01 қар, 2016 сағат 14:18

Әлеуметтік сала қызметкерлеріне алғыс хаттар табысталды

Өскемендегі Металлургтер мәдениет сарайында әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесі қарсаңында марапатталды.

– Тәуелсіздігімізге 20 жыл толған жылы 28-қазан – әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің төл мерекесі болып бекітілген еді. Бұл аға буын өкілдеріне, әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға ұдайы қамқорлық танытып келетін Елбасының орасан құрметі деп білеміз. Біздің қаламызда ерекше күтімді қажет ететін жандарға арналған «Үлбі» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы және тағы да басқа орталықтар қызмет көрсетеді. Ағымдағы жылы аталмыш саланың қызметкерлері 4,5 мың адамға көмек қолын созған, - деді қала әкімінің орынбасары Ольга Булавкина.

Аталмыш шара аясында қала әкімінің орынбасары Ольга Булавкина қаламыздағы әлеуметтік саланың дамуына демеушілік көрсетіп жүрген облыстық драма театрының директоры Дінмұхамед Ұябай, облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафтық мұражай-қорығының директоры Николай Зайцев, «Өскемен май зауыты» ЖШС-ның директоры Илья Батов, «ВЭК-СТРОЙ» ЖШС-ның директоры Василий Лысянский сынды бірқатар азаматтарға алғыс хаттарын табыстады.

Еліміздің әлеуметтік саласы бүгінгі күнге оңай жеткен жоқ. Әсіресе, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында көптеген қиыншылықтар орын алды. Жәрдемақылар мен зейнетақылардың уақытында берілмеген кездері де көп болды. Ал қазір жағдай мүлдем басқа. Билік әлеуметтік салаға түбегейлі бет бұрды. Бұл салаға бөлінетін қаржының көлемі де жыл санап артып келеді. Өңірімізде әлеуметтік-медициналық қызмет көрсететін мекемелердің саны да көбеюде. 2002 жылы облысымызда ардагерлер мен мүгедектер үшін Шемонайха ауданының Выдриха ауылында «Уба» шипажайы ашылды. Осы орайда, мұндай шипажай республика көлемінде жоқ екенін айта кеткен жөн.

Жалпы қазіргі күні өңірімізде екі мыңға жуық әлеуметтік сала қызметкерлері жемісті еңбек етіп жүр. Сүрінгенді сүйеп, жығылғанға демеп, адам баласына тек жақсылық жасап жүрген абзал жандарды облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Елена Старенко, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев, «Нұр Отан» партиясының Өскемен қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Майраш Екібасова, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мәулихат Құсаинова, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сергей Денякин құттықтап, алғыс хаттар табыстады. 

Сахна төрінде төгілген ән де, тартылған күй де әлеуметтік сала қызметкерлеріне арналды. Бұл күні еңбегі еленіп, қала әкімінің алғыс хатымен марапатталған жандардың бірі, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің экономикалық талдау, бухгалтерлік есеп және мемлекеттік сатып алулар секторының бас маманы Гүлмира Ибраева ең үздік, ең мықты қызметкерлер – әлеуметтік салада қызмет ететінін жеткізді.

Ажар САҒАТБЕКОВА