18 сәу, 2018 сағат 12:50

Әлемді роботтар жаулап ала ма?

Жер бетіндегі жұмырбасты пенденің бәрі ерте ме, кеш пе өмір жолын шиырлайтын соңғы нүктеге келеді. Жеке адамның көрер жарығы таусылғанына таңғалмаймыз ғой. Ал күллі адамзат баласының жер бетінен жойылып кету қаупіне сенесіз бе?

Осы уақытқа дейін дінде де, ғылымда да адамзат баласының ақырын сипаттайтын сценарийлердің сан алуан түрі айтылып келді. Жойқын апат алып келетін әділдік сағаты жөніндегі діни жазбалардан бөлек, «2050 жылға қарай 9 млрд болатын әлем халқы ресурстың болмауы себебінен аштыққа ұшырауы мүмкін» деген БҰҰ-ның баяндамасы бар. Олардың қатарына тұтынушылық сана билеген қоғамның ақылсыз әрекеттерінен мекендеуге жарамсыз болып қалған Жерден басқа планетаға қоныс аудару мен өзге ғаламшардан келген келімсектердің шабуылы, сырқат эпидемиясы мен мутациялық ұрпақ туралы футурологиялық болжамдарды қосыңыз. Бұл тізімде аталмаған, бірақ ғылыммен бірге жетіліп, келешек қаупіне қатысты күмән көбейген жасанды интеллект туралы ой қозғау – бүгінгі мақаланың басты мақсаты. 

Жасанды интеллект – интеллектуалды ком­пью­терлік бағдарламалар көмегімен басқарылатын, тұрмысты жеңілдетуге, оның алдындағы жедел шешімін табуды қажет ететін күрделі мәсе­ле­лерді адам уақыты мен өмірін қатерге тік­пей жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ро­боттар.

Азаматтығы бар робот

2015 жылы Hanson Robotics ком­паниясы іске қосқан София есім­ді робот қойылған сұрақ­тар­ға еркін жауап беріп, адам­ның эмоцияларын қайталай ала­ды. Әлемнің әртүрлі бөлі­гін­де қаншама сұхбатқа қонақ бол­ған киборг 2017 жылы Сауд Ара­биясының азаматтығын алды. Бұл елде азаматтық беру процесі қатаң әрі ұзақ екенін ескерсек, адамның қолы қиындықпен жететін фунда­менталды құқыққа темірден жасал­ған «әйел» ие болғаны жасанды ин­теллектің болашағы барын көр­сет­се керек. Осыдан бұрын Сауд Ара­биясы шөл далада NEOM деп аталатын ақылды қала салатынын мәлімдеген еді. Араб мемлекеті ханзадасының айтуынша, толықтай күн мен жел энергиясы есебінен электр қуатын өндіретін, өзін-өзі басқарушы интеллектуалды көлік жүйесі бар қалада тірі адамнан ро­боттың саны басым болады. Шетел­дік ақпарат көздері әлі құрылысы аяқталмаған қаланы қазірдің өзінде «Ро­боттардың Меккесі» деп атайды.

Новосібірлік ғалымдардың кө­мегімен орыс тілін меңгерген Со­фия­ның қабілеті күн сайын жетіл­діріліп отырады. Актриса Одри Хепберннің сыртқы сұлбасына ұқсап құрастырылған роботтың бір сұхбатында «Мен адамзат баласы­ның көзін жойғым келеді» дегені оған ерекше танымалдылық сый­ла­ды. Бүгінде Софияға ұқсайтын ки­боргтар көп. Солардың бірі – 1966 жылы Джозеф Вейценбаум жасаған Элиза есімді виртуалды дос. Ол бағдарламалау жүйесіне енгізілген сөздерді пайдаланып, алдына кел­ген адамға сұрақтар қояды және оның әңгімесін тыңдау арқылы пси­хотерапевт рөлін сомдайды. Қа­зір Элизаның әлдеқайда жетіл­ді­рілген нұсқалары бар. Жапониялық Ян-Янның сырт келбеті адамға қатты ұқсайды және ол сізді құшақ­тап, сезімін білдіре алады. Сингапур технологиялық университетінің жо­басы саналатын Надин есімді ро­бот жоғары оқу орны қабырға­сында қызмет етеді.

