29 қар, 2016 сағат 20:11

Алаш, Алты Алаш және Алшын атауы қайдан шыққан

   

    Алаш және Алты Алаш жайлы бүгінгі жазба деректерден білетініміз:

     -     Алты Алаш — Орталық Азия халықтарының ежелгі бірлестігі. 

     -     Алты Алаш – Алты қасқыр (Алты бөрі).

     -     Алаш - Қазаққа жататын ру мен тайпалардың ортақ ұраны;

     -     Ежелгі және бүгінгі Қазақ халқының балама атауы;         

     -    ХХ ғасыр басындағы (1917 жыл) Алаш қозғалысы.

     -   Қазақстандағы Алаш партиясы (1917 – 1920).

    -    Алаш автономиясы (1917 – 1920) (қазіргі Қазақстан аумағында), кейіннен (1920 – 1925) осы аумақта Қырғыз Автономиялық Советтік Социалистік Республикасы құрылды.

    -    Алаш-Орда — Алаш автономиясының үкіметі;

    -    Алаш — Саамдардың от жағатын темір табақшасы;

    -   Алаш басылымы — демократиялық-ағартушылық бағыттағы алғашқы қазақ басылымдарының бірі.

    -   Алаша — әртүрлі түске боялған мақта, жүн жіптерінен өрмекпен тоқылатын төсеніш мүлік.

    -   Алаша (Алаш) хан — халық аңызы бойынша “Алты алашты” құраған тайпалардың түп атасы.

    -   Алаша Хан Күмбезі.

    -   Алаш Баһадүр — Дешті Қыпшақтың атақты батырларының бірі, аймақ билеушісі.

    -   Жас Алаш — үнжария.

    -    Алаш азаматы.     

        Қазақта «аш», «Алаша», «Алшын» этнонимімінің шығу тегі жайлы көптеген аңыздар сақталған. Алаш атауының шығу тегі жайлы қалам тартпаған, өзінің ой-пікірлерін білдірмеген бірде-бір қазақ тарихшысы жоқ десе де болады. Себебі, Қазақты ауызға алсаң, Алашқа соқпай өте алмайсың. Алайда, тарихта бұл мәселе бойынша бірауыздылық жоқ. Әрқайсысы әр жаққа тартады. Тура Аққу, шаян және шортан сияқты.

      Мысалы: 1.«М.Хайдар Дулати Алаша хан Моғолстанның хан Жүніс ханның баласы Сұлтан Ахмет болатын дейді. «Моғолстанда оған қарсы ешкім тұра алған жоқ. Бірнеше рет қалмақтарға жеңісті жорық жасап, олардың көбісіне ажал тапқызды. Екі рет Исан Тайшымен соғысып екеуінде де жеңіске жетті. Бұдан былай қалмақтар одан қатты сескеніп, онымен есептесетін болды. Олар оны «Алашы хан» деп атады. Ал моңғолша  «алашы» - «өлтіруші», яғни «кісі өлтіруші хан» деген сөз. Ханды осы лақап атпен атай бастады. Қазіргі кезде оны «Алаша» хан дейді. Мирхонд пен Хондамир Харави тарихында және басқа кітаптарда да «Алаша хан» деп жазылған» (Дулати М.Х. «Тарих-и Рашиди» Алматы-2003. 144 бет).

        2. Алаша ұғымының шығу тегі туралы Әбілғазының «Түрік шежіресінде» солтүстікте Алаша қаласы бар екендігін айтқан. Оның халқы өсіріп отырған ала жылқыларының атына қарай алаша аталып кеткен.

       3. «Оның аты ерте замандардан мәлім. Ертеректе жетпіс мың үй болатын, көп рудан тұратын еді, олардың әрқайсысы пәлен елміз дер еді. Әр ру әр жерде бөлек-бөлек отырар еді. Татардың жақсырағы және көбірегі Қытайға жақын Биұрнаур деген жерде отыратын еді. Қытай патшаларына тәуелді болып, оған қызмет қылар еді, оқта-текте олармен шайқасып та алатын еді. Онда қытай патшасы әскер жіберіп, қырып-жойып, елдерін шауып, өздеріне бағындырар еді. Бірсыпыра елдері Айқұра мұран деген судың жағасында отырар еді. Айқыра мұран қырғыз уәлаятының тұсынан өткеннен кейін оған жан-жақтан кішкене өзендер қосыла-қосыла үлкен өзенге айналып, Ащы теңізге құятын, құяр жерде теңіз жағасында үлкен шаһары, айнала кенттер көп болар еді. Көшіп жүрген малды ауылдары да болады. Жылқылары ірі болады, жабағысы біздің құнан жылқымыздай, жылқыларының бәрі ала, өзге түсі болмас еді.

       Шаһарының аты – Алақшын еді, шаһарға жақын күміс кені болатын. Ол елдің қазаны мен аяқ-табағы бәрі күмістен жасалар еді. Өзбектің «ала жылқылы, алтын ошақты» деуі содан» (Дулати М.Х. «Тарих-и Рашиди» Алматы-1999. 656 бет).

      4.  Орыстың мемлекет қайраткері, тарихшысы А.И.Левшин Алаша ұғымының шығу тегі туралы былай деп жазған: «Қазақ-қырғыздардың көпшілігі бір кездерде өздерін алаттармыз немесе сібір татарларымыз, яғни бір халықпыз деп санаған. Кейін ішкі араздықтың кесірінен бөлініп кеткен. Әр бөлігін сұлтандар басқарды. Біраз жылдардан соң олардың Алаша деген біреуі барлық сұлтандарды бағындырды да, өзі жеке дара биледі. Ол үш жүз жігітпен Бұқараны басып алмақ болды. Бірақ жеңіліп қалып, аман қалған жолдастарымен тұтқынға түсті. Олар Түркістанда түрмеде ұсталды. Алаша өлгеннен кейін де тұтқында отырған жауынгерлер өздерінің бұрынғы үш отрядқа бөлінуін сақтады». Осы бөлінуден қазақтың үш жүзі пайда болыпты (Левшин А.И. «Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей» Алматы-1996. 147 бет).

      5. Шоқан Уәлиханов Алаша хан жайлы халық аңызын былай баяндайды: «Ерте-ерте, ертеде Тұранда Абдулла, басқа бір нұсқа да Абдул-Азиз-хан деген әмірші болыпты. Бұл әмірдің алапес болған соң Алаша атанған ұлы болады. Мұндай жұқпалы кеселге ұрынғандардың бәрін аластау жөніндегі ежелгі әдетке бағып, әкесі өз ұлын қуып жібереді. Сол тұста Абдулланың қатыгездігіне наразы көптеген қарашылар аштыққа ұшырап, Сыр өзенінің терістігінде жатқан далаға, Қарақұм мен Борсық құмдарына көшіп, қазақи тіршілік кешеді. Ержүрек өжет батырлар үш жүзге дейін күшейіп, ұзамай атағы жер жарып күш жинап, байлық құрайды. Арадан бір жыл өткенде қайтадан жұт басталады. Қазақтар тобыры қайда болсын көршілерінен соққы жей береді. Саяқ жүрген қыр ұландары аштықтың зардабын сезініп, арасында келісім болмағандықтан бөлініп, бір-бірімен қырқысады. Бітер істің басына, жақсы келіп қасына, уақытты пайдаланып іздеу салған Абдулла көріпкелдің күшімен ғана апаттан құтқарып қалады оларды. Осындай қиын-кезеңде екі жүздіктің арасына данагөй қарт Алаш (шетелдік, жатжерлік) келіп, оларға қуат берер сөз айтады. Қазақтар оны ру басшысы және қазысы деп жариялап, оның ақылы бойынша Абдулланың алапес баласы Алашаны хан қояды. Сөйтіп, қырдың кезбе қазақтары көсегесі көгерген қауымға, тіпті кейбір жағдайда ұлтқа (егер көшпелі ұлыстарға бұл атауды қолдануға болса) ұласып, тәуелсіздігі мен дербестігін паш ете отырып, Алаша ханының және Алаш қазы-атасының құрметіне өздерін Алаш атады, яғни санына қарай Үш Алаш болды. Алайда олардың сырттай түлеп өзгеруіне көршілері, тіпті Абдулланың өзі күмәнмен қарап, оларды әдеттегі кезбе-қарақшылардай көрді. Сол себепті олардың қазақ деген атағы Алаш баласының үш жүзінің толық құрамымен Абдулла халқының арасындағы аштық пен ауруды пайдаланып, одан өздерінің тәуелсіздігін тану жөнінде қолхат алғанда да сақталып қалды. Осылайша Алаш дербес жұрт, Алаша оның ханы болды.

       Одан әрі аңыз анығырақ деректерге барады. Ақсақ Темір Тоқтамысқа өзінің бірінші жорығында Қарақұмдағы қазақтардың көшіп-қонуын көріп, олардың ұлысын талқандап, екі ханы – Әмет пен Сәметті дарға асады да, шамандықтың тамырына балта шауып, діннің ақиқат тәртібін тарату үшін оларға машайық ұстаздарын жібереді. Мешіттер мен бейіттердің, құлпытастардың қираған қалдығы сол тәңірге табыну кезінің жұрнақтары. Ақсақ Темірге дейін қазақтар ата-бабаларының рухына, аруаққа сеніп, тазартып пәктендіру күші бар деп отқа, айға, күнге, байлықтың арнасы деп жерге, жануарларға табынып, әр түліктің иесі бар деп ұғынып, жылқыны – Қамбар-ата, сиырды - Зәңгі-баба атап келді. Ал қалғандарын киелі санамаса да, адамға пайдасы бар нәрсенің бәріне табынып отырды.

        Қазақтардың аңыз-әңгімелерінде Орыс-хан әулетінің қашан патша болғаны, олардың ұрпағынан қазақтың тұңғыш ханы кім болғаны беймәлім. Қазақ аңызы өз ханы Жәнібек жөнінде көп айтқанмен, оларға хан болып оның өзі келді ме, әлде бабалары келді ме? – деген сауалға айқын жауап бере алмайды. Жалайридің «Жылнамалар жинағынан» да біз нақты бұған қатысы бар ештеңе таба алмаймыз. Тек оның 14 бетінде ғана сөз арасында Орыс әскерлерінің оң қанатын – саны 2 000 қаңлылар, ал сол қанатын Алаш-мыңы құрады деген бар. Аңызға қарағанда Жәнібек дана (әз) билеуші болған. Сол себепті қазақтар оны Әз Жәнібек атап кеткен. Оның бас уәзірі ақылды да айтқыр Жиренше-шешен болған. Жиренше-шешеннің қанатты сөздерін мақал-мәтел ретінде қазақтар күні бүгінге дейін қолданып жүр. Ал оның өз есімі бүгінде шешендіктің жалпы ұғымына айналып кетті. Менің бір байқағаным – Орыс-хан әулетінің сұлтандары қашан келген деген сауалға аңыз-әңгімелерде жұмған ауыз ашылмайды. Қазақтардың Алаша ханға бағынуы оның балаларын Ақсақ Темір өлтіргеннен кейін доғарылғаны белгілі. Сондай-ақ сайын дала ордасынан қашқан, жеңіліске ұшыраған ханзадалардың да бас сауғалап, паналайтын жері болғаны және аян.

       Әбілғазы мен Жалайыридің аңыз-әңгімелеріндегі осынау үнсіздікке қарамастан, орыс жылнамалары қазақтардың тұңғыш ханы Жәнібектің дәуірін шамамен болса да айқындайтын бірнеше хронологиялық деректер береді. Бұрын ханы болған қазақтардың қауымы моңғолдардың жалпы қабылданған тәртібі бойынша өз дербестігінің бір белгісі ретінде ақ сүйектердің бір өкілінсіз, хандар мен сұлтандарсыз өмір сүре алмайды (Валиханов Ч.Ч. «Собрание сочинений». Т-2. Алмата-1985. 158-159 беттер).

       Тәпсір: «Жануарларға табынып, әр түліктің иесі бар деп ұғынып, жылқыны – Қамбар-ата, сиырды - Зәңгі-баба атап келді» дегені түп тамырымен қате. Қазақтың ешбір шежіресінде Қамбар ата мен Зәңгі бабаны жылқы мен сиыр деп атамайды. Қамбар ата деп жылқы мен жылқышының, Зәңгі баба деп сиыр мен сиыршының  пірін (ең алғашқы үйретушісін, ұстазын) айтады. Еске ұста! Бұл жерде «авторлық» құқық сақталып отыр. Осындай қарапайым қағидаға түсінбей жүргеніміз, тарихатты мойындамағанымыздың кесірі.

       «Бұрын ханы болған қазақтардың қауымы моңғолдардың жалпы қабылданған тәртібі бойынша өз дербестігінің бір белгісі ретінде ақ сүйектердің бір өкілінсіз, хандар мен сұлтандарсыз өмір сүре алмайды» дегені де ешқандай ақылға сыймайды. Адам-адам болғалы басшысыз (атасыз) әулет, ру,  ел, мемлекет болған емес. Олардың бәрі өз елдерінің (руларының, тайпасының, елінің) ақылды, саналы бір азаматын басшы етіп сайлап отырған. Өзге елдің (өзге діннің, өзге тілдің) өкілін ол заманда да, бұл заманда да еш бір ел басшы етіп сайламайды. Бүкіл қазақ Әз тұтып, ғалым деп әспеттеліп жүрген Шоқанның осындай қарапайым дүниені түсіне алмағанына тіпті де сене алар емеспін...

        6. Орыс саяхатшысы, Сібірді, Моңғолия мен Орталық Азияны кеңінен зерттеуші, публицист әрі қоғам қайраткері Г.Н.Потанин қазақ халқының Алаша хан туралы аңызын былай баяндайды: «Қазақ халқы 1362 жылдар шамасында, шамамен 500-600 түтін Түркістан ханының басшылығымен көшіп жүрді. Ханының есімі белгісіз.

       Ханның бірінші әйелінен бала болмағандықтан, соғыста тұтқынға түскен сұлуға үйленіп, одан үсті алапес бала туады.

