27 мам, 2020 сағат 09:59

Алдағы бес жылда Қазақстанда 20 ірі клиника салынады - Мемлекет басшысы

2025 жылға қарай елімізде мемлекеттік бағдарлама бойынша 20 ірі клиника салынады. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алдағы 5 жылда мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелерін медициналық техникамен 100 пайыз қамтамасыз етуіміз керек. Сонымен қатар жаңа ауруханалар салу қажет. Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында биылдың өзінде 24 жаңа денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріледі. 2025 жылға қарай мемлекеттік бағдарлама бойынша 20 ірі клиника салынады», - деді Қазақстан Президенті. 

Мемлекет басшысының айтуынша, аталған клиникалардың құрылысы мемлекеттік-жекешелік серіктестік негізінде жүзеге асырылады. 

«Үкімет пен әкімдер бұл тапсырманы мүлтіксіз орындау тиіс. Бүкіл әлемде пандемия қайта өршіп кетуі де мүмкін. Сол үшін жұқпалы ауруларды емдейтін клиникалардың барлығын халықаралық стандарттарға сәйкестендіруіміз керек «, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.