06 қаз, 2017 сағат 11:37

Алаш арыстары ардақталды

Алматыда «Алаш» партиясының құрылғанына 100 жыл толуына орай «Айбыным Алаш» атты шығармашылық кеш ұйымдастырылып, онда Алаш қайраткерлерінің өлеңдері оқылды.

Кешті Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ғалым Жайлыбай ашты. «Алаш арыстарының кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы ұшан-теңіз. Бүгінгі іс-шара сол мұраны Алматы қаласының тұрғындарына насихаттау үшін өткізіліп отыр» деді ол.

Аталған іс-шарада Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының, Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің студенттері, Сәтбаев университетінің «Бәйшешек» әдеби бірлестігінің өнерпаздары, Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаттың оқушылары, жас ақындар өнер көрсетті. Олар Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин, Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды алаш қайраткерлерінің өлеңдерін композициялық қойылым түрінде образбен орындады. Жас ақындар тобы алаштықтарға, оның ішінде Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтарға арнап өлеңдер оқыды. Шығармашылық кеш барысында қонақтарға алаштанушы-ғалым Болат Мүрсәлім түсірген «Алаштың он екінші желтоқсаны» деректі фильмі көрсетілді. Көрермендер фильмнен Мұстафа Шоқай мен Әлімхан Ермековтың жанды даусын естіп, бір тебіреніп қалды.

 

Алашорданың бір ғасырлық мерейтойына арналған кешті Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының «Сахна тілі» кафедрасының меңгерушісі, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дариға Тұранқұлова қорытынды сөзбен аяқтады. «Мен сахна өнерінің маманы ретінде, бүгінгі кешке өте жоғары баға беремін. Көп жұрт тек жеңіл музыкаға әуестеніп жатқанда, сіздердің осындай салиқалы іс-шара өткізіп жатқандарыңыз үлкен еңбек. Сіздерге барлық кезде шығармашылық табыс тілеймін» деп ол жүрекжарды лебізін білдірді.

Қатысушылардың барлығы кештен олжалы қайтты. Олардың әрқайсысына ішінде 400-ден астам тарихи фотолар жинақталған «Алашорда» фотоальбомы мен Алғыс хаттар табыс етілді. «Алашорда» фотоальбомының жарыққа шығуына «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры демеушілік жасады.

Сонымен қатар шығармашылық кеш аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қолдауымен «Алаш» партиясының жүз жылдық мерейтойына орай кітап көрмесі өткізілді. Көрмеге алаш арыстарының өздері жазған еңбектер мен бүгінгі ғалымдардың алаштану тақырыбында құрастырған жүздеген кітаптары қойылды.

Айта кетейік, «Айбыным Алаш» атты шығармашылық кешті Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша «Ел-шежіре» қоғамдық қоры ұйымдастырды.