       Қызғанышқа бой алдырған ханның бәйбішесі  ханға бұл баладан құтылуға кеңес береді.  Хан оған сеніп, баланы Сырдария өзенінің арғы бетіндегі Қара Ноғай даласына апарып тастайды. Ол жерде баланы бір кедей жан тауып алып, өз баласындай етіп тәрбиелеп өсіреді. Бала есейе келе батыр жігітке айналады.  Оның даңқы көрші халықтарға тарап, өз әкесіне де жетеді. Әкесі оның тұрған жерін анықтағаннан кейін өзінің нөкерлерімен бірге өз еліндегі ең бай адам Қотанға және Майқы биге барып баласын елге қайтару мәселесін талқылайды.  Қотан бай мен Майқы би оған өзі бармай, басқа адамдарды жіберуге кеңес береді. Қотанның үш баласы бар еді; үлкені Үйсін, ортаншысы Болат, кенжесі Алшын.

       Ханның баласын іздеуге жүз кісімен Үйсінді жібереді. Үйсін батыр Сырдария өзенінен өтіп, ханның баласын табады. Үйсін батыр мен оның адамдары хан ұлымен және оның адамдарымен достасып, кейін қайтпай солармен бірге қалып қояды. Арадан екі жыл өткенде хан Котан биге тағы келіп, енді не істейміз деп ақылдасып, екінші баласы Болатты жүз жігітімен тағы жібереді. Олар да кері оралмайды. Келесі жылы хан Қотанға тағы келеді. Хан да, Қотан да балаларды қайта оралту мақсатында, үшінші ұлы Алшынды да жүз жігітімен тағы жібереді. Бұларда кері оралмайды.

      Олар өздерінің көбейгенін сезінгеннен кейін еркін қимылдап, әр жерден жылқы барымталап, ноғайдың қыздарын алып кететін болғандықтан, ноғайларға еріксіз қоныс аударуға тура келеді. Осылайша ноғай мен қазақтардың арасында араздық туындаған. Аңыздан белгілі Ноғайдың ханы Тоқтамысты Қазақ батыры Едіге өлтіріп, халқын тонауға салады. Сол кезден мынадай мақал қалған: «Едіге деген ер екен, Елдің қамын жер екен, Ел шетіне жау келсе, Мен барайын дер екен». Оның моласы Ұлытауда жатқаны жұрттың бәріне белгілі.

       Үш жүз адам жиналып, өз араларында хан мен қолбасшы сайлауға келіседі. Өзара келісіп, бірінші келген Үйсін батырды жүз адамымен өзеннің жоғарғы ағысына, екінші келген Болатты өзеннің орта жеріне, ал үшіншісі Алшын мырзаны өзеннің төменгі ағысына орналастырады.

       Кейін, жерге ақ киіз бен алаша төсеп, ханның баласын соған отырғызып, ақ киізбен жоғары көтеріп хан сайлап, оған Алаша хан деген лақап ат береді. Халық арасында олар Алаша деген атпен белгілі болып, қазақтардың бәрі осы Алаштардан өнген болып есептеледі. Бұдан хабарсыз жандар қазақтарды үш Келмембеттен тарайды деп есептейді. Бірақ бұл да Алаш деген атаумен бірдей. Себебі, Келмембетте лақап ат болып табылады.

      Сол үшін де қазақтар Үш жүздің баласы деп айтылады.

      Алаша ханның ескерткіш-кесенесі Әулие Ата да орналасқан» (Потанин Г.Н. «Казак-киргизские и алтайские предания, легенды и сказки» Петроград-1917. 59-60 беттер).

      Түсініктеме: «Ноғайдың ханы Тоқтамысты Қазақ батыры Едіге өлтіріп, халқын тонауға салады» дейді. Барып тұрған жала. Себебі, ноғайы да, қазағы да бәрі бір халық болатын. Шындығында, бұл екі билеушінің таққа (билікке) таласынан туындаған соғыс еді. Орыс тарихшысының «сауатсыздығы» бүгінгі ұрпақты әуре-сарсаңға салып қойды. Демек, ешқашанда орыс тарихшыларының жазғандарын «шындық» деп қабылдауға болмайды. Әйтпесе, ол қандай тарихшы Тоқтамыс ханның әйгілі  Алтын Орданың соңғы билеушісі екенін ажыратуға шамасы жетпеген.

     7. Алаш ұғымы жайлы М.Тынышбаев төмендегідей ой айтады. 1. «Алаш, алаш болғанда, Алаша хан болғанда». 2. Үш жүз немесе үш Орда (Ұлы, Орта және Кіші). 3. Алты – алаш. Өте ерте замандарда қазақтардың басы бір хандыққа бірігіп, бақытты ғұмыр кешкен. Олардың басын қосқан Алаша хан болған. Алаш пен Алаша бір мезгілде дүниеге келген. Алтайда Алаш атты өзен  бар, ол сол жақтан Кемшік өзеніне құяды. Ол Ұлы-Кем өзенімен бірігіп баршаға белгілі Енисей өзенін құрайды. Алаш өзенінің жоғарғы жағы Телес көлінің шығыс жағынан 70 верст жерде. Ол жерден біз шеркеш, беріш, алчедат, алшын т.т. топономикалық атауларды кездестіреміз.

      Бір қызығы Алаш атауы Алшын, ноғай, қазақ атауларымен қатар қолданылады.

      Қазақтар Темір заманында Алтын Ордадан бөлінбеген. Керісінше, ноғай және қазақ деп Алтын Орда халқының бәрі аталған. Олардың ішінде Алаша хан аталмайды.

      Алашта Ноғайлардың негізгі ұраны.

      Біздің ойымызша Алшындардың аталары Алтайда тұрған, олардың шығыс жағында моңғолдар, соңғылар батыстағы көршілерін олардың үнемі шабуыл жасап отырғанына байланысты алаш (кісі өлтірушілер) деп атауы мүмкін. Еске ұстайтын жағдай Алаш атауы, кейіннен қалмақтармен қойылуы мүмкін емес, себебі олар ноғайлармен қатынасы ХҮ11 ғасырдың басынан басталады. Ал, ол кезде Алаш атауы ноғайда да, қазақта та бар болатын (ең кемінде Темір заманында).

     Осылайша, «алаш» сөзсіз «Алашадан» бұрын дүниеге келген» (Тынышбаев М. «История Казакского народа» Алматы-1993. 146-147 беттер).

      Түсініктеме: Жоғарыда көрсетілген жеті деректің (аңыздың, болжамның) ішіндегі ең тұшымдысы осы. Ақылға қонбайтын артық сөз жоқ. Бұл деректен әркім өзін көре алады. Мысалы мен Алтайдан Кіші Жүз - Бекарыстың екі баласының атындағы Алшын (Алаш) және Кемшін (Кемшік) өзендері атауын көріп отырмын. Қалған топономикалық аатулардың бәріде (шеркеш, беріш, алчедат, алшын) тек қана кіші жүз - Алшынға тән.

      8. Шәкәрім Құдайбердіұлы да Алаша хан туралы пікірін былай білдіріпті: «Әз Жәнібек қазақты Қашқардағы Шағатай нәсіліне қаратқан соң, кешікпей сол кездегі қазақты һәм көшпелі басқа елдерді Жүніс ханның Ахмет деген баласы билеп, оның ағасы Жәнеке (шын аты Махмұд деген) Ташкентте үлкен хан болыпты. Сонда Ахметхан қазақтың әскерге жараулысын үшке бөліп, ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз деп қалмақты шаба берген соң, қалмақтар Ахметханды Алашы қойыпты. Мағынасы «Жан алғыш» дегені, оны есіткен соң Ахметхан қалмақ бұл атты қорыққан соң қойды, енді қалмақты шапқанда «алашылап» шабыңдар деген соң, қазақтар алашы деп шауып, сол қазаққа ұран болыпты. «Алаш-алаш болғанда, Алашы хан болғанда, қалмаққа не қылмадық», - деп мақтанатұғыны сол» (Құдайбердіұлы Ш. «Түрік, қырғыз һәм хандар шежіресі». Алматы-1991. 23 бет).

     9. Осы арада Алаша хан деп айтылып отырған сұлтан Ахмет жайлы «Қазақ Совет энциклопедиясында» төмендегідей мәлімет келтірілген: «Сұлтан Ахмед (Алачэ) хан (1465/66-1503/04) – Моғолстан ханы. Жүніс ханның баласы. Сұлтан Ахмет хан әкесінің саясатына қарсы шықты. Ол 1484 жылы әкесінен бөлініп, моғолдың бірнеше руын басқарып, Мауареннахрдан -Моғолстанға қоныс аударды. Бірақ жергілікті халық – қазақтар мен қырғыздарды бағындыру оңайға түскен жоқ. Мұхаммед Хайдар Дулатидің жазбасына қарағанда, сұлтан Ахмед хан арлат, жарас, калучи т.б. жергілікті тайпаларды бағындырып, Моғолстанның шығыс бөлігінде билік құрды. Ол 1470-1503 жылдары бір тұтас мемлекет құру үшін қазақ хандарымен бірігіп, Кашғар мен Жаркентті бағындыру ниетімен Дулат әмірі Мырза Әбу Бәкірмен соғысып, жеңіске жете алмады. 1503 жылы Мұхаммед Шайбаниден жеңіліп, Ақсуда қайтыс болды» (Қазақ Совет энциклопедиясы. Алматы-1977. 461 бет).

      10. «Алаш» атауы, Алаша хан туралы Ә.Бөкейхан да былай деп жазған екен: «Қалмақты шаба берген соң қалмақтар Ахметханды Алашы қойыпты. Мағынасы – хан Алаш дегені. Оны естіген соң Ахмет хан: қалмақ бұл атты қорыққан соң қойды, енді шапқанда Алашылап шабыңдар деген соң қазақтар: «Алаш» деп шауып, сол қазаққа ұран болыпты (33-інші бет).

      Бұл қалай? Алаш деген – біздің қазақ сөзі. Алаш қалмақ қойған ат болса, қалмақ өз тілімен қоятын жөні бар емес пе?

      Мысалы, орыс бұл күнгі Германия жұртын немец деп қойып отыр, орыс тілін білмеген соң, сен мылқаусың деп; орысшы мылқау – немой. Германия жұрты өзін «дойче» деп атайды. Түбінде Шаһкерім «Алашысы» Алач болып шықса да, бұ күйде ақылға көмескілеу деймін. Қалмақ тілінде біздің «Алаш» Алаша болса, Шаһкерім сөзі сонда дұрыс болар еді. Астрахан губернясында қалмақпен көрші отырған қазақ, қалмақтар біледі ғой. Қазақша алаш не сөз? Мұны біздің «Қазаққа» жазатын аға-іні табылар ма?

      Ақмола облысында, Атбасар үйезінде, Бағаналы-Балталы деген найман жайында, Қаракеңгір бойында сырлаған кірпіштен салған ескі екі бейіт бар: Алаша, Жошы хан атты. Бұрынғы уақытта бұл өзенге, осы күні Перовскіге қарайтын тама да жайлайтын еді. Бағаналы-Балталы, тама бұл Алаша хан, Жошы хан бейіті турасында не біледі? Жұрт арасында айтылып жүрген ескі сөз болса, мұны біздің «Қазаққа» жазушы болмас па екен?» (Бөкейхан Ә. Таңдамалы. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы., 1995.  335 бет).

      11. Ә.Бөкейхановтың бұл сұрағына Х.Досмухамедов былай деп жауап қайтарған: «Орал облысында,-деп жазды ол,-Уральски казачи воинскаға қараған қалмақтар бар, «Қыр баласының» өтініші бойынша, Алаш деген қалмақта сөз бар ма? Мағынасы қазақша не болады? - дегенімде, қалмақтар айтты: Қалмақ тілінде "Алаш" деген сөз бар, қазақша мағынасы – өлтіргіш, аямаушы, «жаугер» деп.

      Алаш деп қалмақтар жақтырмаған орында айтады. Жаны ашымай хайуанатты көп өлтіре беретін аңшыларды да қалмақтар «Алаш» деп атайды» (Досмухамедов Х. Алаш не сөз? «Қазақ» газеті. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы. Бас редакциясы, 1998. 560 бет).

      Түсініктеме: Біз бұл аңыздардан Кіші жүз-Алшынның аса жауынгер ел болғанын көреміз. Бұл қазақтың «Ұлы жүзді қауға беріп малға қой, орта жүзді қалам беріп дауға қой, кіші жүзді найза беріп жауға қой» деген мақалына толықтай сай келеді.

      «Сендер атадан туысыңды білесіңдер де оның өсиетін білмейді екенсіңдер,— дейді Қазбек.— Аталарың «ұлы жүзді қауға беріп малға қой, Кіші жүзді найза беріп жауға қой, Орта жүзді қамшы беріп дауға қой дегені қайда? Жығылсам сүрінсем сүйер алдымда ағам, артымда інім бар, билік жөні менікі емес пе?» — деді Қазыбек.

      Бұл сөзге екі жағы да тоқтап, билікті Қазбекке береді» (Орта жүздің атақты биі Қаз дауысты Қазыбектің Төле биге берген жауабынан).

