлы кедей ауылына айналды. Не болмаса Қалқаман-Мамырды алайық – жеті атаға дейін бас қосуға болмайтын талапты орындамай қашқан қос ғашық. Қызды алып қашу мысалдары әдебиет пен тарихта байқағанымыз мынаған саяды: көшпелілерде Қызды алып қашу – оның алдында орын алған жоралғыны бұзу (я атастырылған қызды ұрлау, я дәстүрге сай келмегенде) немесе кек алу (Шыңғысханның мысалында). Жат жұрттық деп тәрбиеленген қызды құтты орнына қондыру – ата-ананың ұлкен парызы, ал құда – Құдайындай сыйлайтын, барлық «назын» көтеретін жамағат. Әрбір қазақ қызының, қарындасының бар сый-жоралғымен үйден ұзатылғанын қалаған.

Тойдан бөлек, қазақтағы «әлеуметтік» мәдениет үлгісіндегі әлеуметтік теңдіктің мысалдарының үлкені құн төлеуден басталып, кішісі «сүйіншімен» аяқталады. Ортада мал атау, жиенқұрық, қонағына ат жабу дәстүрлері бар. (Қазақтың ұнаған, сүйсінген адамына «мал атауының» өзі бір ғанибет емес пе?! Қай ұлтта бар ондай? Кедей тұрған ұлтта бола қоймас). Дүние есігін ашқаннан бастап дүнеден өтерге дейінгі қазақтың тойы бітпеген. «Отыз күндік ойны, қырық күндік тойының» аламаны бар, бәйгесі бар, жарысы бар, күресі бар, жеңімпаздарға тиетін сыйлығы бар – бұл дүниеге қонақ болып келген қазақ тойлаудың да, берудің де қасиетін керемет ұққан-ды.

«Мәдениеттілік үдерісі туралы» еңбегінде Н. Элиас этикет жайлы керемет пікірін білдіреді. Оның айтуынша, этикет – адамдардың аса мәдениетті, яғни материалдық жағынан жоғары тұрғанын көрсетудің амалы. Сол себепті Еуропада бай адамдардың дастарханынан майлық (салфетки) ғана емес, үш-төрт шаңышқы, екі пышақ, үш стақан сынды ыдыстарды көруге болады (шынтуайтына келгенде әрбір асүй  аспабының бір данасы жеткілікті). Бір сөзбен айтқанда ол кедей адам байдың үйінде нені қалай пайдалану керектігін білмейді, яғни этикет нормалары кедейге өз орнын көрсету үшін ойлап табылған (Титаник фильміндегі кей эпизодтарды еске түсіріңіз). Ал әрбір қазақ ен-таңбасыз төрт түлікті (байлықтың басты формасы) түр-түсімен, жасымен, мінезімен айыра білген. Әрбір! Осы кездегі қарт-қариялар, не болмаса ауыл тұрғындары сол қасиетін сақтап келсе – бұл айғақ қой! Егер бұл төрт түлік «таңдаулы» байларда болса, онда ол майлық пен үш-төрт шаңышқының кейпіндегі ерекшелік болмай ма? (мысал ретінде, жылқының аз есепті атты әскер мен жаяу әскердің болуы).

Қазақ жері – ортағасырлық Еуропа емес, қазақтың әлеуметтік аражігін ашатын нормалары жоқ. Бар болса, қазақ жыраулары, қазақ ақындары Джек Лондондай жазар еді – шүбәңіз болмасын! «Сенен бұрын жеті ханды жебеледім. Кешегі «Еңсегей бойлы ер Есім ханға жолдас болдым. Сен оның бір түстігіне де жарамайсың» деген Бұқар жыраудың өзі сөз табар еді (М-Ж Көпейұлы, Қазақ ауыз әдебиеті үлгілері, 1 кітап). Керісінше, қазақта мүлдем басқа сынмен өлшенетін тектілікті айту керек! Тектіліктің атқарған үлкен рөлі жөніндегі ауыз әдебиеті мысалдары өте көп. Ол өлеңдерде «Аталыдан би қойсаң, Адаспас жол мен жобадан. Атасыздан би қойсаң, Босанбас аузы парадан» (Бұқар жырау). Ол Жаманның «Мен Жаман - жақсы болсам да үйіңізге келген қонақ едім. Хандардың ішер асы-жал мен жая аузыңызға түспей, нан, көже түсіп, мені келісімен аспазға жібердіңіз. Салтыңызға тарттыңыз. Сіздің шонжарлы, атаулы хан емес екеніңізді содан байқадым» деп ханның наубайдың баласы екендігін таныған сынында. Ол «Неге той қылдың, білесің бе? Әуелі той қылғанда, қара қалмақтың қызы Қарашаш сұлуды алдым деп той қылдың. Сен ақсүйек төре едің, ол қара еді, тұқымыңды аздырдың. Сұңқарды қарғаға айырбастадың, оның несіне келейін?!» деп арнайы шақырса да әз Жәнібектің үш тойына да бармаған Асан қайғының уәжінде. Ол Қалдан Сереннің Абылайдың тегін сынаймын деп қойған тексеру амалдарында. Қазақтың тектілігі дәулетпен, я әңгімелермен емес, мінезбен, әрекетімен өлшенеді. Қазақтың сатымен өлшенген әлеуметтік жігі болса, осы тектілік болар. Жалғасы бар...

Балажан Мұнар