11 мам, 2018 сағат 13:13

Әлеуметтік кәсіпкерліктің Қазақстандағы бірінші халықаралық форумы басталды

Әлемдік тенденцияда «Әлеуметтік кәсіпкерлік» деген ұғымның пайда болғанына да аз болған жоқ. Жаһанды жайлаған жаңа тренд қазақ даласын да айналып өте алған жоқ. Бұл сала экономиканың жаңа секторы болса да, көпшілік арасында кең етек жайып үлгерді. Бұған нақты анықтама беру қиын. Мамандар әрқилы тұжырым жасағанмен, ортақ шешімге келе қойған жоқ. Бірақ негізгі мазмұнға иек артсақ,  экономикалық тиімділікке қол жеткізуді мақсат еткен кәсіпкерлік жаңашылдықты әлеуметтік миссиямен біріктіретін әлеуметтік қызметті жүзеге асыру тәсілі десек болады. 

Бұдан келіп «әлеуметтік кәсіпкер» деген түсінікте бой көтереді. Бұл туралы Билл Дрейтон: «Әлеуметтік кәсіпкер адамның қолына балық берумен не балық аулауды үйретумен шектеліп қалмайды, олар балық шаруашылығында түгелдейтөңкеріс жасамай тыным таппайды» деген екен. Бұны таратып айту келесі тақырыптың еншісіндегі дүние. Біздің айтпағымыз бұл сектордың еліміздегі даму процесі төңірегінде жасалып жатқан шаруалар турасында болмақ. 

Бүгін Ақтөбе қаласында «Әлеуметтік мәселелерді шешуде мемлекет, бизнес және ҮЕҰ серіктестігі» атты әлеуметтік кәсіпкерліктің Қазақстандағы бірінші халықаралық форумы басталды. Бұл жиын - енді қарқын алған жаңа саланың дамуына өзінше үлес қосары анық. 

Аталмыш іс-шара қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешудегі мемлекеттің, бизнес пен үкіметтік емес ұйымдар арасында тиімді ынтымақтастықты жолға қою мақсатында ұйымдастырылып отыр. Форумның бастамашысы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың нақ өзі. 

Екі күнге жоспарланған жиынға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі,  «Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы» РҚБ президенті Раушан Сәрсембаева, Қазақстан, Израиль, Түркия, Польша, Грузия, Қырғызстан және басқа елдерден мыңнан астам қоғам қайраткерлері мен әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы сарапшылар қатысып жатыр.

Әуелгі пленарлық отырыста қатысушылар халықаралық тәжірибені, соңғы өзгеріс-жаңалықтарды сөз етіп, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың жаһандық үрдістерін талқылайды. Форум қорытындысы бойынша шешім қабылданып, бірқатар меморандумдарға қол қойылмақ. Сондай-ақ, жиын аясында Ақтөбе облысының әлеуметтік кәсіпкерлік нысандарында көшпелі шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, B2B, B2S форматында кездесулер өтеді. 

Сонымен, форумның ашылу салтанатында Ақтөбе облысы әкімі Б.Сапарбаев әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту Елбасының бес әлеуметтік бастамасындағы негізгі бағыттарының бірі екендігін нақты атап өтті. Тек осы жылы мемлекеттік қолдау шарасы аясында облыс көлеміндегі кәсіпкерлікке 20 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген. Оның ішінде 2,5 млрд теңгені бес әлеуметтік бастама аясында ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға қосымша бөлу мәселесі жолға қойылып отыр.

Бердібек Сапарбаев: «Бәріңізде мемлекет үшін кәсіпкерлікті, соның ішінде әлеуметтік жағынан бағдарлаушы кәсіпкерлікті дамытудың маңызы қандай екенін жақсы түсінесіздер. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ, экономикада қандай қиындық болмасын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселеге баса назар аударып келеді. Мемлекет басшысы 2050 жылға қарай ШОБ-тің экономикадағы үлесін 50 пайызға дейін жеткізу міндетін қойды. Ақтөбе облысы бүгінде экономикалық тұрғыда белсенді халықтың бизнеспен айналысатындары үлесін 32 пайызға дейін, кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 20 пайызға дейін арттырды», - деді.

