09 сәу, 2020 сағат 17:10

Әлемде 1,5 млн адамға коронавирус жұқты. 90 мыңдай науқас қайтыс болды

АҚШ-тағы Джон Хопкинс университетінің дерегінше, 9 сәуірде әлемде коронавирустың жаңа түрін жұқтырғандар саны 1,5 миллионға жетті. Коронавирустан туындайтын Covid-19 дертінен 90 мыңдай адам қайтыс болды. 337 мың науқас дерттен айықты.

Вирус жұқтырғандардың 432 мыңнан астамы АҚШ-та. Бұл елде 14700-ден астам адам қайтыс болды. АҚШ билігі алдағы бір-екі апта ел үшін өте қиын болады деп болжаған.

Испанияда 152 мыңнан астам адамнан вирус табылды. 15238 адам қайтыс болды. Бұл елде вирус жұқтырғандар саны сәл азайған. Өткен күндері 6-7 мың болса, 8 сәуірде 5756 адамнан вирус анықталды.

Италияда вирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны бірнеше күн бойы түсіп келеді. Өткен апталарда 6-7 мың адамнан вирус табылып жүрген. Кейінгі екі күнде 3-4 мыңнын арасында. Ал 7 сәуірде 604 қайтыс болса, 8 сәуірде 542 адам көз жұмды.

Қазір вирус жұқтырғандар Германия (113 мыңнан аса), Франция (83 мыңнан аса), Иран (64 мыңнан астам), Ұлыбританияда (61 мыңнан асты) және Түркияда (38 мыңнан астам) азаймай тұр.