Біз роботтарды алғашында, адам ден­саулығына зиянды ауыр жұмыс­тарды атқару, ақыл-ой еңбегіне сал­мақ түсіретін қиын есептеулерді аз уақытта жүзеге асыру, осылай жұ­мыскерлер өміріне төнетін қауіп­ті кейін шегеріп, еңбек өнімділігін арттыру үшін құрастыра бастасақ, соңғы кездері темір интеллектуал­дарға барынша адамға ғана тән қа­сиеттердің бәрін енгізуге күш салып жа­тырмыз. Жасанды интеллектті қауіп көретін ғалымдар «Роботты бә­секе жағдайында адамзат баласын да шаң қаптырып кететін қасиет­тер­ге бейімдеу бір күні олардың адам басқаруынан шығып кетуіне әке­леді» деген жорамал айтады.

Адамнан ақылды компьютер

«Рубик кубигі» деген ойынды біл­мейтін адам жоқ-ау. Шаршының әр қабырғасына бірдей түске боял­ған төртбұрыштарды аз уақытта жи­науды талап ететін ойындағы адам­ның рекорды 2015 жылы 4,904 се­кунд болған. 2016 жылдың қаң­та­рын­да Джей Флэтлэнд пен Пол Роуз рубик кубигін 1 секундта жи­найтын роботты таныстырды.

IBM компаниясы 1996 жылы сол кездегі әлемнің абсалютті чем­пио­ны Гарри Каспаров пен Deep Blue компьютерінің арасында шах­мат ойынынан матч өткізді. Әлем на­­зарын тіккен ойын Гар­ри Кас­па­ров­тың жеңі­сі­мен аяқ­тал­ғанымен, 1997 жылы ком­пьютер құрас­тыру­шы­лары жүйені же­тіл­діріп, қайта кездесу ұйым­дастыр­ған­да адам секундына 200 мил­лион позицияны қарас­тыра ала­тын ақылды технологиядан жеңіліс тапты.

Қытайдың ежелгі ойыны «Го» Google компаниясының назарын аударып, соның негізінде жасалған компьютерлік бағдарлама 2015 жы­лы аталған ойын бойынша Еуро­па­ның үш дүркін чемпионы Фань Хуэй­ді 5:0 есебімен ойсырата жеңді. AlphaGo бағдарламасы 57 пайыз жағдайда адамның ойындағы келесі қадамы қандай боларын болжай алады.

Google компаниясының тех­ни­­калық директоры, футуролог Рэй Курцвейл 2030 жылы адамның миына орналас­тыруға бола­тын нанобот­тар оның қабі­летін тең­дес­сіз күшке ай­нал­ды­ратынын жазады. Мә­селен, біз барлы­ғы­­­мыз қаншама ақ­па­рат біліп, жаңа тіл­дерді үй­ренгіміз келеді. Ал қажетті де­рек ж­а­зылған нано­бот­­тарды адам­­­­ның миына ор­­на­лас­тыру мүм­­­кін­дігі туса, он­да ағыл­шын ті­лін әлі үйренбеген мил­лиондаған адам қызықсыз тірліктен қол үзіп, тіл үйрету курсына бармай-ақ қа­жет­ті тілде сөйлей алатын болады.

Жаппай жұмыссыздық

Жасанды интеллект тудыруы мүм­кін тағы бір қауіп – жаппай жұ­мыс­сыздық. Қытайда роботтар қыз­меті пайдаланылған бір кор­по­рацияда еңбек өнімділігі 250 пайыз­ға артқанымен, 650 адам жұмыссыз қал­ған. Ұлыбританияда жүргізілген зерт­теулер жасанды интеллекттің дамуы еңбек нарығындағы сұра­ныс­ты 30 пайызға қысқартатынын көр­сеткен. Шындығында, адамға қа­рағанда тапсырманы бірнеше жүз­деген есе жылдам әрі сапалы атқаратын роботтардың тиімділігі жо­ғары болуы әбден мүмкін.

Автономды қарулар

Мемлекеттік мүдделерін қана­ғат­тандыру қиын алпауыт елдердің әскери салаға бөлетін қар­жысы жыл­дан-жылға артып ке­леді. Әсіресе, Ресей мен Қытайды өзі­не үлкен қауіп көретін АҚШ Пен­тагонның зертханаларында ав­то­номды қарулар мен соғыста пай­да­ланылатын роботтарды құрас­тыру ісіне ден қойғаны туралы де­рек көп. Қақтығыс жағдайында, адам шығынын арқаламас үшін, со­ғыс алаңдарында жойғыш ро­бот­тарды пайдалану бір қарағанда тиім­ді жоба көрінгенімен, қарулы ро­боттың қарсыласқа қауіпті, бей­біт тұрғынға қауіпсіз болып, дос пен дұшпанды ажырата алатын адам сияқты түйсігінің болмауы жойқын зар­даптар әкелуі де мүмкін. Ғалым­дар жиі тілге тиек ететін тағы бір мәселе, қарудың ниеті бұзық тарап­тың қолына түсіп қалу ықтимал­ды­лығы туралы талас. Егер ақылды ро­боттар террористер мен өзге де адам­затқа қарсы жоспары бар адам­ның, мемлекеттің, ұйымның қо­лы­на түссе, бізді қорғау туралы тап­сыр­ма жүктелген темір досымыздың бағдарламасы бір сәтте өзгеріп, өзімізге қарсы шабуылға шықпа­сы­на кім кепіл?! Роботтар бізді аяп, оны қалай құрастырғанымызды ес­ке алып, тас жүрегі езіліп тұрмай­ды ғой…

Сіз әлеу­меттік желіде өзіңіз із­деген бір дүниенің жар­на­ма­сы мен со­ған ұқсас ұсыныстар легі көз алдыңыз­дан шы­ға беретінін бай­­қаған бо­лар­сыз. Марк Цукер­берг­тің ай­туын­­ша, адамдардың қалаулары мен қы­зығу­шылықтарын зерттейтін жа­санды интеллект Facebook қыз­мет сапасын арттыруға үлес қосады. Британдық «Қара ай­на» ғылыми-фантастикалық се­риа­лында күйеуі қайтыс болған әйел оның қаза­сы­на көндіге алмай, ар­найы роботқа тап­сырыс береді. Компьтерлік бағ­­­дарлама марқұм жі­гіттің Facebook, Twitter әлеумет­тік жел­і­ле­ріндегі бү­кіл хабарлама­ларын, бейнежаз­балары мен фото­сурет­те­рін зерттеп, оның іс-әрекет дағ­ды­ла­рын үйре­неді және соны қай­та­лауға тыры­сады. Лондон им­перия­лық коллед­жі­нің профессоры Мюр­рей Шана­хан жасанды интел­лектке адамдық этиканы үйретуді қолға алған. Оның пікірінше, ро­бот­тардың бо­лашақта адамзат бала­сына зияны келмес үшін, оларға аяушылық, адам­гершілік сияқты асыл қасиет­терді сіңіру керек. Зерт­теуші Марк Ридл роботтарға жақсы мен жаман­ның аражігін айыруды үй­рету үшін ер­тегі айту үлгісін ұсы­нады. Ро­­ботты әлі оңы мен солын таны­май­­тын ба­лаға теңейтін ол, адам­­дар­­ды темір дос­тарынан құт­қару­дың жалғыз жо­лы осы екеніне се­німді.

Динара ТІЛЕУБЕК,

"Айқын" газеті