Өңір басшысы бүгінде барлық әлеуметтік мәселелерді мемлекет пен қоғамдық ұйымдардың күшімен шешуге болмайтынын, аталмыш процесске кәсіпкерлерді белсенді түрде тарту қажеттігін айтты. Және де Ақтөбе облысының тәжірибесі әлеуметтік кәсіпкерліктегі маңызды мәселелерді шеше отырып, бизнесмендерге пайда табуға мүмкіндік беретінін дәлелдейтінін жеткізді. Яғни, бұл жерде кәсіпкер, мемлекет пен халық үштігі де пайдаға кенеледі.

Бұған өңірде тек 2017 жылдың өзінде бюджеттен тыс қаражат есебінен құны 29 млрд теңгенің 73 әлеуметтік жобасы жүзеге асырылғаны айқын  дәлел. Соның ішінде офтольмологиялық аурухана, жедел медициналық жәрдем бекеті, Жекпе-жек сарайы, Өнер орталығы, шығармашылық академиясы, «Жұбановтар әлемі» мұражай үйі, салынып, пайдалануға берілді. Биыл облыс 28 млрд теңге көлемінде бюджеттен тыс инвестицияның есебінен 33 жобаны жүзеге асырады. Атап айтқанда, Ақтөбеде Теннис орталығы, Мұз айдыны сарайы, жеңіл атлетика манежі, «Аналарға тағзым» мұражай үйі, сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту орталығы, ядролық медицина орталығы мен т.б. тұрғызылуда.


«Біз кәсіпкерлікті белсенді дамытуға жұмыстанып жатырмыз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, әрекет етуші ШОБ саны 52 мыңға жетті. Бұл мемлекет қолдауына тиімді жағдай жасайды. Біз кәсіпкерлерді әлеуметтік жағынан жауапты болып жүруге тынбай бағыттап отырамыз», - дейді Бердібек Сапарбаев

Облысы басшысы бұл ретте ақтөбелік қыз-келіншектердің рөлі маңызды екенін тілге тиек етіп өтті. «Өңірдегі кәсіпорындардың 40 пайыздан астамына әйелдер жетекшілік етеді, олар бізде әлеуметтік жағынан хабардар, «Туған жер» бағдарламасын қолдауға да белсенді түрде қатысады. Мәселен, Зәмзәгүл Баймағамбетова балабақша, Халықтық кеңсені салды, қазіргі таңда Неке сарайын салып жатыр. Рабиға Тасыбаева жыл бойғы балалар лагерін, физикалық-математикалық бағыттағы мектеп интернатын салды. Тағы бір жыл бойы жұмыс жасайтын лагерь мен бірнеше балабақшаны қала әкімінің қазіргі орынбасары Күлпаршын Айдарханова тұрғызды, - дейді облыс әкімі.

Жиын соңында Бердібек Сапарбаев Ақтөбедегі әлеуметтік кәсіпкерліктің халықаралық форумы алаңының қазақстандық қоғамның әрі қарайғы позитивті өзгеруі, әлеуметтік жағынан бағытталған отандық бизнестің дамуының бастапқы нүктесіне айналатынына үміт артты. 

Иә, үміт алдамауға тиіс. Әлеуметтік кәсіпкерліктің әлеуеті арта түсер күн алыс емес. Алғашқы халықаралық форумның өзінде маңызды мәселелер көтеріліп, түйіткілді жағдайлар жұрт алдында талқыға түсті. Толайым табысқа жеттік деп төтеден қайырмаймыз. Іс басталды. Білек сыбана жұмысқа кірістік. Игілігін уақыт төрелігіне тапсырдық.