19 ақп, 2019 сағат 12:34

Алаяқтықпен айналысқан актер ұсталды

Алматы полициясы алаяқтық әрекеттермен айналысқан актерді ұстады. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Полицияның айтуынша, 21 жастағы жігіт бұрын да істі болған.

«Полицияға жасөпірімдердің, мектеп оқушыларының ата-аналары шағымдана бастады. Бір жағдайда ол видео жүктеп аламын деген желеумен 15 жастағы оқушыдан ноутбук алып шығуын сұраған. Осылайша баланы алдап дүкенге кіріп кетіп, арғы есігінен шығып кеткен. Ноутбукты 15 мың теңгеге сатып жіберген. Бір жағдайда қыз баланың телефонын алдап алып кеткен», - деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бөлімі басшысы Дидар Аханов.

Қазір аталған дерекке байланысты ҚР ҚК 190-бабының 2-бөлімі, 2-тармағымен қылмыстық іс қозғалды.

«Осындай құқықбұзушылықтан жапа шеккен азаматтар болса, 298-53-70; 298-53-71,  298-53-72 телефондарына хабарласуын сұраймыз.

Айта кету керек, бұл жігіт бұрын екі рет драмалық киноларда ойнаған актер болып шықты», - деді Дидар Аханов.