13 шіл, 2020 сағат 16:40

Әлем жұртшылығы коронавирустан қайтыс болғандарды қалай аза тұтты

Алғаш рет Қытайдың Ухань қаласында тіркелген COVID-19 инфекциясы бүгінде әлемде жарты миллионнан астам адамның өмірін жалмады. Осыған орай әлемнің бірқатар елінде коронавирус індетінен қаза тапқандарды еске алуға арналған қаралы жиын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қытайда адамдарды құтқарып қалу үшін өз өмірін құрбан еткен дәрігерлер мен коронавирустан қаза тапқан азаматтарды жалпыұлттық аза тұту күні 4 сәуірде өтті. 

Қытай тұрғындары жаңа коронавирустан қаза тапқандарды үш минут үнсіздікпен аза тұтты. Аза тұту белгісі ретінде дабыл қағылып, автомобильдер, пойыздар мен кемелер гудоктарын қосты. Бүкіл елде ту төмен түсіріліп, барлық ойын-сауық және қоғамдық шараларға тыйым салынды. ҚХР-дың ведомстволық, ұлттық БАҚ және қытай іздеу сайттары вирустан қаза тапқандарды аза тұтуға байланысты қара-ақ түспен безендендірілді. 

Құрлықтық Қытайда коронавирус жұқтырғандардың саны 85,5 мың адамнан асты. 

Еуропада коронавирус індетінің таралуы Италия мен Испанияда басталды. 

31 наурыз күні Италияда аза тұту белгісі ретінде мемлекеттік ғимараттарда, мектептер мен муниципалитеттерде ту төмен түсірілді. Ел қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Ватикан да Италия жұртшылымен бірге екендігін білдіріп, сол күні мемлекеттік туды төмен түсірген еді. 

Коронавирустың таралуы елдің солтүстігінде, Ломбардия өңірінде 21 ақпан күні тіркелді. Содан кейін вирус бүкіл Италияға тарап кетті. Індет ең алғаш тіркелген сәттен бері бұл елде 243 адамда коронавирус табылып, 34,9 мың адам қаза тапты. Мамыр мен маусым айларында өткен Италия мен Германиядағы футбол чемпионатының бірнеше ойыны індеттен қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. 

27 мамырда Испания да Covid-19 құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Бүкіл ел тұрғындары 1 минутқа жұмыстарын тоқтатты. Бірминуттық үнсіздіктен кейін елде 10 күндік аза тұту жария етілді. 10 күн бойы үкіметтік ғимараттар мен әскери кемелердегі ту төмен түсірілді. 

Наурыз айынан осы уақытқа дейін Испанияда Covid-19-дан 28 мыңнан астам адам көз жұмды. Ал індет жұқтырғандар саны 300 мың адамнан асып түседі. Өткен аптадан бастап бұл елде коронавирус індетін жұқтыру жағдайларының қайта белең алып бара жатқандығы байқалады. 16 шілде күні Испанияда коронавирус пандемиясы салдарынан қаза тапқандарды еске алуға арналған мемлекеттік шара өтеді. 

28 сәуірде Ұлыбритания Covid-19-дан қаза тапқан медицина және әлеуметтік қызметкерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Қазіргі уақытта елде вирус жұқтырудың 290 мыңға жуық жағдайы нақтыланған. Қаза тапқандардың саны 44,8 мың адамнан асып кетті. Жалпы, Ұлыбритания Еуропадағы індеттен ең көп адамынан айырылған ел саналады. 

Швеция Парламенті 17 мауымда коронавирус індетінен қаза тапқан 5,5 мың азаматын еске алуға арналған 15 минуттық шара өткізді. Шара бірминуттық үнсіздікпен аяқталды. 

Бұған дейін 31 наурызда Францияның Ұлттық ассамблеясы коронавирус індетінен қаза тапқандарды еске алған еді. 

Қазақстанда 13 шілде - Жалпыұлттық аза тұту күнінде 1 минуттық үнсіздік өтті. Ақорда резиденциясының алдында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінен қаза тапқан азаматтарды құрметпен бір минут еске алды. Еске алу рәсіміне ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов, Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев, Президент Кеңсесінің бастығы Нұрлан Онжанов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қатысты. 

Індет құрбандарын үнсіз еске алу рәсімі республиканың барлық аймағында өтті. Құрбандарға тағзым шарасын республикалық арналар тікелей эфир арқылы көрсетті. Бүкіл елімізде мемлекеттік ту төмен түсіріліп, телеарналар мен радиолар эфирден ойын-сауық бағдарламаларын алып тастады. 

13 шілдедегі деректерге сәйкес, Қазақстанда коронавирустан 375 адам қаза тапты.