11 ақп, 2019 сағат 12:05

"Ақынның ақындығы - арда ғана"

Мұқағали МАҚАТАЕВ - 88.

Қарасаздан түлеп ұшқан ақиық ақын Мұқағали (Мұхаммедқали) Мақатаевтың туғанына биыл 88 жыл толады.

Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты,
Мен өлемін өзімнің биігімде,-

деп ақын Төлеген Айбергенов жырлағандай, замана көші алға жылжыған сайын ақын рухы асқақтай түсетіні анық.

Ағамыздың күнделігінде: «Ей, безілдектер, сендер емессіңдер, маған баға беретін! Нағыз бағалаушылар әлі алда. Жылдар өтеді, жаңа ұрпақтар келеді, біздің әрқайсымызды өз орнымызға солар қояды. Ежелден солай болып келген, солай болады, бола береді де. Мен ХХІ-ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысымын да...»,-деп жазған екен. Шынында да солай болды.

Бүгінде сыншыл уақыт ақынның айтқанын алдымызға дәл келтіргендей. Ақынның жырларына құмар оқырмандардың қатары жыл өткен сайын артып келеді. Қарасаз атты қараша ауылда кіндігі кесіліп, қазағының біртуар ұлы болған, поэзия көгінде жасындай жарқылдаған, ғасыр ақыны атанған Мұқағали есімі әркімге ыстық, әрі зор мақтаныш.

«Бақсы бақсыны, жақсы жақсыны көре алмайды»,-деген тәмсіл бар. Рас-ау! Заманында Абай ақынның басына қамшы ойнатып, Ақанды «матағандар», Мұқағали ақынды да аямады!

Шындығын айту керек, cұрқай қоғамның әділетсіз қылықтарына төзе білген Мұқағали ағамыз кезінде өз бағасын ала алмады. Аяғынан шалды, талай өлеңдері «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кетті. «Ішірткісін өздері беріп алып», «Ішкіш» дегендерде табылып жатты. Ақын ондайларға:

-...Шарапта емес
Мәселе-басқасында...
(Болады ғой онымен қоштасуға).
...Шыдайсың ба менімен достасуға?
Етігіңмен су кешіп, тас тасуға?
Майханаға сонан соң ұрын келіп,
Ішісеміз, алдымен пұлын беріп.

Солай, інім!
Ішеді ағаң кейде,
Ішпей сөнген інінің сұрын көріп...
Ішірткісін өздері беріп алып,
Ішкіш дей ме, шынымен мені халық?!
...Ішпе, інім, ішерсің содан кейін.
Алдыменен ағаңды көміп алып...-деп жырлаған ақын ағамыз оған мойымады, тік жүрді және тура сөйледі.  

Әйтеуір, кінә тауып бір жеріңнен,
Сынауға тіптен құмар кім көрінген.
Бірақ та,
Білесің бе, ей, кім көрінген,
Айтсын деп ақиқатты тіл берілген...
«Ақиқат елегі сынбайды»,- деуші еді.

Мұндай келеңсіз қылыққа «морт сынатын» Мұқағали жоқ! Ақиқатты толғатып, жырға қосты. Ақын тұрмыс тауқыметін тарта жүріп, қисынсыз сынға ұшырағанда да, «ақынның ақындығы - атақта емес, арда ғана» деген ұстанымда жүрді. Шен-шекпенге, лауазым-атаққа да қызықпай, қарапайым өмір сүрді.

...Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өзі айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып, өзіне қайтарамын.

Мұқағали ағамыз ақындық өнерін ешқашан бұлдаған емес. Шын дарын ардың жүгін арқалауды үлкен жауапкершілік деп біледі. Сөз ұстаған киелі өнерін халыққа арнайды. Сырын ақ қағазға төгеді. Бар өмірін өлеңмен өрген ақиық өз қоғамынан ақиқаттың алдаспанын асынған Махамбеттерді іздейді. Поэзиямен ер мінезді асқақ рухты жоқтайды.

Сырым да – осы,
Жырым да – осы,
Алдыңда.
Байқашы бір,
Бықсыдым ба, жандым ба?
Махаңдар жоқ,
Махаңдардың сарқыты –
Мұқағали Мақатаев бар мұнда!..

Ғажайып ақынның әрбір өлеңі - өмірдің өзі. Қоғамды көре алмаушылықпен күндестіктен ада болуға шақырып, «Күндестік құрысын!» - деп ортаға  ұран тастап, ашына жырға қосты:

Қандай рақат!
Жүрейік, достар, күнде өстіп.
Ренжу деген,
Ренжу деген - білместік.
Бауырларым-ау!
Бәріміз қиын күн кештік,
Арамызға біздің
Қай жақтан келді күндестік?!.
... Ойлаңдар, достар!
Өнерде «жарыс» болмайды!
Өресі жетпей,
Күндестік қылған оңбайды.
Өнерің жетіп,
Өсе алмай қалсаң, сол қайғы...
Күндес таласқан
Өнерің өнер болмайды!

Өзегін жарып шыққан ақынның жырлары халық жадында жатталып, өшпейтін із қалдырды. Қын түбінде жатқан асыл кездік енді шыққандай.

«Қазақ даласының ең биігі - Нарынқол, ал Мұқағали - қазақ  поэзиясының Хантәңірі», - деп жазушы Әкім Тарази айтпақшы, ғасырлардың сырласы жазған поэзия күннен-күнге түрленіп, Хантәңіріндей асқақтап, ең көп оқыла беретіні анық.

Асылды тот баспайды!

Мұқағали - мәңгілік ғұмыр.

Жаныңыз жәнатта болғай, ақын аға!..

Дәурен ЕРМЕКБАЙ,

Кеген ауданы,

Тасашы ауылы.