03 қыр, 2018 сағат 11:28

Әлем ақындары Баянауылда бас қосты (фото)

Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен Астана қаласында бес күнге жалғасқан «Ақ ордалы – Астанам» атты халықаралық поэзия фестивалі өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Елорданың 20 жылдық мерейтойына арналған фестиваль қазақ ақындары мен әлем ақындарының басын қосты.

Фестиваль бағдарламасы бойынша қатысушыларының бір тобы Бурабай өңіріне сапар шексе, бір тобы Баянауылға ат басын тіреді. Көрнекті қазақ ақындары Исраил Сапабай, Есенғали Раушанов, Серік Ақсұңқарұлы, Бақыт Беделхан, Ардақ Нұрғазы, Хамит Есаман, Бағашар Тұрсынбайұлы, Бекзат Смадияр, Нұртас Тұрғанбекұлы және Қырғыз Жазушылар одағының төрағасы Акбар Рысқұлов, фин ақыны эссеші, славян, орыс әдебиетінің аудармашысы Юкка Маллинен, армиян ақыны,баспагерГагик Давтян, орыс ақыны,аудармашыМихаил Сидельников, аустралиялық қытай ақыны, Шанхай университетінің профессоры Оуянг Ю Баянауылда болып, табиғат аясында тыныстады, оқырмандармен кездесті.


Құрметті қонақтарды қарсы алған аудан әкімінің орынбасары Мәдениет Ахметов, аппарат басшысы Қайыркен Абылғазин, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Қорабай Шәкіров жырлы мекен, сырлы өңірмен тұңғыш рет қауышқан ақындарға ел мен жер тарихынан сыр шертті. Фестиваль бағдарламасы бойынша, әр ақынның жеке-жеке бейнебаяны түсірілуі керек екен. Осы жұмысқа белсене кіріскен операторлар ақындардың жайдары қалпын, ыстық құшақтар мен жылы жүздерін қалт жібермей таспалады. Әсерлі сәттер жай ғана бейнетаспаға емес, тарихтың таспасына түсіп жатты. Ал, біздің көңілімге қанат біткендей болды. Әрине, Баянауылда ақындар жиі бас қосса екен деген балаң арманның бірте-бірте ақиқатқа айналып бара жатқанын көріп...

Құрметті қонақтар Жасыбай демалыс аймағында серуендеп, табиғатпен тілдесті. Ашық аспан астында жыр жәрмеңкесін ұйымдастырды. Осынау сапардың басты мақсаты ақындарға еліміздің көрікті мекендерін таныстыру, қазақ жерінің кеңдігі мен байлығын көрсету. Ой қозғайтын ақылдың жері, сөз қозғайтын ақылдың жері, берік оба, тас тұлға, сыралғы болған батырдың жері – Баянауыл топырағына табаны тиген әр қонақтың аузынан шыққан, жүрегінен шыққан әр сөз жыр самалы болып есті. «Бұндай жерде өмір сүріп, ақын болу – ерекше бақыт» дескен ақындар дүркін-дүркін жыр оқып, аспан астын думанға бөледі.

Түнгі аспан астындағы жыр кешінен кейін ақындар топ-топқа бөлініп, өз ойларының жетелеуімен серуен құрды. Есенғали Раушановпен жұлдыздар жайлы әсерлі әңгіме өрбіді. Әр жұлдыздың атын атап, түсін түстеп берген ақын қазақы таным-түсінік бойынша әр жұлдыздың өзіндік мәнге ие екенін, олардың туу жағдайына байланысты ауа-райын аңғаруға болатынын айтты. «Көктегі жұлдыздар жердегі «жұлдыздардан» қорқады. Сондықтан да қалалы жерлерде көп көрінбейді», - деп аспан әлемінің фонарьларына ерекше ынтық екенін аңғартты. Ал, біздің есімізге ағаның бір кездегі өлеңі оралды: «Ай-дағы менікі еді, жұлдыздар да, кетіпті-ау иемденіп әркім бүгін...».


Серік Ақсұңқарұлымен өзімізге ыстық тақырып Есенин жайлы әңгіме қаузалды. Ақсұңқарұлының: «Ақында ауыл жоқ, ақында бүкіл әлем бар» деген сөзін адамзатты сүюге ұмтылу керек дегені деп қабылдадық, адамзаттық ақын болуға талпыну керек дегені деп түсіндік.

