30 жел, 2019 сағат 12:29

Әлеуметтік сақтандыру жүйесі 6,3 млн-нан астам қазақстандықты қамтиды

Бүгінгі таңда елімізде 6,3 млн-нан астам адам - міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-нан 2005-2019 жылдары 4,6 млн адам жалпы сомасы 1,2 трлн теңгеден астам әлеуметтік төлем алды.

«Әлеуметтік сақтандыру – жұмыс істейтін азаматтар үшін әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша нысаны. 2019 жылы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі туралы халықтың хабардарлығын арттыру мақсатында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының 17 филиалында 68 ашық есік күні өткізілді», делінген хабарламада.

Өткен аптада аналарға және болашақ аналарға арналған шеберлік сабағы форматындағы соңғы іс-шаралар өтті. Оған МӘСҚ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мамандары, сондай-ақ медициналық орталықтардың өкілдері, тұлғалық өсудің коуч-тренерлері қатысты.

Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бірқатар ақпараттық және консультациялық қызмет ұсыну және қор ұсынатын электрондық мемлекеттік қызметтерді кеңінен тарату мақсатында ашық есік күндері өткізілді.

Әйелдерге 1 жасқа дейінгі баланы күтіп-бағу үшін әлеуметтік төлемді проактивті форматта төлеу мүмкіндігі туралы айтылды, мұнда төлем жасау мақсаты туралы әлеуметтік қорғау органдарының SMS-хабарламасына жауап беріп, банк шоты туралы ақпаратты жіберу керек. Биылғы жылдың 11 айында осы қызмет бойынша 13 246 адамға төлем сомасы тағайындалған.

Сонымен қатар, 2019 жылы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі туралы ақпараттандыру мақсатында халықпен 1280 ақпараттық түсіндіру кездесуі өткізіліп, оған 46 304 азамат қатысты.