11 қар, 2019 сағат 12:09

Әлемнің 50 елінде «Абай домбырасы-party» өтеді

Қазақтың Ұлы ақыны Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай 2020 жылдың 5 шілдесінде 50-ден астам шет елде халықаралық «Абай домбырасы-party» мәдени шарасы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын шілденің бірінші жексенбісінде Ұлттық Домбыра күнін атап өту бастамасын көтерген болатын. Осыған орай 2020 жылдың 5 шілдесінде 50-ден астам шет елде халықаралық «Абай домбырасы-party» мәдени шарасы өтеді«, - деп атап өтеді ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Сонымен қатар Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры мен «Астана Опера» театры А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсымен шетелге гастрольдерге шығады.

«Ал Наурыз мейрамында шет елдерде білім алып жатқан жастарымыз, отандастарымыз Наурыз мейрамы қарсаңында елшіліктерде «Ұлы Абай – халық жүрегінде» атты Абай шығармашылығы негізінде диктант жазып, #МенАбайдыоқимын халықаралық челленджіне қатысады», - дейді ведомстводан.

Естеріңізге сала кетсек, таяуда Ақордада Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Абайдың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысы өткен болатын. Сол жиында 2020 жылдың 8 қаңтарында елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойының басталуына арналған салтанатты шара өтетіндігі белгілі болған еді.

Жалпы, келесі жылы ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай әлемнің бірқатар қаласында Абай ескерткіші бой көтеріп, естелік пошта маркалары шығарылады, орталықтар ашылады.

Мұнан бөлек ақын шығармалары әлемнің 30 тіліне аударылады.