     12. Алаш туралы Қ.Халидтің еңбегінде бірнеше болжамдар келтірілген:

    -  Алаш деп Алаш пен Алынша ханды атаған. Алынша хан жалпы хандардың бабасы, моңғол мен татардың атасы. Алынша хан заманында Ноғай, Қазақ, Қалмақ осы атаулармен айрылмай, бәрі бір атпен, бір тақтың билігіндегі біртұтас бір ел болған. Тоқтамыс хан мен Ақсақ Темір дәуіріне дейін бір хандық болып өмір сүріп, енді ыдырауы басталады. «Қазақ, қалмақ бір кісі, ноғай, қазақ бір кісі» деген нақыл осыдан қалған болмақ керек. Осыған қарап, сарт, ноғай, яки қазақ пен сарт кетіссе «Алаш, алаш» дегенде қазақ, ноғай бір болып, сарт сыртта қалады. Тегі, қайдан екенін білмеген надандар мүндай сөзге барысса, бір-бірінің намысына тиеді. Өзбек өз ағам, сарт садағам дейді. Бұл сөзге Қожа Ахмед Яссауидің: өзбекте бар иманым, тәжікте бар күмәнім сөзін салыстыру керек. Сарт-сырт дегендері де бар, яғни олар бізден бөлек, тысқары дегені. Қожа Ахмедтің түркі тілдерінде ғибрат сөздері өте көп, халыққа жақсы, әр кез ізгі ниетте болуға, уақыттың бағасын білуге шақырып айтқан. «Әркімді» көрсең қыдыр біл, әр кешені (дуана) қадір біл дегені, нәпсіні, яғни өзін-өзі басып, тоқтата білуге «Барша жақсы – біз жаман, бәрі бидай – біз сабан» деген үндеу сөздері өте көп. Ал Алынша ханның ахуалы ол да манғұл, татар бөлімінде айтылады.

              - Бағзылар хазреті Анас әулетінен болғандықтан, Анастан Алаш болады деседі: Бабаларын санап келгенде бұл дәлелсіз дағуалары (уәж) жарым жолда қалады, Анасқа қосылмайды. Кейбіреулер өзбекті де араластырады, ол дұрыс емес, бұған қоса өзбектің арабтардан шықпағандығына ешкім шек келтірмейді.

     - Бір ханның ұлы алапес (денеге түсетін ақтаңдақ) болғаны үшін қасына жүз кісі қосып, қаладан шығарып жіберген. Олар сахара мен тауларда мекендеп өмір сүрді, одан керуендерді тонап, күн бермеген. Оларды тыймақ болған хан тағы жүз жасақты жібереді. Алайда бұлар барып көрсе, өз еріктері өзіне тиген олар байып алған, тамақ тоқ, ат әбзелдері сай, алаңсыз күн кешуде екен. Келгендер де соларға қосылады. Хан тағы жүз кісі жібереді, бұлар да қосылып осыдан келіп ұш жүз жасақ құралады. Соңынан жіберген талай әскерлер осылай қала беріп, көбейіп елге кірмей қашып жүргендіктен «қашақ» - осыдан кейін келе «ш» дыбысының орнына «з» қолданып, қазақ болған. Ала ханға ергендіктен «алаш» - жалпы саны үш жүз болғандықтан «алаш үш жүз» болған деседі. Десе де бұл нақыл аса тарихи анықтамаға келмейді. Өйткені бір адамды ұнатып, соңына ергендер, оның кемшіндік атын атамас, жақсылық жағын, болмаса өз атын ескерген болар еді. Екіншіден оларды елдік, достықпен шақырса, оларға бірдей жүз адам жібермес еді. Соншалық жасақ жіберу қажет болмас еді. Мүмкін елшілікке бес – он кісі жіберсе де жеткілікті болар еді. Ал еріксіз келтіруді мақсат етсе, ханға неше жүз болса да әскер шығаруы қиынға соқпас еді. Осымен үш қаулының ішіндегі әуелгісі шындықты, тарихты мақұлдатады. Алынша ханға ыңғайлап «алаш ұранды ағайынбыз» деген ақылға қонымдырақ. Себебі Алынша хан заманында халық мұншалық өспей, аз кезде татар, манғұл айырылмай, бәрі «Алынша ханның елі, Алынша ханның жұрты» атанып, бұл сөз осы кезде дейін ұмытылмай, «алты сан алаш» деп айтылады. Сонда «сан» манғұл, татар тілінде он мың басшысына тән қойылған атақ. Осыған қарағанда Алынша ханның алпыс мың жасағы, мүмкін алпыс мың түтіні болып, осынша сан бір әміршіге бас игені, ол заманда мемлекетке есеп берілетінді. Ал «алты сан алаш» сөзі көптігіне ишара болса керек. Кезінде бұл сөз өте анық мағынаға ие болғандығынан қазір де асыра сілтегенде айтылады. Алынша Нұх пайғамбардың баласы – Яфастың төртінші немересі.  Алыншаның 39–шы немересі Шыңғыс хан.

                      13. «Ала жылқылы» тайпасы туралы қытай жылнамасында, Ю.А.Зуевтың айтуынша, былай делінген: «Ту–цюэнің (түріктердің) солтүстігінде тұрады; [Қытайдың] астанасынан 14 000 ли жерде. Шөп пен судың соңынан көшіп отырады, бірақ негізінен тауда тұрады. Сапта 30 000 жауынгері бар. Ол жақта үнемі қар жатады, ағаштың жапырақтары түспейді. Егістік жерді атпен жыртады, жылқыларының бәрі ала, сондықтан мемлекеттің аты да [солай] аталған. Солтүстікте теңіздің қасында тұрады. Жылқылары болғанымен, атқа мінбейді, жылқының сүтін тамаққа пайдаланады. Цзе–Гумен жиі соғысып тұрады».

               14. «Алаш» деген атаудың шығуы туралы Б.Кәрібаев пен Ә.Хасенов Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясында былай деп жазыпты: «Алаш (ежелгі түрік сөзі – бауырластар, қандастар, туыстар) – көне заманда, түркі халықтары бөліне қоймаған қауым кезінде дүниеге келген ұғым. Ортағасырлық және одан ерте кезеңдегі деректерде қазақтың өз алдына ел болып, хандық құрғанға дейінгі ежелгі тайпаларының ортақ атауы. Алаш аты тарихта кездесетін ең көне атаулардың қатарына жатады. Моңғол-татар – қазақ шежірелерінде Алаш (Алашы) хан туралы айтылады. Кеген тас жазуында (б.з.д. IV ғ. шамасында) «Қаған алты бөріг алаш(а) ерті» деген жолдар, Алтай тауының Сібір жағында (Тува) Алаш атты өзен, Алаш атты тау сілемдері бар. Алаш атауы бүгінгі күнге дейін түрікмен, қырғыз, қазақ, ноғай, т.б. халықтардың есінде сақталған. Кеген тас жазуында «алты бөріг» («алты қасқыр») деген сөздің «алты алаш» мағынасын беретіні жөнінде (үйсін, қаңлы, қырғыз, хақас, татаб-татар, сяньби-ғұн тайпалары) ғылыми болжамдар бар. Алаш туралы аңыздарда мал-мүлікке жеке меншік болмаған кездегі қауым тұрмысының сілемі байқалады. «Алаш – алаш болғанда, Ала тай ат болғанда, Таңбасыз тай, енсіз қой болғанда» деп келетін сөздер осыған меңзейді.

                Қазақ халқының басын құраған ежелгі тайпалардың көпшілігі Оғыз қағанға бағынғанын ескерсек, «Алты алаш» деген ұғымды оғыздың алты ұлына ерген ел деп түсінуге болады. Бұл тұрғыдан алғанда Алаш деген ортақ түркілік атау Алтын Орда (Қыпшақ мемлекеті) ыдырағаннан кейінгі кезде қайтадан жаңғырған бауырлас түркі халықтарының басын біріктіру ұраны, ортақ атауы да болған сияқты. Ал енді қара қазақ шақыратын «Алаш» ұраны «Алаш – алаш болғанда, Алаша хан болғанда, бұл қалмаққа не қылмадық» деген сөздер кейінгі Алаша есімімен байланысты деу қисынға келеді. Бұл орайда Саққұлақ би шежіресін, Ә.Диваевтың, Г.Потаниннің, Ш.Уәлихановтың, А.Янушкевичтің, Ш.Құдайбердиевтің, М.Тынышбаевтың ел арасынан жинаған аңыз-әңгімелерін, күнделік жазбалары мен ғылыми мақалаларын атаған жөн. Олардың бірінде – алапес болып туған бала, екіншісінде – алашаға отырғызып көтерген хан, үшіншісінде – Ұлытаудан асырып тастаған баланың әскербасы болғаны, төртіншісінде – қалмақты қорқыту үшін «Алаш» сөзін ұран еткені айтылады. Соның қай қайсысы да Алаштың хан болғандығын, қара халықты соңынан ертіп, айбарының асқандығын дәріптейді. Ескі шежіре деректерінде Алаш атауы қазақ халқының синонимі ретінде келтіріледі. Мысалы, Қадырғали Жалайыр өз еңбегінде қазақтың орнына Алаша атауын қолданады. Шежірелердің бірінде Алашқа өзбек, түрікмен, қарақалпақ, қырғыз, қазақ, ноғайды жатқызады. «Қамбар батыр» жырында («Тамашаға жиылсын, Алты Алаштың баласы»), Бұхар жыраудың Абылай ханға айтқанында («Он сан Алаш баласын жұмсап бір тұрсың қолыңмен»), Махамбеттің («Алты сан алаш ат бөліп, тізгінін берсе қолыма») өлеңдерінде Алаш сөзі қазақ атауының баламасы ретінде берілген. «Атамыз Алаш, керегеміз –ағаш» деген қазақ халқы ұлттық тәуелсіздік жолындағы күресінде ежелгі Алаша ұғымына қайта оралып, оны бостандық пен бірліктің ұраны етіп алды. Соның дәлелі ретінде «Алаш қозғалысы», «Алашорда», «Алаш» деген ұғымдарды атауға болады. «Алаш азаматы» деу қазақ халқының ауыз бірлігіне, елдің, жердің тұтастығына меңзейді (Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. Т.1, – Алматы. 1998. – 246 бет).

                15. Алаша хан туралы уәж Қазақстан ұлттық энциклопедиясында былай келтірілген: «АЛАША (АЛАШ) ХАН – халық аңызы бойынша «Алты алашты» құраған тайпалардың түп атасы. Қазақ шежіресінде Алаш ханның шыққан тегі қарапайым кісі болған делінеді. Оның есімі қазақтың шығу тегін баяндайтын ең көне аңыздарда кездеседі. Сондықтан кейбір ежелгі деректерде «Алаш» этнонимінің шығуы осы Алаша хан атымен байланыстырылады. Оның есімі 1Х ғасырдың туындысы «Қорқыт» дастанында айтылады. Орта ғасырлар мұраларындағы Алаша хан – Х1Ү ғасырдың 11 жартысы мен ХҮ ғасырдың 1 жартысында өмір сүрген әрі батыр, әрі би, әрі ұлыс билеушісі. Алаша хан ел жадында жауынгер тайпалар – көшпелі түркілерді біріктіріп, тұңғыш алаш (қазақ) мемлекетін құрған ұлы қайраткер ретінде қастерленеді. Әбілғазы шежіресінде Алаша ханның әкесі Көк хан болғандығы, ұрпақтарының бірінің есімі Қара хан, ал немересі – оғыздардың түп атасы – Оғыз хан аталғандығы жазылады. Рашид-Ад-Дин мен Әбілғазы Алаша ханның өмір сүрген жері – Дешті Қыпшақтың орталық бөлігі деп көрсетеді. Бұл тарихи деректер ел аузындағы Алаша хан ордасы Ұлытау төңірегінде болған деген тұжырыммен ұштасады. Ұлытау өңіріндегі «Алаша хан ордасы» аталатын үлкен сарай-қамалдың қалдығы (Жаңғабыл өзенінің бойында) және Қаракеңгір өзенінің жағасындағы «Алаша хан күмбезі» аталатын Х-Х1 ғасырларда салынған ғимарат әлі күнге дейін сақталған» (Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. Т.1, – Алматы. 1998. – 248 бет).

      16. Алаша хан туралы аңызды жинап, кейінгі ұрпаққа жеткізушілердің бірі қазақ халқының белгілі қоғам қайраткері, алашорда үкіметінің мүшесі Отыншы Әлжанұлы (1873-1918) болған. Ол кісінің жазып алған нұсқасы «Қазақ тарихы» жұрналында (2005, №2) жарияланды. Бас жағындағы екі нұсқа алдында келтірілген нұсқаларға ұқсас. Үшіншісі «Алаша хан Бұхар ханының баласы еді. Бұхар ханы солтүстік жақтағы халыққа аттанып, көп хандарды орнынан тайдырып, неше елді өзіне қаратып, оларға хан қылып өзінің жақын ағасын, інісін, баласын қойған еді. Сонда қазақ халқына өзінің баласы Алаша ханды қойған екен. Қазақтан ықтиярсыз, зорлықпен хан болған себепті Алаша хан қорқып, өзіне Бұхарадан һәм өзге жерден жалдап көп нөкерлер ұстапты. Сол көп әскері болғаны себепті қазақта хан болып, халықты жөнге салып ұстап тұрыпты дейді. Қазақ халқы да Алаша ханды өзі ер, әділ, ақылды болған соң жақсы көріпті. Және ол хан болып тұрған уақытта қазақтар айналасындағы жауласқан халқын жеңіп тұрыпты. Һәм қайсыбіреулерін өзіне қаратыпты» (Әлжанов О. Алаша хан һәм оның баласы Жошы хан турасынан қазақ арасында бар сөз. Қазақ тарихы. 2005. №2. 28 бет).

     17. Н.А.Аристов «СырДарьинской области. – Ташкент, 1889. с.2) Қара-қырғыздардың әкесі – Алашаның үш ұлы болыпты: Байшора, Жаншора (орта жүздің атасы) және Қарашора (кіші жүздің атасы)», - дейді (Аристов Н.А. Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности. СПб., 1897. – 395 бет).

      18. «Белгілі орыс тарихшысы Г.Н.Вернадский 1913 жылы Санкт-Петербург университетінде оқыған лекциясында Моңғол империясының 1331 жылғы картасында орыс жері де «Алаш» құрамына кіретіндігін, оның империяның Қиыр Солтүстік батыстағы ажырамас бөлігі екендігін атап айтады. Бұл дерек бізге «Алаш этнонимінің түп-төркініне бүгінгіден мүлдем басқа таным тұғырынан, мағына мұнарасынан қарауды талап етеді» (Т.Жұртбай. Түркістан газеті. №23 (653) 18.01.2007).       

      19. Орыс тарихшысы П.И.Рычков: «Нұх пайғамбардың Яфет деген баласынан Түрік туады. Оның бесінші ұрпағы Аламзя (Алаша) хан болған. Одан моңғол-татар тарайды. Екеуі бір халық болған. Өзара ұрыс-керістің нәтижесінде Өгіз ханның кезінде бөлініп кеткен. Шыңғыс хан ғана оларды қайта біріктірген», - дейді. Рычковтың айтуынша Алшын деген атау Алаша деген атаудан шыққан.

        Түсініктеме: Біз үшін Рычков нұсқасының құндылығы, ол әйгілі Шыңғыс қағанның тегін Алаш (Алшын) деп отыр. Ол ақиқатында да солай болатын.    

      20. «Ары да ұлы бабалар, бері де ұлы Шыңғыс қаған құрған алып мемлекетті (Түркістан) қайта қалпына келтіруге барынша жан салған Алашорда арыстарын түгелдей  қырғынға ұшыратты.  Бұрынғыша бүкіл түріктің басын қосып үлкен Түркістан мемлекетін қалпына келтіруге барынша жанталасқан Мұстафа Шоқай былай деп жазыпты: «Бүгін Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түрікменстан һәм Тәжікстан деп жат үкімет күшін алты жүмһүриетке бөліп тұрған Түркістан – бөлінбес, айрылмас бір өлке. Халқының қаны бір, тілі бір, діні бір». «...Түрік халқы – батыр халық. Түрік халқы – арыстан ер халық. Кімнен таяқ жегендей біздің түріктің баласы, алдырып жүрген дұшманға ауызының аласы». 

       Тура осындай өсиетті бізге Қожаберген жырауда қалдырған:

        «Алашқа жатқан алты елдің,

        Түпкі атасы Тұраннан,

        Жаңылмаңдар қазағым,

        Алаш баба ұраннан».  

        Қазіргі уақытта әлемнің 49 мемлекеті өздерін түркі мемлекеттері санатына қосады. Бірақ олардың бірде-біреуі бүкіл түріктің бастарын қосу саясатымен айналысқан емес. Осының өзі-ақ бізді, сонау бағзы замандардан бері келе жатқан Ұлы Қазақ қаған, Алаш қаған,  Ата ұлы (Ад ұлы, Еділ, Аттила), Тоныкөк Білге қаған,  Қарахан қаған, Оғыз (Өгіз) қаған,  Шыңғыс қаған сияқты әлемді билеген ұлы түрік асылдарының, түп қазығы, ата жұрты екенімізді көрсетсе керек» (М.Қожырбайұлы «Шыңғысханның тегі Адай» Алматы-2010).

        21. Қазақ тарихшысы З.Қинаятұлы, ««Алаш» дегеніміз қазақтың бір атауы деген тұжырымды Қадырғали Жалайыр, Ш.Уәлиханов, М.Ж.Көпеев, Ә.Бөкейханов айтып кетті» («Үш қиян» № 25 (483) 12.08.2010).

        22. «Қазақтарға осынау ұлан-ғайыр жерді қорғап тұру оңайға соқпады. Сондықтан бір Алаштың баласымыз деген ой-тұжырым тамаша идея болды. Себебі, осы идея қазақтардың басын қосты» (профессор Марта Олкотт, ағылшын ғалымы).

        Келіңіз осы деректерді қазақтың ежелгі сөз, шежіре жасау жүйесіне салып, саралап көрелік:

        -   Ұлы Жаратушы Адам ата мен Ауа ананы жаратып, оларға сана мен сөйлейтін тіл бергелі  жетпіс мың жыл болды, Адам Ата қазақтың Ана тілінде сөйлеген, Қазақ жер бетіндегі ең алғашқы мемлекет, қалған елдер мен ұлыстар Қазақтан тараған, деп жырлайды Маңғыстаулық Адайлардың ақиық-ақын жыраулары. Бұндай шежірелік деректерді қазақ даласының өзге өңірлерінен кездестіре алмайсың. Себебі, Ата шежіресі де, оның Ана тілі де тек қана «кенже» бала да, яғни  Қарашаңырақта сақтала алады.

       -  Шежіре дерегі бойынша  Он екі Ата Байұлы Қазақтың қарашаңырағы, ал Бай ұлдарының кенжесі Адай. Демек, Адай Қазақтың кенжесі. Адайдың  қазақ шежіресінің ең соңында тұрғанының сыры осы.

        -  Өте ескі замандарда қазіргі Қазақ елі Алаш атанып, оның Алаша атты ханы болған. Ол атамыздың есімі Алшын шежіресінде он екі ата Байұлының ең үлкені Алаша атты ру атымен сақталған.  Соған сәйкес «Алаш» аты ерте де жалпы қазақ қауымының ұраны болған. Қазақтың байырғы шежірелерінің барлығында да «Алаш» сөзі «Қазақ» атауының синонимі ретінде қолданылған. Ел аузына таралған:

          Алаш – Алаш болғанда,

          Ала тай ат болғанда.        

          Таңбасыз тай,

          Енсіз қой болғанда,

          Алаш хан болғанда...»

дейтін сөздер Алаш жайындағы аңыздың меншікті мүлкі қалыптаспаған (тайға таңба баспайтын, қойға ен салмайтын) заманнан келе жатқанын аңғартады. (Қазақтың көне тарихы. 27 бет).

        Бұл жағдайды «Адайдың айтқышы», «жырдария ақыны» Қашаған былайша жырлапты:

        «Ата жігін айтқанда,

        Ешкім жоқ бізбен таласқан.

        Түрікмен менен Өзбек, Сарт,

        Қарақалпақ, Қазақ пен Қырғыз

        Бәрі де өнген Алаштан» (Қашаған Күржіманұлы. Қосай ата ұрпағы).

             ...«Атамыз қазақ болғаннан.

             Үш анадан дүреген,       

             Алаштың алты баласы.

             Үш жүз болып аталған,

             Атасынан бата алған.

             Сол күнде қазақ мекені,

             Алаштың Алатауы екен» (Ислам Жеменей «Иран қазақтары» Алматы. 2007. 88 бет).

       «Алаш-Алаш болғалы,

       Алты Алаш атақ алғалы,

       Ақбоз орда үй тігіп,

        Сарыарқаға қонғалы» (Ыбырай Ақұн Құлбайұлы «Алтынды Орда қонған жер» Ақтөбе-1994. 14 бет).

       «Алан – Оңтүстік Үстірттегі Хиуа жолының бойындағы мол сулы құдық. Атау төркіні – Маңғыстау, Үстіртті ежелгі алан (қазіргі осетиндердің негізі) тайпасы мекендеген кезден қалды делінеді. (Маңғыстауда Сүмбе Темір Алан атауының этимологиясы сияқты). Алан құдығы 1931 жылға дейін кеңінен қолданыста, ал Алан керуен, көш аялдайтын үлкен бекет болып келді» (Гуго Штумм «Хиуаға жорық» Алматы-2010. 132 бет).

        Осетиндер - Адайдың екінші немересі Қосайдың ұрпақтары. Олардың тегі Адай – Келімберді – Қосай болып таратылады. Қосай мен Осетиннің  сөз түбірлерінің «Ос» болып келетіні тек қана осыны білдіреді. Бүткіл жер бетіндегі «Ос» деген сөз түбірі бар елдер мен ұлыстардың, барлық ұғымдар мен топономикалық атаулардың «авторы» Маңғыстаулық Қосай – Адайлар болып табылады. Бұл дауға жатпайтын тұжырым. Бүгінгі Түрік (Түркия) мемлекетінің негізін қалаған Османдар (Ос Ман ұлдары) осы  бүгінгі Қосай Адайлардың Ата-бабалары болатын.

         Алаш пен Алан синоним. – Ал (Әл) және Ан (Аш) деген екі біріккен сөзден тұрады. Ал (Әл) – алғашқы Ата деген ұғым берсе,  Аш пен Анның екеуі де аналық текті білдіреді, яғни бұл ата-ана деген ұғым береді.

         Ал –  Алла; Алғы (алғы сөз), Бұйрық (қолыңа, алдыңа ал);   Алақ (Құранның «оқы» деген алғашқы сүресі), Алақан, Алақай, Алаң, Алау (от – от-жалын);  Алғыс, Алға (а. алдыңғы аға, ә. алға ұмтылу); Алып (өте үлкен); Алпі (Алып тау); Алпамыс (Алып Манас); Алман (Алаш пен Ман); Алаш (алғашқы аталық және аналық текті білдіретін ұғым, екінші буындағы Аш (шаш) Ашури (Ашиде, Ашөйде) тайпалары атауын береді); Алшын (Алғашқы шың). Тау мен Шың синоним, екеуі де Ауа анамыздың лақап есімі. Таудың сөз түбірінің Ауа анамыздың есімімен сәйкес болатыны осы. Алма (тиме (етістік), жеміс (зат есім),  Ала (әртүрлі), Алмасу (ауысу), Алжу (қартаю), Алқа (мәжіліс, құлып),  алыс (өте әрі де), алмас-қылыш (өте өткір қылыш), Албан (ел), алты, алпыс, алты жүз, т.т.; Алты Алаш, алтын т.т. болып кете береді.

         Алшын, Алшын болғалы

         Әлім еді ағасы,

         Шолпан еді анасы деп жырлайды Ата шежіреміз. Шолпан жұлдызының екінші атауы таң жұлдызы. Шолпан анамызда, таң мезгілінде ғана көрінетін Шолпан жұлдызы да бастау текті білдіреді. Қазақтың қыз-келіндері тағатын әшекейлерінің «Шолпы» деп аталатынының сыры осы. Демек, ең алғаш «шолпы» таққандар солар, яғни «авторлық» құқық Шолпан анамыздікі.

         Ан (Аң) – тірі жан (пенде);  «кісі киік» (адам санасының толықтай өсіп, жетілмеген кезеңі); даланың аңы, аңшы; анда (дос);  ант, анттасу (уәдеге беріктігіңді айғақтау); аңыз (бұрын болып өткен дүниелер) т.т. Ан – Манның және Ана есімінің сөз түбірі.

        Ал - алғашқы аталарымыздың жиынтық атауы. Соған сәйкес «Алғи» Адайлардың ежелгі ұраны. Алғи – Қоңырат руының бір аталығы. Қоңырат атауы, өз кезегінде Мұңал (Моңғол) Адайлардан тарайды. Қоңырат пен Моңғолдың түбірлес болатыны және Мұңал (Моңғолдан) шыққан  Шыңғыс қағанның ата-бабалары, өзі және олардың ұрпақтарының тек қана Қоңырат руымен құда болысатындарының сыры осы. Қоңыр – қазақта пісіп-жетілген кемелдікті білдіреді. Ал, Ад (Ат) меніңше бұл ұғым комментарийді қажет етпесе керек. Қазақта осы Қоңырларға (Қоңыраттарға) арнап тартылатын «Тоғыз қоңыр» атты тоғыз күй бар. Ежелде Наурыз мерекесі кезінде осы тоғыз күй міндетті түрде орындалатын болған. Бұл күйлер Маңғыстау Адайларының арасында күні бүгінде де орындалады.

        Ал мен Адам синоним. Себебі, Алдың сандық атауы 1-14 болса, Адамның сандық атауы 1-6-1-15 құрайды. Қайсысы бұрын дейтін болсақ Ал, Алға (1-14-5-1), Алғи (1-14-5-10) Адам атадан бұрын тұр. Сонда біздің «Алға Қазақстан» деген сөзіміздің толық мағынасы Алғашқы аға Қазақ деген сөз.

        Ал Әлімге келсек, Әл (Ал), Әли (Ал-и), Әл-і-м деген біріккен сөздерден тұрады. Әл (әлді, әлсіз), яғни ағалық қаухары бар адам, немесе жоқ адам. Әлі (Али) – Әлдің баласы, ұрпағы. Қазақ сөзінде й, и, ы, і дыбыстары баласы, ұрпағы деген мағына береді. Бұл дыбыстар ежелде қазіргі «ов» пен «ич» орнына қолданылған. Көптеген азаматтар қазірде қолданады.

        Әлім (менің әкем, немесе ағам). «М» дыбысы тәуелділік жалғау. Қазақтың сан миллиондаған сөзіне осы дыбысты қоссаң бәрі менікі деген мағына береді. Бастауын қазақтың Ата деген ұлы сөзіне жалғанған «М» (Адам, Атам)  дыбысынан алады. 

        Сонда Әлімнің тікелей мағынасы менің атамның үлкен баласы, яғни менің үлкен ағам.  Адайлардың Әлімдерді аға баласы деп төрінен орын беретіндерінің сыры осы.

        Алан мен Алаштың (Алшынның)  да негізгі мағынасы Ата мен Ана. Ал - ата, Ан мен Аш – ана.

       Ана тілімізде осы Аш түбірінен  - Аша, Ашатаяқ деген сөздер жасалады. Мағынасы басы екі бөлінген ағаш сырық (бақан), немесе басы үшке (төртке) бөлінген шөп жинайтын құрал.  Демек, Аша бөлінген елдердің басын біріктірген анамыздың аты. Нұқ пайғамбар атамыздың есімінің Үкаша деп аталатынының сыры осы.  Қазақтың аша, айыр (Айрақты), жаба (Жабал) деген ұғымдары синоним сөздер болып табылады.

       Аштың тағы бір мағынасы Ас. Қазақ та «Ш» мен «С» дыбыстары  ауыспалы мағына да қолданыла береді. Мысалы, Ос пен Ош -  Қосай атамыздың  түп атауы. Ас, Ос (Ош) – синоним cөздер.

