22 там, 2017 сағат 01:25

Әлемнің үздік оқулықтары қазақ тіліне аударылады - Назарбаев

«100 жаңа оқулық» жобасы аясында қазақстандықтар әлемнің дамыған елдерінің тарихын, білімін, философиясын, әдебиетін қазақ тілінде оқи алады, деп мәлімдеді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында.

«Біз қазір дүниенің өскен-өркендеген елдерімен тең боламыз деп жүрміз. Бірақ та, орыс тілінен аударған кейбір Батыстың заманауи оқулықтарынан басқа, қазақ тіліне аударылған ешбір оқулық жоқ. Тек қана өз тарихымызды емес, әлемнің үздік оқулықтарын аударуды жаңа Тәуелсіздік алған мемлекеттер арасында тұңғыш рет қолға алып отырмыз. Біздің оқыған оқулықтарымызды айтайық, философиядан, тарихтан, мәдениеттанудан және басқа да салаларда дүниежүзінің үздік оқулықтары бар, олар да қазақ тіліне аударылған жоқ. Біздегі жоғары оқу орындарын соған бейімдейтін болсақ, балалар Батыстың барлық тарихын, мәдениетін, жүріс-тұрысын білетін болады. 30 елдің арасына кіреміз десек, солардың тарихын, білімін, философиясын, әдебиетін қазақ тілінде оқуға мүмкіншілігіміз болады. Осындай оқулықтарды аударатын арнайы бюро құрылды. Менің білуімше, 17 оқулық баспаға дайындалып жатыр», - деді Н.Назарбаев.

Сондай-ақ, сұхбатта Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының халық тарапынан жақсы қолдауға ие болғанын атап өтті.