10 сәу, 2018 сағат 15:02

Әлем таланттары Алматы облысында

Талдықорғанда таңдай қақтырған тамаша кеш өтті. Нақтырақ айтқанда, Жетісу жеріне «Әлем таланттары» қорының қолдауымен төрткілді түгел өнерімен тәнті еткен ерекше дауыс иелері келді. І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен гала-концертте тамашалаушының да қатары көп болды. Бәлкім, музыка да тіл болмайды дегеннің, бәлкім, өнерде шекара жоқ дегеннің куәсі ма еді, әйтеуір, өнер шаңырағының кеңістігі де ән мен күйге толып кеткендей көрінді.

Айтулы шарада әлемдік классика, оперетта, заманауи сазгерлердің музыкалары ойналды. Сахна шымылдығын бірінші болып облыстық Сүйінбай атындағы филармониясының М. Төлебаев атындағы қазақ-ұлт аспаптары оркестрі ашты. Олар  Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Әли Алпысбаевтың дирижерлығымен орыс сазгерлерінің классикалық туындыларын асқақтата орындады. Тыңдаушының құрышын қандыратын құнды шығармаларды сағынып келген жұрт та қошаметтерін аяған жоқ.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, бұдан соң әлемге аты мәшһүр авторлар шығармаларына  да кезек берілді. Небір жауһар туындыны өмірге әкелген Имре Кальман, Франца Легар, Николай Стрельников, Жак Оффенбах, Эндрю Ллойд Уэббер, Фредерик Лоу, Алексей Рыбников секілді әйгілі композиторлардың әндері шырқалып, көрерменді құдды сарай кеңістігінен хрусталь-ноталар сыңғыры естіліп тұрғандай әсерде қалдырды.

Әрине, өнердің өнер болып танылуы таңдайынан маржан төгілген талантты орындаушыға да байланысты деуге болады. Айталық, кешке арнайы келген халықаралық байқаулардың лауреаты Денис Федоренко, Валерия Кириллова, Анатолий Рыкунов және Наталья Скрябиналар өз өнерлерімен-ақ сол биікке көтерілген жандар. Өнерде шекара жоқ екенін залдағы көрермен ықыласы-ақ дәлелдеп тұрды. 

Осы ретте халықтың ықыласына дән риза болған өнерпаздар да өз лебіздерін білдірісіп жатты. 

– Талдықорған қаласына үшінші рет келуім. Бұған дейін Қарағанды, Павлодар шаһарларында өнер көрсеттік. Бұл операда Нигярдың образы менің жандүниеме өте жақын. Өйткені, мұнда лирика бар, рухы мықты батыр қыздың образы бар. Жалпы лирикалық, драматикалық сопранаға жазылған. Меніңше, махаббат – мәңгі тақырып. Сондықтан осы рөлді жақсы орындап шығуға тырысамын. Әріптестерімнің барлығына сәттілік тілеймін, – деді опера әншісі Денис Федоренко.

Опера деген жанрдың бегзаттығын сезген жүрек аз ба?!  Оның ыстық ноталарын қармаған көңіл де сондай көп екенін рас. Соның айқын көрінісі, Талдықорған аспанын әнге бөлеген осы бір айрықша лепті кеш болса керек. Оны сыйлаған өнер майталмандары да жетісулық көрермендерге сүйсініп, жер жаннатын көруге әлі талай келетінін жеткізді.

Қозыбай ҚҰРМАН,

Алматы облысы