Ақындар келесі күні академик Қ.И.Сәтбаевтің мемориалдық мұражайында баянауылдық оқырмандармен кездесу өткізді. Кездесуді Есенғали Раушанов жүргізді. Әуелгі өзді өзі алған ақын: «Мен жастау кезімде «Білім және Еңбек» журналында бас редакторлық жасаған едім. Сол кезде осы Қаныш Сәтбаевке бір нөмір арнаған едік. Қасиетті, қастерлі Баянауылдай елге, жерге деген құрметіміз шексіз. Баршаңызға үлкен рахмет. Бар болғандарыңыз үшін, нар болғандарыңыз үшін, қазақтың жаны қаншалықты сұлу болса, Баянауыл да соншалықты сұлу. Жас ақындарға айтарым, орталарыңызға келген ұлы тұлғалардан, ақындардан үйреніңіздер. Бұл кісілер сіздердің қолдарыңызға күнде түсе бермейді. Ол елдердің дәстүрі, қазіргі заманғы әлем әдебиетінің жағдайы жайлы сұрап-біліңдер. Бұл кездесу – сіздерге үлкен мүмкіндік», - деп ақындарға кезек-кезек сөз ұсынып, жыр оқытты.


Жиында көпшіліктің қолқалауымен Исраил Сапарбай халық әні «Баянауылды» әуелетіп көңілінің түкпіріндегі ынтық сезімін жария еткендей болды.Өз кезегінде сөз алған Оуянг Ю: «Мен Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Осы жаңа мемлекетті көргенде жаңа көзқарас қалыптасты, көзайым болып қалдым. Себебі мен Аустралияда болсам да, мені азияқанды ақын-жазушы деп түсінеді. Менің көзіме Азия десе болды, Шығыс Азия, Оңтүстік Азия секілді өзім көрген мемлекеттер елестейді. Ал, Орталық Азияға келгенде Азияның жаңа бір бетін ашқандай болдым. Табиғаты, салт-санасы маған қатты әсер етті. Бақытжан Қанапянов, Ардақ Нұрғазы секілді қазақ ақындарын аудару арқылды мен қазақ әдебиетімен таныспын. Шығармашық адамы ретінде менің осы сапарым, өзім таныс ортаға келуім, қазақ әебиетінің өкілдерімен етене араласуым ғанибет оқиға болды», - деді. Ал, Акбар Рысқұлов: «Мен Баянауылға келіп, Бұқар жыраудың, Қаныш Сәтбаевтың, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың қасиетті жерін көргеніме қуаныштымын. Бар бол, Баянауыл! Аман бол, Баянауыл!», - деген тілегін жеткізді. Бүтін бір жинағын қазақ даласының құрметіне«Жетісу» деп атаған ақын Михаил Сидельников: «Мені Қазақстанға шақырғанда алдымда не күтіп тұрғаны, қандай сапар тосып тұрғаны маған беймәлім еді. Сөйтсем, мен өмір бойы Баянауылды іздеппін. Менің көзім осыған жетіп тұр. Бұл жерде табиғи өмір, ерекше әсер, мол поэзия бар екен», - деп тәтті әсерімен бөлісі.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, екібастұздық ақын Жұмағали Қоғабай жергілікті филиал атынан мәртебелі меймандарға зор алғысын білдірді. Кездесуге арнайы қатысқан аппарат басшысы Қайыркен Абылғазин барша меймандарға аудан халқы атынан зор алғыс білдіріп, алдағы уақытта елімізге танымал жас ақын-жазушыларды тағы бір мәрте көргісі келетінін жеткізді. Жиын соңында Есенғали Раушанов Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов пен аппарат басшысы Қайыркен Абылғазинді Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Ақ ордалы – Астанам» ххалықаралық поэзия фестивалін жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқаны үшін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамадиұлының алғыс хатымен марапаттады. Басқосуды қорытындылаған Есенғали Раушанов шетелдік қонақтарға Қаныш Сәтбаевтің Англия сапарында Черчельмен болған әйгілі диалогын айтып берді. Қазақтай ұлы халықтың ұлы перзентінің өз ұлтын шексіз сүйгеніне, ерекше құрметтегеніне тамсанған қонақтар таңдай қағысты.

Бұдан соң академик мұражайымен, Баянауылдағы «Ұлы тұлғалар аллеясымен», Сабындыкөлмен танысқан қонақтар Астана қаласына жол тартты.

Баянауылда әлем ақындары бас қосып қана қоймай, күллі әлемді көшіріп әкелгендей әсер сыйлады. Ал, біз сол әлемнің ішінде болғанымыз үшін өзімізді мың мәрте бақытты сезіндік! 


Фестиваль Астана қаласында Елорданың 20 жылдығына арналған «Ақ ордалы Астана» халықаралық поэзия кешімен түйінделді.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ,

Баянауыл ауылы