#
#
Жексенбі 17/11/2019

Әлеуметтік салада шұғыл қаржыландырылатын жекелеген мәселелер шешіледі – Сенат

  • 17.10.2019
  • 0
  • 451

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізу туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нақтылаудың негізгі міндеттері - әлеуметтік салада шұғыл қаржыландырылатын жекелеген мәселелерді шешу, кейінгі жылдарда экономиканың өсуі үшін қосымша көздер жасау және 2019 жылдың соңына дейін Үкіметтің кезек күттірмейтін міндеттерге арналған резервінің ақылға қонымды деңгейін қамтамасыз ету.

«Заң жобасы 2019 жылға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштері сақтала отырып, қалыптастырылды. Республикалық бюджеттің түсімдері 94,9 млрд теңгеге ұлғайтылды. Республикалық бюджет шығыстарының көлемі 94,9 млрд теңгеге ұлғайтылды. Республикалық бюджеттің тапшылығы бұрын бекітілген жалпы ішкі өнімнің 2,1 пайызы деңгейінде сақталды», - деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайылов.

Атап айтқанда, әлеуметтік саладағы шұғыл қаржыландыру мәселелерін шешу мақсатында әлеуметтік блоктың шығыстары 6,7 млрд теңгеге ұлғайтылды. Шығыстарды қайта бөлуді ескере отырып, қосымша қаражат атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге, медициналық көмек көрсетуге және денсаулық сақтау нысандарының құрылысын жалғастыруға бағытталды.

Сонымен қатар, нақты сектордың шығыстары 15,6 млрд теңгеге өсті. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері ұсынған қаражатты қайта бөлуді ескере отырып, өнеркәсіпті қолдауға, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына тұрғын үй қарыздарын беруге қосымша шығыстар көзделді.

«Заң жобасын дайындау кезінде жекелеген мемлекеттік органдарды қайта ұйымдастыруын ескере отырып, шығыстарды түзету қамтылған. Мұнымен қоса, азаматтық қызметшілердің еңбекақысын арттыруға, жылу энергетикасы мен көлік инфрақұрылымын дамытуға, «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға нақты қажеттілігін ескере отырып, өңірлер арасында қаражат қайта бөлу ескерілген», - деді Ә. Смайылов.

Өз кезегінде ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының негізгі көрсеткіштері сақталғанын құптады.

«Жалпы ішкі өнімнің өсуі 3,8 пайыз деңгейінде, мұнай өндіру 89 млн тонна көлемінде. Мұнайдың әлемдік бағасы жоғары құбылмалылықты көрсетіп отыр. Осыны ескере отырып, мұнайдың болжамды бағасы барреліне 55 АҚШ доллары деңгейінде сақталды», - деді министр.

Оның атап өтуінше, жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 4-6 пайыз шегінде тұр.

«Жалпы, республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 2019 жылы 7 трлн 81 млрд теңгені құрайды. Түсімдер түрлері бойынша кірістер құрылымы сақталады. Көлемді түсімдерді қосылған құн салығы (2,8 трлн теңге), корпоративтік табыс салығы (2 трлн теңге), халықаралық саудаға салынатын салықтар (1,5 трлн теңге) қамтыды», - деді Руслан Дәленов.

Түсімдердің жалпы көлемі 95 млрд теңгеге өсіп, 10,7 трлн теңгені құрамақ. Трансферттердің түсімдері, оның ішінде Ұлттық қордан трансферттер өспейді. Шығыстар 95 млрд теңгеге артады, бұл кірістердің өсуімен сәйкес келеді. Республикалық бюджет шығыстарының көлемі 12 трлн теңгеден асады.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар