18 нау, 2020 сағат 15:36

Әлемде мұнай бағасы төмендегенімен, өндіріс арта береді – сарапшы

«Centrasia Group» компаниясының басқарма төрағасы Алмас Құдайберген әлемдегі мұнай бағасына қатысты халықаралық сарапшылардың пікірімен бөлісіп, бұл саланы алдағы уақытта не күтіп тұрғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мұнай бағасы алдағы бірнеше аптада қандай шамада болады? Бұл сұрақ қазір бәрін мазалап тұр. 200 мыңнан астам адам жұмыс істейтін Қазақстанның мұнай сервистік нарығындағы жағдай да осы сұрақтың жауабына тәуелді. Бір мұнайшы – 3 немесе 4 мұнай саласына қызмет көрсетушіден келеді. Коронавирус жағдайына байланысты әлемдегі мұнай нарығындағы жағдай өзгеріп кетті. Бұл Қазақстанның экономикасына айтарлықтай әсер етеді. Мұнай бағасының қазір барреліне 28-29 АҚШ доллары болып тұруы – бәлкім жақсы баға көрінуі мүмкін. Себебі халықаралық сарапшылардың талдауына сүйенсек, алдағы 3-4 айда нарық өте көп мөлшердегі мұнайға толып кетеді», - деді Алмас Құдайберген ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. 

Компанияның басқарма төрағасы өткен жылдың соңында мұнайға деген әлемдік сұраныс пен ұсыныс күніне 100 млн тонналық үйлесімде болғанын айтып өтті. Яғни, күніне 100 млн тонна мұнай өндіріліп, дәл сол мөлшерде сатылып кетіп отырған.

«Мәселен IGS агенттігі 2020 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша нарықта артық 1,3 млрд баррель мұнайдың болатынын болжап отыр. Олардың есебінше 2015-2016 жылы мұнай бағасы төмендеген кезде артық мұнай көлемі 350 млн баррель ғана болған. Бұл мөлшер әлбетте бағаға қысым көрсетеді. Әрине бұл жағдайға коронавирусқа байланысты ахуал әсер етіп тұр. Мәселен Қытайда мұнайды тұтыну деңгейі 20 пайызға төмендеп кетті. Әуе қатынастары да 20-30 пайызға қысқарғанын байқадық. IGS агенттігі осы жылдың наурызы мен мамыры аралығында Қытай мұнайды тұтыну деңгейін 10 пайызға қысқартатынын болжайды», - деді ол.

Алмас Құдайберген ОПЕК+ 1 сәуірден бастап жұмысын тоқтататындықтан Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак секілді елдер мұнай өндірісін арттыратынын айтады. Осы мемлекеттердің мұнай өндірісінің қарқын алуымен нарықта күніне бұрынғыдан артық 5-6 млн баррельден нарыққа құйылады.

«Яғни күніне 15 млн баррельден артық мұнай артық болып қала бермек. Олар күніге өндіріле береді де, сатылмастан сақталып тұра береді. Пандемияның кесірінен сұраныс тәртібінің бұзылып кетуінің салдары бірінен кейін бірі айқын көрініп жатыр. Одан да жағымсыз сценарийлер бар. Мысалы Дольче банк мұнай баррелінің 25 долларға түсетінін болжаса, Сбербанк кеше тіпті баррелінің 20 долларға дейін түсетінін жариялады», - деді ол.

«Centrasia Group» компаниясының басқарма төрағасы осы ретте Қазақстандағы мұнай секторын мемлекеттік тұрғыда қолдау тетіктері ұлғаятынына сенім білдірді.

«Қаржы министрлігі кеше салықтық, мүліктік салықтан босату туралы хабарлама таратты. Бұл шаралар мұнай сервистік индустриясына да қолданылар деген сенімдеміз. Сонымен қатар салық бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдарды тоқтата тұру керек деген ойдамыз. Мұнай секторына қосымша ресурстарды бөлу мәселесі қаралар деген сенімдеміз», - деді ол.