16 қыр, 2016 сағат 23:32

Ақжардың ақ қаймағы мен айранына сұраныс көп

Қазақстанда алдағы үш жылда сүт қабылдау орындарының санын 400-ге жеткізіп, нарықтағы сүт өнімдерінің бағасын 20 пайызға түсіру көзделініп отыр. Өз күшінде жұмыс істемей тұрған сүт кәсіпорындарының шикізатын көбейтіп, жаңа сүт өндірістерін, сүт қабылдау орындарын ашу ел денсаулығына аса пайдалы өнімнің құнын төмендетіп қана қоймай, сауынға сиыр байлағандардың отбасылық табысын да арттыратын болады.

Өткен жылдың жазында Ақжар ауылында ашылған сүт өңдеу цехы қазір осы өңірдегі тұрғындардан сүттің литрін 60-70 теңгеден қабылдап алуда. Сүт қат болатын қыс кезінде әр литрін 100-140 теңгеден де алып келген. Мал жайлауға шығатын жаздыгүні сүт жинау көлемі біршама төмендегенімен, сүт өңдеу цехының жұмысы тоқтаған жоқ. Ақжардағы, төңіректегі елді мекендердің тұрғындары мен «Ай сері», «Дина», «Ләззат», «Дәулетбай», «Толғанай», «Аяқты Тоқтамыс», басқа да ірілі-ұсақты шаруа қожалықтары алғашқы күннен бастап сүтті осы цехқа өткізіп жатыр. Ақжарда сүт цехымен жұмыс істеуге тілек білдіріп жатқандар әлі де бар.

Тарбағатай ауданы, оның ішінде Ақжар өңірі ежелден мал шаруашылығы дамыған аймақ екені белгілі. Бірақ ірі қараның дені етті бағыттағы мал. Елде, облыста сүт кластерін, сүт өндірісін өркендетуге орай жасалып жатқан өңірлік кешенді бағадарлама бойынша бүгінде ауданда сүтті бағыттағы ірі қара санын көбейтуге ерекше көңіл бөлініп жатыр. Осы сүт цехын іске қосқан «Қоныс» шаруа қожалығы бастап, өңірдегі бірнеше шаруа қожалығы Көкпекті ауданынан сүтті бағыттағы симменталь тұқымды малдарды сатып алып келіп, сауынды сиыр басын арттыруда.

Сүт цехының тоңазытқыш қоймасының ішіндегі дайын сүт өнімдері округтегі ауылдардың дүкендеріне, аудан орталығының сауда нүктелеріне жөнелтіліп жатыр. Қыркүйектен бастап ақ қаймақ пен айран, сүт, май, кілегей ауылдардағы мектептер мен балабақшаларға, ауруханаларға, өзге де әлеуметтік нысандарға жіберіледі. Өнімдердің қатарында құрт, сүзбе, ірімшік те бар. Өнімдер қаптамалары мен орамалары өскемендік «Полиус» серіктестігінде тез бұзылатын сүт өнімдерін сақтаудың озық технологиясымен жасалған. Малдәрігерлік қызмет тексерістерінен өткізілетін табиғи таза өнімдер, әрине, «Ақжарда өндірілген» деген жазуымен де ерекше. Май шайқап, айран ұйытқан шағын кәсіпорын шалғайдағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып жатыр. Мұнда жеті адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Тұтынушылар болса жергілікті кәсіпорынның жаңа өнімдері сапалы екендігін, өздерінің талғамдарынан шығып жатқанын айтты. Бұрын аудандағы дүкендердің сөрелерінде сонау Ресейде өндірілген сүт өнімдері де жиі кездесетін. Қазір Ақжардың ақ қаймағы мен айраны көбейіп келеді. 

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 60-қадамында Елбасы сүт өнімін және сүт өндірісін дамытуға инвесторлар тартуға тапсырма берген болатын. Ауданда алғаш рет ашылған жаңа өндіріске өнімдерді өткізу, жинау мәселесінде қолдау көрсетілуде.

- Біз сүт өнімдерін өткізуге аудандағы білім беру, денсаулық сақтау мекемелерімен келісімге отырдық. Өнімдерді орталық аурухана, Ақжар ауылдық емханасы, өкпе ауруына қарсы емдеу емханасы, 45 мектеп пен 11 балабақша сатып алып отыр, - дейді бізді автоматтандырылған сүт өнімдері өндірісі желісінің жұмысымен таныстырған осы цехтың басшысы Лаура Құнафиянова.

Ақжар ауылындағы алғашқы сүт өңдеу цехының құрал-жабдықтары «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында берілген 12 млн. теңге қаражатқа сатылып алынған.

Осы бағдарлама арқылы 10 млн. теңге несие алған Көкжыра ауылындағы жеке кәсіпкер Н.Садықов та қыркүйек айында шағын сүт цехын ашпақ. Қазір цехтың құрал жабдықтары құрылып, өндіріс желісін іске қосу, реттеу жұмыстары жүргізілуде. 

Жанаргүл Көкенай 

Тарбағатай ауданы.

"Дидар" газеті