        «Ман түбірі әріге сілтейтін ұғым. Бұл б.ж.б. үш мың жылдықта қазақ топырағында жасаған арийлерден қалған жұқана. Арийлердің Ман атты рулық тармағы болған. Кейін олар Иранға ауысып Манней қауымдастығын құрған. Осы қауымның кейінгі сілемдері Иран мен Түркияда отырған герман тайпалары. Сонда Маңғыстау – ман жұртының қыстағы деген ұғым боп шығады. Сондай-ақ Сам атауы да көне ұғым. Бұл үнді арийлерінің Күн құдайының аты. Ал б.ж.б. 1Х ғасырдан бастап Маңғыстау өлкесі сармат мәдениетінің ту тіккен аймағы болды. Қару-жарақты, өте бойшаң балбалдар сол сарматтардан қалған мұра. Сарматтар таза парсылар еді деген дәлелденбеген біржақты ұғым. Бұл қауым ғұн, түркі әлемімен мидай араласып, солардың атын шығаруға ат салысқан. Ас, аш, аз, азық, азақ аттары осы жұрттың руларымен байланысты атаулар. Осылардың бір тармағы ашөйделер түркі қағандығының аналық тақтасын құраған» (Ә.Спан, М.Абылхан «Ермембет би» Астана-2003. 6 бет).

       Алан – Ал және Ан деген екі буыннан, және сонымен қатар Ал, Ала, Ан, Лан деген біріккен сөздерден тұрады. Бұл ұғымның құрамының бірнеше мағынасы бар:

       а. «Ал» – алғы ата;

       ә. «Ан» ана;

       б. Ала-құла (аралас) деген мағынада қолданылады. Қәзіргі қазақтың сөздік қорындағы «қала» мен «дала» сөзінің шығу төркіні осы. Қала халқының ала-құла болып, әр түрлі елдің араласып жататынынан шыққан қорытынды. Ал, далада да бәрі қотысып жатқан жоқ па?

       г. Соның салдарынан «Лаң» салу деген ұғым дүниеге келді; 

       ғ. «Н» дыбысы баласы, ұрпағы деген мағына береді.

       Бүкіл түркі әлемі  тілдерінің түп қазығы бүгінгі қазақтың ана тілі. Барлық түрік халықтарының ата жұрты, қара шаңырағының иесі қазақ елі. Алғашқы да бастауын Қазығұрт пен Маңғыстаудан алып, сан мыңдаған жылдар бойы бүкіл түркілердің  «Ақ ордасы» қазақ даласында, яғни арқадағы Ұлытауда тігіліп, барлық елдер мен ұлыстар осы орталықтан басқарылған. Ұлытаудың, жер бетіндегі барлық таулардан биік, ең ұлы тау деп аталатынының сыр осы. Ақ ордалар мен Алтын Ордалар Қазақтың Тәңір тауында (кейін ол тау Әзіреттің Ала тауы аталған), Алтайда, бүгінгі Қап тауы (Кавказ) аталып жүрген қазақтың ұлы тауында, сол сияқты Сары тауда да (Саратов, Ресей) тігілген.  

       Ал, Алға, Алғи, Алан, Алтай, Алатау, Алаш, Алты Алаш, Алшын бәрі синоним. Қазақтың ескі жыр-дастандарында бұл өңірлер Алғидың ала шөлі, Алғидың Ала тауы, Алғи даласы деп жырланады. Демек бұл өңір Алаштың атасы, он екі ата Байұлының үлкені Алаша хан атамыздың елі, яғни бұл өңірлер Алаштың атамекені. Бұны Алатаудың ең биік шыңының «Хан тәңірі» деп аталуынан да көруге болады. Бұндай дәстүр қазақта ежелден бар. Мысалы, Маңғыстаудағы Қаратаудың ең биік шыңдарының бірі Отман (От адам), мағынасы Алау атаның балама аты (Алау мен От синоним); Шыңғыс таудың ең биік шыңдарының бірі Мұңал шыңы, Хан биігі; Қап тауының биік шыңдарының бірінің Адай шыңы; Оңтүстіктегі Қаратаудың шыңдарының бірі Қазығұрт (Қазық жұрт)  деп аталады.

        Алтай,  кенді Алтай, Өр Алтай, Асқар Алтай, Моңғол Алтай жайында толғансаң, “Алтай, Алтай болғалы не көрмеген, Кімдер келіп бұл жерге кім кетпеген” деп толғанатын “Ағажай Алтай” әні еске түседі. Көшпенді түріктердің атамекені, иісі түркіге ортақ Алтай өлкесі кімдердің көз құртына айналмады. Кімдер сұғын қадамады. Іргесінде отырған орыс пен қытайдың Құдайы берді. Алтайды шамаларынша бөлшектеді. Түркінің Алтын бесігі  4-ке бөлінді. Өр Алтай – Оспан бабамыздың 15 жыл аттан түспей, жан алып, жан берісіп, қорғамақ болған Алтайы қызыл көз Қытайға, Алтай түркілерінің мекені – орысқа, Моңғол Алтай – геосаяси ойындардың арқасында тәуелсіздікке қол жеткізген Моңғолияға, кенді Алтай – Алтай өлкесінің бір тұтамы ғана Қазаққа бұйырды. Бізге қарасты қолымыздағы алтынымыз кенді Алтайдың астанасы –  Өскемен.  Бүгінде орысы басым, Солженицын мен Горбачевтің, Жириновскийдің орыстың мекені деп байбалам салатын Өскемені – ресми қазақтың ата мекені.

        Бұл атау менің өзіме де тікелей қатысты. Өскеменнің тегі Жеменейден тарайды. Мен Жеменейдің ағасы Айтумыстан тараймын. Өздеріңіз көріп отырғандай, «туған айға «Ай» деп ат берген» менің атам болса, інісі Жеменейде сол өңірге Өскемен деп өз есімін қалдырыпты. Өскемен сөзінің құрамындағы ем (сөз түбірі), мен, емен, кеме деген сөздердің болуы тек қана осыны білдіреді. Бұл атаудың тағы бір құпиясы бар. Бұл «менің өскен жерім» деген сөз. Өздеріңіз көріп тұрғандай «Өскен» сөзі сыртында, ал «мен» деген сөз ортасы мен соңында тұр. Тағы бір мағынасы «мен бұл жерде алғаш рет еменнен (қатты ағаштан) кеме жасадым» дегенді білдіреді. Бұл дауға жатпайды. Сөз жасасаң осылай жаса. Тарих жазсаң осылай жаз. Бұл тарихты жою, Алладан ғана болмаса, адам баласының қолынан келмейді. Бүткіл жер бетіндегі ежелгі атаулардың бәрі осылай, менің атамның (қазақтың) ана тілінде қойылған. Бұны кез-келген білімді, яғни қазақ тілін меңгерген жан әрқашанда оқи алады. Олар үшін уақыттың шекарасы болмайды. Қазір (Қаз бір, Қаз пір) деген уақыт өлшемінің Қазақтың лақап аты болатыны осыдан. Сол үшінде менің аталарымның таңбасы «Тіл» болып, оларды бүкіл әлем Тау би, Көп би, Қас би (Каспий) деп, ал мына батыстықтар (орыстар) дәлдеп тұрып ең алғашқы тілі шыққандар (язычники) деп атаған.

      Он сегіз мың  ғалам дегендегі «ғаламның» сөз түбірі (өз түбі), яғни солардың бәрінің атасы «Ал», Бұзау-Жеменейлер солардың жетінші буын ұрпағы. Жеті ата бөлінбейді. Бөліну сегіз-семиттерден басталады.

      «Қыпшақ, найман рулары өзбекке, қазаққа, ноғайға, қарақалпаққа тараса, маңғыт пен қытайлар тек өзбек пен қарақалпаққа тарады, олардың қазақтағы үлесі тым аз. Ал, алшындар өзбекке де, қарақалпаққа да қосылған жоқ, тұтастай қазаққа қосылды. ...Алшындардың аз бөлігі ноғайлар арасында «Алаш» деген атпен қалып қойды. ...Кіші жүз – алшындар ХҮ11 ғасырдың аяғына дейін өздерін «алаш» (алау, алағ) түрінде атаған, Жиембет жыраудың Есім ханға «Алашыма ұран десермін, ат құйрығын кесермін» деген сөзін жай ғана жалпылыққа қатысты қызыл сөз деп түсінуге болмайды, өйткені «алаш» нақты ХҮ11 ғасырдың бірінші жартысындағы алшынның екі бірлестігінің – Байұлы мен Әлімұлының реалды аты еді. Жаскелең ақынның:

       Алаш, алаш болғанда,

       Әлім еді ағасы,

       Шолпан еді анасы, - дегенінде де осы тарихи дәуірдің ақиқатын сақтаған реликтілік шежірелік таным жатыр.

       ...Қырымның қырық батыры» немесе «ноғайлы жырлары» деп аталған ғаламат эпикалық комплекстің ХҮ1 ғасырға жататын аңыздық-озалдық негізін жасаушылар да, ХҮ1 ғасырдың соңында қазіргі тұрпатын жасағандар да осы алаш ортасы еді. Сондықтан, жырлардың авторы ноғайлы ортасы деген жалпылама анықтамамен қатар, нақты жасаушы орта – нақты «алаш» ортасы деген дұрыс. Бұл біріншіден, жырлардың авторы қазақ халқының өзі екендігін көрсетеді; алаш топтарының тек қазақ пен ноғайда ғана бар екендігін ескеріп, жыр авторларын ноғай-қазақ ортасы дегеннің де артықтығы жоқ.

        ...Алаштан қазақ тараған,

        Ноғайлыға қараған.

        Жауға алдырмай ноғайлар

        Бір-біріне жараған.

        Ноғайдан қазақ бөлініп,

        Үш жүз болып тараған.

        Осы жолдарда бейне бір тарихи рет бар сияқты, өйткені өлеңнің әр жолы белгілі бір тарихи кезеңді көрсете алатындай әсер қалдырады» (С.Қондыбай. «Есен қазақ», 259-260 б).

        «Қазақтан Қырғыз, Алауды,

        Айырып айтып келемін

        Бөліп тақта-тарауды.

        Алаудан Алаш, Маңғыбай,

        Естімеген жан бар ма

        Бұлардың атақ-даңқын-ай?

        Маңғыбайдан Төре-ді,

        Ал, Алаштың алты баласы

        Үш анадан туып дүреді,

        Қатар өсті көлемі,

        Үш енеден туғансын.

        Үш жүз үйге толғасын

        «Үш жүз» болған дерегі.

        Ағарыстың баласы

        Үйсін, Найман – Ұлы жүз,

        Жанарыстың баласы

        Арғын, Қыпшақ – Орта жүз,

        Бекарыстың баласы

        Алшын, Кеншін – Кіші жүз

        ...Алшын, Кеншін екеуі

       Кіші жүз болып бөлінген» (Ұзақбай Қазжанұлы (1897-1976).

       Өздеріңіз көріп отырғандай С.Қондыбай Қазақты Алаштан таратса, Ұзақбай жырау Алашты Қазақтан таратып отыр.

       Келтірілген деректерден шығатын қорытынды:

    -  Алаш пен Қазақ синоним. Шындығында, Алаш Қазақтың ұрпағы. Тарихи шындығы  солай. Себебі, Алаш деген сөзіміздің тікелей мағынасы Ата мен Ана, яғни ер мен әйел деген мағына береді. Ал, Қазақ сөзінің құрамы тек қана Аталық текті білдіреді.

       Бұл тұжырымның тағы бір айдай  айғағы Алаш 1-14-1-28 есептік санын құраса,  Қазақ 13-1-9-1-13 санын құрайды. Біз бұл жерден Қазақ  деген ұғымның Нұқ пайғамбарға дейінгі дәуірде дүниеге келгенін көреміз. Ал Алаш ұғымы екі дәуірді де бірдей қамтып тұр.

    - Үйсін, Найман – (Ақарыс-Ұлы жүз), Арғын, Қыпшақ – (Жанарыс-Орта жүз), Алшын, Кеншін – (Бекарыс-Кіші жүз). Атам Қазақтың Алты Алашының негізін осылар қалады. Бүгінгі алты Алашқа жатқызылып жүрген Тәжік, Қазақ, Қырғыз, Қарақалпақ, Түрікпен мен Өзбек, бұлар олардың бүгінгі атаулары.

   -  Ақмола облысында, Атбасар үйезінде, Бағаналы-Балталы деген найман жайында, Қаракеңгір бойында сырлаған кірпіштен салған ескі екі бейіт бар: Алаша хан, Жошы хан атты. Тарихи деректер осы екі бейіттің де қатар бір мезгілде салынғанын көрсетеді. Алаша хан мазары Жошы хан мазарынан кейін салынған. Кейбір зерттеушілер қазіргі жұрттың Алаша хан мазары деп жүргендерін сол Шыңғыс хан бабамыздікі дейді. Олардың келтіретін дәлелдері Жошының Шыңғыс хан бабамыздың үлкен ұлы екендігі. Ескі шежіреде Алаш пен Алынша хандар қатар аталады. Алынша хан жалпы хандардың бабасы, моңғол мен татардың атасы делінеді.

      Алаш, Алаш болғанда,

      Алынша хан болғанда.

      Қазақ, қалмақ ноғайлар,

      Бәрі сонда бір болған.

      Ынтымағы жарасып,

      Жайқұн көлдей бай болған,

      Еділ, Жайық, Оралға,

      Ортан көлдей жайылған.

      Өзбек хан, Жәнібек өлген соң.

      Тоқтамыс, Темір болған соң.

      Ел ішіне жік түсіп,

      Үш бөлек болып айрылған,

      Қазақ, Ноғай қыбла да.

      Мұсылманға жан тартып,

      Дін үшін қатты қайғырған,

      Қалмақ, Манғұл бөлініп,

      Кәпірлігі білініп.       

      Күн шығысқа қайрылған,

      Ішін буды сонда кеп,

      Алтайды мекен жай қылған, - деген көне жырдың мағынасы Алынша хан заманында Ноғай, Қазақ, Қалмақ осы атаулармен айрылмай, бәрі бір атпен, бір тақтың билігінде, яғни бәрі бір қағанаттың құрамында болып, бұл жағдай  Шыңғыс қаған және оның қаған деген лауазымды иемденген ұрпақтарының билігінде болған. Тоқтамыс хан мен Ақсақ Темір дәуіріне дейін бір қағанаттың құрамында болып өмір сүріп, солардан кейін елдің ыдырауы басталады. Осыған сәйкес кейбір зерттеушілер Шыңғыс ханның Алаш, Алынша ұрпағы екендігі және  солардың ізін жалғастырушы болуына байланысты, Шыңғыс ханның мазары Алаша хан мазары деп аталып кеткен делінеді. Аталарымыздың Шыңғыс ханды Алаша ханмен шатастыруы еш мүмкін емес. Бұған жалғыз бір ауыз сөзбен тойтарыс беруге болады. Аталарымыз әкесінен (Шыңғыс қағаннан)  бұрын өлген Жошы хан мазарын қалайша күні бүгінге дейін ұмытпай сақтап отыр деп.  

       Алты Алаштың «азан шақырылып» қойылған түп есімі жетпіс мың жылды қамтитын Адай ата шежіресінде Балықшы (Шыбынтай) есімімен сақталған.

       Балықшы (Шыбынтай) Адай атамыздың бесінші немересі, кейбір деректер бұл есім олардың балық аулауды кәсіп еткендіктеріне байланысты қойылған деп те көрсетеді. Себебі, кейіннен балық аулаумен жұрттың бәрі айналысатын болған, сол сияқты қалада да әр түрлі ру, тайпа, елдерден құралған адамдар тұратын болғандықтан, ата-бабаларымыздың қаланы «балық» атандырып жүргендерінің сыры осы. Сонда, бүкіл балықшылардың, қалалықтардың, сол қалаларда тұратын әр түрлі кәсіппен айналысатындардың барлығының  түп атасы Балықшы атамыз болып шығады. Шежіре дерегі бойынша Балықшының «азан шақырып» қойылған есімі Шыбынтай делінеді.  Өзен бойында отырып балық аулап күнін көретін болғандықтан, сол кездегі ел Балықшы Адай деп атап кеткен. Балықшы атамызда кезінде Мұңал, Тобыш, Жеменейлер сияқты Адам атаның қарашаңырағының иесі болған. Соған сәйкес бүткіл әлемдегі  түбірінде, немесе құрамында «Ал», «Бал», «Бала», «Балық» деген сөздер бар: Балқан (осы аттас тау екеу, біреуі қазіргі Түрікпен жерінде, екіншісі Еуропа жерінде, осы аттас қала қазіргі Венгрия және Түрік жерінде бар), Бесбалық (Бейжин, қазіргі Пекин, Қытайдың астанасы), Балықшы (Қазақ пен Қырғыз еліндегі елді мекен),  Балхаш (Қазақ еліндегі қала мен көл, осы көлдің жағасында Ақбалық деген елді мекен бар),  Балтық (Балтық теңізі жағалауындағы елдер), Балакете (Орталық Африкадағы қала), Баланқала (Конгодағы елді мекен), Балх (Ауған еліндегі өлке мен елді мекен), Балық (Сириядағы өзен), Айбалық (Түркиядағы қала) деген сияқты әлем картасындағы 306 топономикалық атаулардың барлығы Шыбынтай атамыздың ұрпақтары мекендеген, немесе солардың иелік еткені жерлері болып табылады. Ал, Азия  мен Еуропа құрылығындағы екі бірдей тауға қойылған Балқан (Балық хан), қазақтағы Шыңғысхан, Алтай хан, Хантәңірі деген  сияқты ұлы аталарымыздың атын тауға қойған. Оның үстіне ежелгі тарихта көп айтылатын ежелгі «Баласағұн» қаласын қосыңыз. Оңтүстік Қазақстанға қарасты Сыр өңірі аумағындағы Түлкібастың батысында – Арыс, шығысында Балықшы өзені, басын екі шақырым жердегі Қайнардан алып жатыр. Екі өзеннің аралығы екі шақырымнан аспайды, төменірек барып, Балықшы Арысқа қосылып, Сырдарияға тартады.

      Анықтама: Баласағұн – Шу алқабындағы ежелгі қала. Әр кезде Батыс Түрік, Қарлұқ қағанаттарының, Қарақан, Қарақытай мемлекеттерінің астанасы болған. Қала ХҮ ғасырға дейін өмір сүрген.         

      «Моголстандағы бірсыпыра қалалардың аттары беделді кітаптарда жазылған және ол қалалар турасында көптеген түсініктер берген. Соның бірі – «Баласағұн». Ал, «Суваре-и акалимда» («Әлем климаттарының жай-жапсары») Қытай қалаларынан Ханбалық айтылады. Басқа қала айтылмаған. Беделді кітаптар мен тарихи шығармаларда Баласағұнды Афрасиабтың салған қалаларының бірі деп атайды. Оны өте жоғары мақтаған. «Мәжма ат-тауарихта» («Тарих жинағы») былай деп айтылған: «Баласағұн Қарақытай заманына дейін Афрасиабтың («ұрпақтарының») билігінде болған. Қарақытай ғұрхан Баласағұнды Илек ханнан тартып алады, ол Афрасиаб нәсілінен еді. Содан оны өзінің астанасы етті. Тоқсан бес жыл бойы Баласағұн Қарақытайдың астанасы болып келді. Жейһуннан бергі оның шығысында жатқан барлық (ел) өлкелер түгел оған салық (хараж) төлеп тұрды. Моғолдар Баласағұнды Қаралық деп атаған. «Сураһ-әл луғат» («Тілдің айқындығы») кітабының авторы «Молһәқат-и сураһ» («Тілдің айқындығына толықтыру») атты еңбегінде былай деп жазды: «Менің әкем Баласағұнның хафиздеріне жататын. Ол өзінің «Толықтыруында» әр қаланың ғалымдарының есімін атаған. Самарқан қаласынан оннан аз ғалымды атайды. Бірақ, Баласағұннан шыққан соншама көп ұлылар мен ғалымдарды санап, олардың кейбіреулері туралы әңгіме де келтіреді, осы ғалымдардың барлығы бір қалада, бір заманда өмір сүргеніне ақылың қайран қалады. Қазіргі кезде олар туралы Баласағұнда еш нәрсе мәлім емес» (Ислам Жеменей «Мұхаммед Хайдар Дулати» Алматы-2007. 231 бет).

       «Б.д.д. Х ғасырда алдыңғы Азияда көшпелі тайпалар пайда болды. Олар еврейдің екінші патшасы Дәуітке қызмет етті. Олардың үшеуіне ғана назар аударамыз. Қосай, Пашхұрт және Маллух тайпасы. Бұлар б.д.д. ХҮ ғасырда арийлердің оңтүстік өлкелерге жөңкілістерінде, батыс тарапқа бөлініп кеткен ад қауымының сынықтары еді. Міне, осындағы Маллух – Балық (Балықшы) тайпасының жазба әдебиетте алғашқы сәулеленуі деп шамалаймыз. Бұл үш қауым жұрт ұзақ уақыт бір-бірінен көз жазбай қатар жүрді де, сол өлкелерге сіңіп жоғалды.

       ...Балық көне түрікше қала деген сөз, балықшы – қала тұрғыны, қалалық дегенді білдіреді» (Анес Сарай «Тарих тұңғиығы тіл қатады» Отпан тау. 2012. 10 бет).

       Түсініктеме: Бұл жерде Дәуіт пағамбарды, яғни он сегіз мың ғаламды билеген Сүлеймен патшаның әкесін еврейге телу түп-тамырымен қате. Олардың тегінің еврей еместігі Дәуіт пайғамбарға түскен  «Забур жырлары» атты кітапта (төрт кітаптың бірі)  айқын көрсетілген. Қазақтың темірші-ұсталарының пірі әйгілі Ер Дәуітті Еврейге теліп жүргендерге осы жырды оқуға кеңес беремін.

      Ер Дәуіттің тегі еврей еместігі Исаның Інжілінде де, Мухаммедтің Құранында да айқын көрсетілген.

       Балықшы Бүйе әулеттері  932-1055 жылдар аралығында Парсы (бүгінгі Иран) елінде патшалық құрды. Олар жайлы Тарих ғылымдарының докторы, Тегерандағы Шәһид Беһеште атындағы унивеситеттің профессоры Шабани Риза «Иран тарихы» атты кітабының 136-137 беттерінде біршама мәліметтер берілген.

      Біз бұл деректерден Балықшылардың Х-Х1 ғасырларда  жүз жылдан аса уақыт бойы Иран елінің билігінде болғанын көреміз. Ал, билеушінің қасында Адай руының басым көпшілігінің бірге жүретіндігі дауға жатпайды. Ол замандарда туған-тумаласы, өзінің төл жұрты аз адамдар билікке жете алмаған. Осы балықшылардың тегінің Қазақ, оның ішінде Адай Ата ұрпақтары екендігін мына бір ауыз сөздің өзі-ақ «халифа жарлығын, жалауын, сондай-ақ, сый шапанын тапсырды», «ту мен шапанды жіберді» дегені толықтай айғақ бола алады. Себебі, бүкіл жер шарында Қазақтан басқа ел бір-біріне шапан жаппайды.

        Балықшы – біріккен сөз.  Ал (сөз түбірі), бал, ық, лық,  балық деген сөздер  мен «шы» жалғаулығынан тұрады.

        Ал – Алта, Алты, Алтау, алты ауыл, алты  Алаш (алдыңғы алты ел: 1 буын Құдайке, Келімберді. 2 буын Тәзіке. 3 буын Қосай. 4 буын Құнанорыс. 5 буын Ақпан. 6 буын. Балықшы. Алашқа жатқан алты еліміз осы), Алшын (Кіші жүз руларының түп атасы), Алғы, Алдыңғы, Алғашқы Ата мен Аналар (ең біріншілер деген мағына береді), Алғи – Адайдың ежелгі ұраны, Алаш (бүкіл қазақтың ұраны), Алман (Алмания, бүгінгі Германия елін шетел қазақтары күні бүгінде де осылай атайды), Алтай тауы мен өлкесі, Алатау, Алып (Алпі тауы), ары қарай ала, алқа, алтын, алыс, алғыс, бал, бала, балапан, балық, балта, айбалта т.т. болып кете береді.

       Алта жайлы С.Қондыбайдың «Есен Қазақ» атты кітабында «Алта, Лаэти және Алаторпа» атты арнайы тарау бар. Онда «Маңғыстауда Алта деген қала (дәл орны белгісіз), Тұщыбек (Маңғыстау түбегі, Шетпе кентінен батыста 15 км жерде) аулының солтүстігінде (7-8 км), Батыс Қаратаудың жотасының үстінде «Алта» деген алқап (мола, бұлақ атауы) бар. Сондай-ақ, сол таудың келесі беткейіндегі Шайыр ауылының солтүстік батысында 18 км жерде, Құлаат деген таудан оңт-батыста 4 км жердегі Боқтысай қыстағының жанында «Алталы» деген жер бар.

       Тағы бір алт форманты бар топоним Алаторпа (Алат-орпа) деп аталады. Ол Тиген ауылынан батыста 23 км жерде. (Қошақ шығанағынан 23 км жерде). Міне, осы үш топонимның өзара орналасуы 35 км-лік ара қашықтық ауқымынан аспайды. Сондықтан да осы үшеуін де (Алта, Алталы, Алаторпа) бір негізді сөздер деп есептеудің қисыны бар.

       Алет, Лаэти және Алаторпа, Алта, Алталы, Алатбас (Қарақия маңында) сияқты атаулардың орта түбірі ретінде Алат немесе алт түбірін қарастырып көрсек, оларды бір этноним, ел-жұрт аты ретінде қарағанның артықтығы болмас. Бірақ, бізге нақты алта, алат этнонимдері белгісіз, тек есен-қазақтық қисынға сай топшылаумен ғана шектеле аламыз. Әзірге екі түрлі жорамал ұсына аламыз.

       Бірінші тұспал – «Алты ауыл ұлысына» қатысты әңгіме. ХҮ1 ғасырдың екінші жартысында Жем бойында қалған ноғайлының «Алты ауыл (алтуыл)» ұлысы сол замандарда, қалмақтар келіп жеткенге дейін Маңғыстауда да тұрған деген пікірлер бар. Мысалы, Есбол Өмірбаев кезінде Мамай бастаған «алты-ауылдықтар» ХҮ-ғасырдың ортасында Маңғыстауға кіріп, түрікпенді қуып шықты деп жазған болатын.

       Біздің осы «алты ауыл ұлысына» қатысты ой түйініміз екеу:

       Біріншіден, «алты ауыл ұлысы» этникалық жағынан ноғайлардың ішінде байұлы-алшындарға жақын болған. Кейін олардың бір бөлігі қайтадан алшынға сіңген. Байұлы шежіресіндегі өкпелеп, бөлініп кететін Алтытабан мен Алтыбасар ру аттарын осы алты ауыл атауынан еміс-еміс есте қалған сарқыншақтар деп қабылдауға әбден болады.

       Екіншіден, - біздің саралауымыздың нәтижесінде айтарымыз, Едіге және оның ұрпақтары деген жырлар ХҮ1 – ғасырдың аяғында осы алты ауылдықтар арасында қалыптасып, қазақ пен басқа ноғайға, түрікпенге, татарға т.б. таралған.

       Міне, осы маңғыстаулық алт негізді атаулар осы алты ауыл ұлысының тарихына байланыстыра салуға болар еді, бірақ Лаэти қаласы итальян саудагерлерінің картасында ХҮ1 ғасырда, яғни алты ауыл атауы шыға бастаған уақыттан аттай екі ғасыр бұрын көрсетілген делінеді. Осыған байланысты екінші топшы да бар.

        Екінші тұспал – алтытабан және алтыбасар болжалды этнонимдері хақындағы әңгімі. Кіші жүздің байұлдар бірлестінің шежірелік аңыздарында алт негізді екі белгісіз (абстрактылы) рудың аттары бар. Ол – Алтытабан мен Алтыбасар. Бұл туралы 1994 жылы Хамит Мадановтың құрастыруымен жарық көрген «Кіші жүз шежіресі» айтып өтеді. Шежіренің сол нұсқасына жүгінсек, он екі ата байұлы құрамы мынадай: Қыдырсиық, Бақытсиық, Сұлтансиық, Жаппас, Беріш, Адай, Есентемір, Таз, Алтытабан, Алтыбасар, Дуатимес, Құлақасқа. Ең әуелде, о баста он екі ата байұлын осылар құраған. Ал алғашында Байұлы құрамында болған Алтытабан, Алтыбасар, Дуатимес, Құлақасқа үш сиыққа өкпелеп, бөлініп көшіп, Іле өзенінің бойына қоныстаныпты деген аңыз бар. Яғни нақты дерегі жоқ, өкпелегіш төрт рудың екеуінің есімі ұқсас, екеуінде де алты деген ортақ сөз бар. Аңыздағы аталған Іле өзені дегені кейінгі уақыттардағы халық шежірешілерінің, олардан өзгертусіз қабылдап алған білгір комментаторлардың еңбегінің нәтижесінде қысқартылған атау. Ал, жалпы бөлінген рулар мәселесіне келсек, олардың аты күмәнділеу болса да тарихы қисыны бар. Есен-Қазақтардың этникалық негізін құраушы басты субстраттың дей-байұлдар болғандығын ескерсек, байұлдардың құрамына кірген топтардың бір шеті ХҮ ғасырда Маңғыстауда да тұрғандығын сенімді түрде айтуға болады.

       ...Осы тұспал рас болса, онда Х1Ү ғасырда Маңғыстауда алат атты рудың өткендігіне, Алта, Алаторпа, Алталы, Лаэти сияқты топонимдердің нақ осы руға қатысты екендігіне сенуге болады» (С.Қондыбай «Есен Қазақ». Алматы-2002. 143-150 беттер).

       Бұл тұжырымға тоқтауға тура келеді. Себебі, Балықшы аталарымыздың есімінің сөз түбірі (өз түбі) Ал екендігіне санасында саңлауы бар қазақ баласы дау айта қоймас. Сөз түбірі жаңылыспайды. Оны тек мойындау керек.         

       Бал – бал (иә, иә күнделікті жеп жүрген балымыз), бала (ұлың мен қызың), балық (а. судағы тіршілік иелері. б. қала, ежелгі қазақтар қаланы балық деп атаған), Балқан таулары (екеу, біреуі қазіргі Түрікпен елінде, екіншісі Еуропа жерінде), халық (елдің жалпылама атауы). Осы атаулардың бәрінің авторы Балықшы аталарымыз болып табылады. Сонау Атам заманнан бері өзгермей келе жатқан ұлы қағида, кім қандай затты, қандай ұғымды ойлап тауып дүниеге әкелсе сол зат, сол ұғымға сол адамның, сол рудың аты қойылады. Бұл қағида күні бүгінде де еш өзгерместен «авторлық құқық» деп аталып, бүкіл әлем елдерінде қолданыста жүр. Бұл тұжырым, сөз білетін, сөз  ұғатын кез келген қазақтың баласы үшін дауға жатпайды.

       Ық –  су деген мағына береді. Мысалы, Жай-ық (жай ағатын су), Қай-ық (ежелде «қай» кебіс дегенді білдірген, демек бұл сөздің мағынасы «су кебісі» болып шығады), құдық (құт су, адамға құт, яғни денсаулық әкелетін таза су), суық, сұйық т. т. болып жалғасып кете береді.

       Лық – судың ыдысқа лықа толуы, немесе кез-келген ұғымның шегіне жетуі).

       Қазақта «шы» деген жалғау, кәсіби мамандықты білдіреді. Мысалы, малшы (мал бағатын адам), жылқышы (жылқы бағатын адам),  қойшы (қой бағатын адам), түйеші, сауыншы, қымызшы, жүргізуші, шөпші, аспазшы, тойшы т.т. болып жалғасып кете береді.

       Алты саны Балықшылардың лақап аты.   Жоғарыда көрсеткенімдей екеуінің сөз түбірлерінің «Ал» болатыны осы. Бұл жайлы деректерді бірінші кітаптың «Сандардың атауы қайдан шықты?» атты тарауынан таба аламыз.

       Осыған сәйкес Алпыс санының атауы да Балықшы атамыздың атынан шығады.  Ал, алып, ыс, пыс деген біріккен сөздерден тұрады. Алты еселенген онның жиынтығы, яғни Балықшы мен Мұңал ата ұрпақтарының алты еселенуі. Алты мен алпыстың да сөз түбірлері бір. «Алашқа жататын алты еліміз» осы. Алаштан тараған алты елдің аузы бір болған кездерінде,  олар алып атанды. Алып елдің  пысы кім-кімнің де пысын басары сөзсіз. Алпыс саны да Қаз атамыздың лақап аты.

       Демек, Алашқа жатқан алты елдің де авторлары  осы Балықшылар.

       Артынан «Алтаудың аузы ала болса, аузындағысынан айырылады» деген мақалды дүниеге әкеліп, ұрпақтарын «алауыздықтан сақтандырып» ескертіп кеткенде осылар.

        Балықшы атамыздың лақап аты Алты мен Алпыс саны Қазақта қасиетті де, киелі саналады. Осыған байланысты төмендегідей ұғымдар дүниеге келді:       

        Алты Алаштың бастапқы түп нұсқасы алты буынды, яғни Адай атаның екі баласы мен бес немересін құрайды: 1.Құдайке мен Келімберді. 2.Тәзіке. 3.Қосай. 4.Құнанорыс. 5.Ақпан. 6.Балықшы.

        Соңғы нұсқалары:  «1.Қазақ. 2.Қарақалпақ. 3.Өзбек. 4.Түрікпен. 5.Қырғыз. 6.Жайылған» (Төле би).

        «1.Ұлы жүз. 2.Орта жүз. 3.Кіші жүз. 4.Қарақалпақ. 5.Қырғыз. 6.Қазақтың құрама рулары» (М.Тынышбаев).   

        «Алты Алаш: бірі – Түрікпен, бірі – Қалпақ.

         Үшінші – Қырғыз, Қазақ, Естек, Өзбек –

         Осымен алты болады жатқан жалпақ» (Әбубәкір Кердері. «Жолдас болсаң жақсыға мәртебеге жетесің» Ақтөбе-2011. 139 бет).

        Шежірелердің бірінде Алашқа өзбек, түрікмен, қарақалпақ, қырғыз, қазақ, ноғайды жатқызады (Қазақстан. Ұлттық энциклопедия Т.1 – Алматы, 1987 – 246 бет).

        «Тарихи деректер бойынша, алты алашқа – Керей, Найман, Меркіт, Қоңырат, Жалайыр және Моңғол жерінде болған Татарды жатқызады. Алтын Орда заманында татарлар өз басшысының есімімен «Ноғай» атанды. Алтын Орда ыдырап, қазақ болған рулар шығысқа қайтқанда, ноғайлар батыста қалды. Ол заманнан қазақ пен ноғайдың қоштасу жырлары сақталған» (Т.Сайдуллин, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі. «ДАТ» газеті №29, 05.09.2013 жыл). 

        Алты игілік – Денсаулық, Қазына, Дос, Әйел (жар), Білім, Бала (ұрпақ).

        Алты парыз: 1. Бір-біріне сәлем беруге (жасы кішілер арнайы барып).

                                2. Шақырса – баруға.

                                3. Кеңес сұраса – ақыл қосуға.

                                4. Сұрағына – жауап беруге.

                                5. Ауырып қалса – көңілін сұрауға.

                                6. Қайтыс болса – жерлесуге (Мұхамбет пайғамбар).

        Алты Асқар – Ақыл, Білім, Жомарттық, Әділдік, Шыншылдық, Кең пейіл.

        Қалнияз ақын өзінің  «Қармыс батыр» жырында:

        «...Енді бізге өр қайда?

        Қармыс сынды ер қайда?

        Айдын-айдын көл қайда,

        Жағалай қонар ел қайда?

        Алпыс басты ақ орда,

        Айбарақты көрсетіп,

        Төске тігер күн қайда?

        Алтын сандық, алпыс тең,

        Төрге жинар күн қайда» дегенде Алпыс санының Балықшылардың лақап аты екендігін меңзегені  айқын көрінеді. Алпыс саны Адай Балықшылар үшін киелі сан. Тағы бірде түрікпеннің 300 аламаны Адай елін шапқанда Балықшы Балуанияз батыр алпыс кісі болып аттанып, жауды жеңіп, жесір айырады. Ол жайлы Қалнияз жырау «Балуанияз батыр» жырында:

         ...Алпыс кісі Адайдан,

         Сонда гулеп жөнелді.

         ...Сол Адайдың басы екен,

         Балуанияз мырзаңыз.

         Басына қыдыр дарыған,

         Уызына жарыған,

         ...Балуанияз бас болып,

         Алпыс кісі Адайдан,

         Аттанып шықты аламан.

         ...Босағаға барғанда,

         Алпыс кісі Адайдан,

         Жасағанға сыйынып,

         Кебенегін киініп,

         Тапа тастай түйініп,

         Лашын құстай шүйіліп

         Имандарын үйіріп,

         Найзаларын шүйіріп,

         Шәйіт болып өлмекке,

         Дәрет алып жуынып,

         Өлімге бел байласып,

         Шыға келді жайласып,

         Адайдың алпыс батыры.

         Ерліктен жоқты қапылы» деп жырланады. Балықшы Балуанияз батырдың жасағы артық та емес, кем де емес, тек қана алпыс болуы неліктен, әлде мұнда сол кездегі аталарымыздың өздері ғана білетін ерекше сыр бар ма, әлде кездейсоқтық па деген сұрақтың жауабын Ыбырай ақұн Құлбайұлының «Алтынды орда қонған жер» атты еңбегінен табамыз.

         ...«Маңғыстаудан ел шапқан,

         Үш жүз кісі дұшпанға,

         Алпыс кісі Адайдың,

         Анық еді барғаны.

         Ұмытылмастай бір болды,

         Балуанияздың күші сондағы.

         ...Үш жүз кісі жауменен,

         Алпыс кісі соғысты.

         Өңкей асыл бекзаттар,

         Ауыр қолмен соғысты.

         Адайдың алпыс қыраны,

         Ел ішінен іріктелген,

        Атақты ерлер сырағы.

        ...Қабыл болды сол күнде

        Алаштап салған ұраны.

        Жесірді жаудан айырып,

        Көңілдері тынады.

        Балуанияз, Қорғанбай,

        Сол соғыста жан беріп,

        Ақыреттік болды мұраты».  Демек, Алаштап ұран салған, Алпыс қыран ел ішінен іріктеліп алынған. Алпыс қасиетті сан. Ол Балықшының, яғни Алты алаштың лақап аты.

        Бал (ең тәтті тағам), бала (адам үшін баладан тәтті бар ма?), судан шығарса бала (сәби) сияқты дәрменсіз күй кешетін балықтың, яғни түбірінде Бал сөзі бар барлық ұғымдардың авторы Балықшылар. Бұл жерде айырықша атап өтетін жағдай, егер біз тәттінің дәмін ажырата алмасақ, ащы деген ұғымды түсінбеген болар едік, тіпті ондай ұғым болмас та еді. Соған сәйкес, бүкіл әлемдегі ащы мен тәтті, ұзын мен қысқа, жақсы мен жаман деген сияқты қарама-қайшылықты түсіне алмаған болар едік. Бірінің-бірінсіз күні жоқ. Балықшы аталарымыз кезінде бүкіл халыққа билігін жүргізген. Әйтпесе аталарымыз тауға Балқан (екеу), көлге Балхаш, теңізге Балтық, өзенге Балық, осылар сияқты әлемнің барлық түпкірінде 306 топономикалық атауларды бермеген болар еді. Сенімсіздік білдіргендерге күні бұрын айтарым, сенің бұған сенгенің мен сенбегеніңнен ештеңе өзгермейді. Балықшы атамыздың және оның ұрпақтарының «авторлық» құқықтарын тартып ала алмайсың.

        «Бұл Балықшы уақытында,

        Билеген екен халықты.

        Ақсақалдар көп шығып,

        Тентекті жолға салыпты.

        Дастарханды кең жайып,

        Аш-арық келсе қаныпты.

        ...Жүйрік, Қостай, Есберді,

        Үш баласы болыпты.

        Теңдікке қолын жеткізген,

        Пақыр, мүскін, қарыпты.

        ...Қыдыр көрген байлары,

        Уызынан жарыпты.

        Тілге шешен билері,

        Сөйлесе судай ағыпты.

        Білгендерің айтыңыз,

        Кіші жүзден бір ауыл,

        Бұдан артық неғыпты.

        ...Ер жігіттер көп шықты,

        Дұшпанға нардай киліккен.

        Мырза жігіт көп шықты,

        Үйіне келген мейманға,

        Ат мінгізген сыйлықпен.

        ...Сегіз арыс Адайда,

        Ерлігі асқан ешкім жоқ.

        Бабай, Қармыс, Қожаннан... Иә, білгендер айтса, еркі бар. Бұл Ыбырай ақұн Құлбайұлының «Алтынды орда қонған жер» атты еңбегінен үзінді.

        Ер Қармыс. Одан асқан батыр жоқ деп жырлайды, Адайдың ақиық жауынгер ақыны Қалнияз жырау:      

        ...Бір кісіге жүз кісі,

        Мұның несін көп делі.

        Қармыс әкем келер» деп,

        Жауда жесір тұрғанды.

        Астымдағы күрең ат,

        «Қарасым» деп мінгенмін.

        Үстімдегі боз шекпен,

        «Кебінім» деп кигенмін.

        Солқылдаған ақ найза,

        Басыма сайғақ болсын деп,

        Оң қарыма ілгенмін.

        Мен анамнан туған күн,

        Өлерімді білгенмін.

        Он ай кезік болғанмын.

        Онда да өлмей қалғанмын.

        Жорықта ал, - деп, - жанымды

        Алладан тілек қылғанмын.

        Сол айтқаным болған - ды

        Ер Қармыс атамыз 1840 жылдың күзінде ел шетіне тиген үш мыңнан аса Хиуа әскеріне 80-ге таяған жасында қапелімде жиналған 27 жолдасымен жаудың артынан қуып жетіп  ұрыс салған. Ұрыс үстінде  ауыр жараланып, соның салдарынан мерт болады.

        Қазақтың бес қаруының біреуі Айбалтаны, сол сияқты Балта мен Балғаны да жасағандар осы Балықшы аталарымыз екендігіне менімен ешкім таласа қоймас деп ойлаймын. Себебі, Айбалта – біріккен сөз. Ай (Адай), Бал (балықшы), Балта, Ал (Алғы), Адайдың Бекетке дейінгі ұраны болса, Алаш бүкіл түрік халқының ұраны), Алта деген сөздерден тұрады. Осы екі қаруды Жасаған атамыздың аты Алта (моласы Манқыстау ауданының орталығы Шетпе кентінің маңында), руы Балықшы-Келінберді-Адай. Шетпенің қасында осы атамыздың атында Алталы деген алқап пен қазіргі Украина жерінде аты әлемге әйгілі Ялта қаласы (Қырым облысында) және Донецк (Дөң) облысында Ялта елді мекені  мен Сауыр мола деген төбе бар.

         Балықшы аталарымыздың аты Манқыстауда төмендегіше жазылған: Бал – қорым, Ақшұқыр аулынан солтүстік-шығыста 10 км әуежай маңында; Балаәулие – а. Мола, Таушық аулының солтүстік – солтүстік-шығыста 16 км жерде, б. Қорымдық, Оңтүстік Ақтау жотасының үстінде, Таушық аулынан оңтүстікте 10 км жерде, в. Жыңғылдыдан оңтүстікте 10 км жерде, г. Шетпеден солтүстік-батыста 15 км, Тұщыбектен солтүстік-шығыста 15-20 км жерде. Балапан –  а. Үстірттегі құдық, Ердалы құдығынан солтүстікте 7,5 км жерде,  б. Бейнеудің терістік бетіндегі құм жиегіндегі жер аты. Баламешіт – дөң (118,7 м), Қараған түбекте Кетік (қазіргі Форт-Шевченко) қаласынан шығыста 14 км жерде. Балаойық – Форт-Шевченко аумағы. Балаума – Жаңаөзенгнен оңтүстікте 40 км, Қауынды ойысының солтүстік-шығыс шетінде. Балауса – құдық; Үстіртте, Оғланды-Бекет атадан солтүстікте 32 км жерде. Балғабай – жер аты; Үстіртте, Бейнеу ауданы Қарақұдықтың шаруашылық жерінде. Балдар – Сайөтестің солтүстігінде 80 км, Қайып қорымынан солтүстік-батыста 10 км. Балькут – Сайөтестен солтүстікте 70 км, Қарақұм жерінің шеті. Балпан – а. Ескі Бейнеуден солтүстік-шығыста 40 км, б. Тигеннен солтүстікте 7-8 км, в. Жер аты, солтүстік Үстіртте, г. Бейнеуден солтүстік шығыста 36 км. Балта – жер аты; Бозашы түбегінде, Ақшымырау шаруашылық жерінде.  Балтаның құмы – құм, Сәндімжан бойында Көпдеректен шығысқа қарай жатыр.  Балтакеткен – а. Үстірттегі қорымдық, Қыдырша құдығының оңтүстік-батысында 1 км жерде. б. Үстірттегі құдық. Балым – мола; Мырзайыр сорынан солтүстікте 5 км жерде. Балыш – Оңдыдан оңтүстік-шығыста 20-25 км жерде. Балша – а. құдық; Орталық Үстіртте, Оғландыдан солтүстік шығыс – шығыста 83 км. жерде, б. жер аты, Оғыланды (Бекет ата) маңында. Балшыққазған – құдық; Үстіртте, Түпқараған ауданы жерінде. Балуанияз – а. Боранқұлдан (Опорный) батыста 32 км. б. Сенектен шығыста 90 км. Балой – төбе (135 м); Базғұрлы-Жазғұрлы ойысының оңтүстігінде 6 км жерде, оның шығыс бетінде 12 км жерде Балой құдығы болған, осы құдықтан солтүстік – солтүстік-шығыста 4 км жерде Шөлой құдығы бар. Балой-Шөлой – жер аты; Кендірлі шығанағына таяу жерде делінеді.

        Балықшы руы өте бауырмал ел. Олар, өз кезеңінде Алты алаштың басын қосып, бүкіл әлем біртұтас, бір Атаның баласындай (шынында да бәріміз бір атаның баласымыз) болып ғұмыр кешті. Артынан ерген тетелес інісі жайлы «Балықшы мен Жеменей, аударылмас кемедей» деген қанатты сөз қалдырып,  «алтауың ала болсаңдар, ауыздағыларың кетеді» деп ескертіп кеткен де солар.

        Адамзат баласына тәтті мен ащының, соған сәйкес жақсы мен жаманның, ер менен ездің аражігін ажыратып берген Балықшы (Шыбынтай, Қыпшақ) атамыз.

    -    Алаша – Ал, Ала, Аш, Аша, Алаш деген біріккен сөздерден тұрады. Сөз түбірі Ал мен Аш. «Ал» алғашқы аталық текті білдірсе, «Аш» аналық текті білдіреді, яғни Ата мен Ана деген ұғым береді. Бүткіл жер бетіндегі Ал, Ала, Алаш, Аш, Аша, Алаша деген түбірі бар барлық ұғымдардың авторы осы аталарымыз. Осы түбірлерге байланысты барлық топономикалық атаулар солардан қалды. Ал, Аша-ға келсек, бұл атау аналық текті білдірумен қатар, бөлінудің (ажырасудың, айрылудың) басы деген ұғымдарды қамтиды. Мысалы, Аша (бақан, тіреу, екі таудың жігі, арасы), Ашалы бақан (шаңырақ көтеруде қолданатын бас жағы айыр ағаш), Ашамай ағаш (айыр ағаш), аша (айыр) тұяқты мал т.т.

         Енді мына жағдайға көңіл бөлейік: Демек, Алаша дегеніміз кейіннен Алты Алашқа бөлінген алты елдің бастапқы атауы. Міне осы жерден біртұтас бір елдің алты елге бөлінуі басталады. Егер біз келешек те Иафес ұрпақтарының басын қайта қоса алсақ, бұл тарихи  жадымыздың (санамыздың) қайта тірілгені болып шығады. Меніңше, бұл тұжырымға қай-қайсымызға да тоқтауға тура келеді. Себебі, Нұқ пайғамбар атамыздың «азан шақырып» қойылған есімі «Ұқ (Үк)». Біздің бұлай тұжырым жасауға толық негізіміз бар. Біріншіден, Нұқ атамыздың өзге де есімдері белгілі. Мысалы, Европа (ішінде орыс халқы да бар) атамыздың есімін Ной (кемесін Ноев копчег) дейді.  Өзімізде де Нұхтың кемесін «Науа», дала кемесін «Нар (түйе)» деп Нұқ атамыздың лақап есімімен атайды. Үшіншіден, Қазығұртта (Қазық жұртта) пайғамбар атамыздың «Кемесі қалған» тауға жақын аймақта Үкаша атамыздың моласы бар. Үктің Нұх пайғамбардың есімі екенін айттық, ал  «Ашаға»-да жоғары да түсінік бердік. Міне, үш жүзге (үш келбетке), яғни Нұқ пайғамбардың үш ұлының (Қам, Сам (Шам), Иафес) еліне бөлінетін жерінің бастау алатын жері.  Сөз түбірі (өз түбі) мен оның құрамы ешқашан жаңылысып көрген емес. Бұл деректер бүгінгі Қазақ елінің бүкіл әлем елдерінің қарашаңырағы және Астанасы екендігінің айдай айғағы болмақ.

    -   Алан (Алаш) ұғымы Маңғыстауда дүниеге келген.  Үстіртте (қырда) Алан атты жер, құмды массив және құдық болса, солтүстік Үстіртте Алашың атты жер күні бүгінде де бар.  С.Қондыбайдың «Маңғыстаудың жер-су атаулары» атты еңбегінде «Ал» түбірінен: Алатбас, Алатөбе, Алашың, Алаторпа, Алма, Алта, Алталы, Алтықұдық, Алтықұлаш, Алтынтау, Алтынқазған, Алтынәлі, Алабие, Алаешкі, Аласиыр сиықты 31 топономикалық атаулар берілген. 

    -     Алғи – Ал (алғы) және Ғи (Қи) деген екі біріккен сөзден тұрады. Алымыз Алаш болса, Қидың Қиян (Қият, Қимақ, Қыпшақ) екендігіне менімен ешкім таласа қоймаса керек.

    -   Алты Алашқа байланысты қай ұғымдардың қайсысы, қайсысынан бұрын дүниеге келгендерін анықтау үшін сандық (есептік) жүйеге сөз береміз:

          1.  Ал 1-14;

          2.  Алға 1-14-5-1;

          3.  Алғи 1-14-5-10;

          4.  Алан 1-14-1-16;                 

          5.  Алаша 1-14-1-28-1;

          6.  Алынша 1-14-29-16-28-1

          7.  Алаш 1-14-1-28; 

          8.  Алты Алаш 1-14-23-29  1-14-1-28;

          9. Балықшы 3-1-14-29-13-28-29. Демек, Балықшы барлығының, яғни Алты Алаштың жиынтық атауларын құрап отыр.

    -   Алаштың Алшынға айналуы Серікбол Қондыбай бауырымыз айтқандай Ұлы жүз Үйсінге, Орта жүз Арғынға, Кіші жүз Алшынды ұйқастыру үшін емес. Мұның мәні мен мағынасы тіпті басқа дүние.

      Ежелгі жазбалардың бәрінде, қасиетті Құранда да Ұлы Алланың ең алғаш адам баласына (Мұса пайғамбарға) аян беретін жерінің атауы Синай тауы делінеді.  Ұлы Синай тауы, бұл кейінгі өзге тілдердің ықпалымен өзгеріске ұшыраған таза қазақ сөзі. Сөз түбірі Сын (Син). Қазақта осы түбірден Сын, Сынды, Сынай, Сынтас, Сыңғырлау, Шың, Шыңырау, Шыңдау, Шын, Шындық деген ұғымдар туындайды. Бәрінде де сөз түбірі Сын, Шын, Шың. Бұлардың бәрі синоним сөздер, аналық текті білдіреді. Қазақтың ежелгі  «Сына» жазбасы солардан қалды. Олардың ең алғашқы ғұмыр кешкен жерлері Маңғыстаудың қыры, яғни Үстірті (Үстіңгі жұрты). Ол жерде қазір Маңғыстаудың қара ойынан Үстіртке  көтерілер  жерде Сынды асуы, Сынды тауы және осы аттас құдық бар. Осы қырдың бір биік жері күні бүгінде де «Шың» деп аталады. Міне Алшын атауының шығу тегі. Бұл дауға жатуға тиіс емес. Сөз түбірі ешқашан қателескен емес.

    -  Алаш идеясы – қазақ идеясы. «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш» дейтін біз үшін ол әрқашан қазақ идеологиясының темірқазығы болып келді, бола береді де. Сондықтанда патшалық Ресей мен  кеңестік Мәскеу өкіметі жаулаушылық әрекетімен бірге «интернационализмді» жалаулатып  жалпы «алаш» пен «қазақ» атауын құртып – жою үшін барлық амал - айланы қолданып бақты. ХҮ ғасырда құрылған қазақ мемлекетін патшалық Ресей  400 жыл бойы өз атымен атамай, оларды біресе қырғыз, біресе қайсақ, немесе екеуін бірдей қосақтап қырғыз-қайсақ деп жазып, қазақ даласын қарулы күшпен толықтай жаулап, ондаған миллион ата-бабаларымызды қырғынға ұшыратты.  Оның жалғасы ХХ ғасыр басында Кеңестік Мәскеу өкіметінің Алаш азаматтарын түгелдей қырғынға ұшыратуымен аяқталды. Бұл кезеңде де бірнеше миллиондаған қазақ арыстары опат болды. Патшалық Ресейдің де, оның тақ мұрагері Кеңес өкіметінің де жүргізген  саясаттарының түпкі мақсаттарының өзі де осы болатын.  Демек, солардың тақ мұрагерлері бүгінгі Ресейдің қазақ елінің ішкі саясатына қатысты әрбір әрекетіне  баға беруге тиіспіз. Ал, олар бүкіл қазақ даласын жұтып қоюға барын салып жанталасуда. Біздің алдымызда екі жол тұр. Біріншісі Ата-баба жолына сатқындық жасап, Қапқаз (Кавказ) сырты қазақтары  (Закавказье казактары)  сияқты орысқа айналу, екіншісі Адам Атаның қарашаңырағын сақтап, әлем мәдениетінің қақ төрінен өзімізге тиесілі орынымызды иемдену. Бірінші жол, егер біз ел болудың әрекетін жасамай, қол қусырып қарап отырсақ өзінен-өзі келеді. Ұлы аталарымыз жетпіс мың жыл бойы екінші жолды таңдап «мың өліп, мың тіріліп» бүгінгі күнге жетті. Бұл жол өміршең, мәңгі өлмейтін ұлы жол. Бұл елбасымыз (Нұрсұлтан Әбішұлы) таңдаған «Мәңгілік ел» атты ұлы жол.  Менің де таңдауым осы... Ал, сіздің ше?!

 

 Тарих тағлымы: Алаштың біріксе, алмайтын қамалы жоқ, бірікпесе, құл болудан басқа амалы жоқ (Міржақып Дулатов).

Ел азарда оны жемқорлар мен парақорлар билейді (Қадыр Мырза-Әлі).

«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» (Халық мақалы).    

 

               Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім, Маңғыстау

Ұлт порталы