18 қар, 2019 сағат 12:05

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасының өсуіне жол бермеу керек – Мамин

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында азық-түлік бағасының өсуі мәселесі қаралды.

«14 қарашада Ақмола облысын дамыту жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне және бұл мәселеде тиісті орталық және жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан дұрыс бақылау мен үйлестірудің жоқтығына назар аударды», — деді А. Мамин.  

Үкімет басшысы жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағалар барлық өңірлерде 15%-дан астам өскенін атап өтті. Қарақұмық жармасы (+62,9%), күріш (+32,3%), ұн (+27,8%) бәрінен қымбаттағаны байқалады. Өңірлер тұрғысынан бағаның ең көп өсуі Шымкент пен Қызылорда, Түркістан, Алматы, Көкшетау, Петропавл, Ақтөбе және Таразда байқалады. 

«Бұл өңірлер әкімдіктері мен ауыл шаруашылығы, ұлттық экономика, сауда және интеграция министрліктерінің жеткілікті жұмыс жүргізбей отырғанын көрсетеді», — деді А. Мамин. 

Премьер-Министр бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша қысқа және орта мерзімге арналған нақты шаралар пакетін әзірлейтін жұмыс тобын құруды тапсырды.

Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша азық-түлік тауарларына баға өсуінің алдын алу мәселесіне жауап беретін ауыл шаруашылығы, ұлттық экономика, сауда және интеграция вице-министрлері және Шымкент және Алматы қалаларының, Қызылорда, Түркістан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстарының әкімдерінің орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады.