07 мау, 2018 сағат 07:51

"Ақылы асса аға тұт" немесе Зейнолла ағаның зиялылығы

Адам – пенде ғой. Әрбір істің нәтижесін өтіп кеткен уақыт пен мүмкіндік көрсетеді екен. Жас кезімізде заман басқа, заң басқа еді. Жұмыс емес жұмысшы жоқ, банктер аз, ақша көп заманда өз жұмысын білетін мамандарды ерекше қадірлейтін алаңсыз шақтар өтіп кетіпті. Өзім туып-өскен киелі мекенде жиырма жылдай  қызмет  атқарып, өз жұмысым – «өз үйім, өлең төсегім» болып кеткен уақытта ойда-жоқта қызметтен кетіп, мекен ауыстыру өткен өміріңе емтихан тапсырумен бірдей екен. Ойда-жоқта Астанаға келгенде қолыма жауабын білмейтін, қиын сұраққа толы билет түскендей абдырап қалғаным да рас. Адам түгілі көшесінің қайда апаратынын білмейтін бейтаныс қалада нені, қайдан, қалай бастарымды білмей біраз сергелдеңге түстім. Жаныма жақын тартқан мекемелердің біразының есігін қақтым. Мамандығыма сай қазақ руханиятына қажет Абай шығармашылығының маңайында жұмыс сұрап ақын-жазушы, қоғам  қайраткері,  зиялы қауым өкілдерінің біразына кездестім. Бәрінің айтатыны мемлекеттік тілді дамыту аясында әдемі сөз бен  ұзақ-сонар сырғыма  сылтау.

Осындай күндердің бірінде жағалаудағы жол бойында тұрған «Қазақстан-Ресей университеті» деген жазуы бар еңселі мекемеге бұрылдым.  Университет проректоры – Ғайнелғазы Зейноллаұлы қабылдады. Аты екі мемлекеттің жүгін арқалап тұрған оқу орнының ұлт иісін аңқытып тұрған иман жүзді адам екен.  Асықпай тыңдады. Қанша уақыт естілердің есігін қағып жүріп Астанаға не керек екенін біліп алғанымның пайдасы тиді. «Қазақ тілін дамыту және Абай» кабинетін ашуға келісіп, басшысымен кездесетін болдым. 

Бұл 2010 жылғы желтоқсан айының басы еді. Ғайнелғазы Зейноллаұлының айтқан уақытында атқарушы директор Әбдіғали Реджепұлымен кездестік. Аталған кабинеттің қандай бағытта жұмыс атқаратынын қағазға қаламмен жазып әкелгенмін. Құптады. Қарағандыдағы ректор Зейнолла Молдахметовпен кеңесетінін айтып шығарып салды. Келесі күні айтқан уақытында Қазақстан-Ресей университетіне келдім. Мұндағылар оқу орнының бас иесі Зейнолла Молдахметұлы өзі басқарып отырған техникалық-инновациялық оқу орны екеніне қарамастан келіскенін жеткізді. Өтініш жазып, құжаттарымды қабылдаған соң, бірден кабинеттерді таңдауға кірістік. Шыны керек мүйізі қарағайдай қазақ гуманитарлық университтетерінде  осылай болып жатса таң қалмас едім. Абай деген сөзді естігенде бірден құптаған Зейнолла Молдахметов нағыз зиялы адам екен ғой деп түйдім.

Шынайы ниеті түзу адам кез келген істің ретін табады екен. Менің кім екенімді көрмей, білмей жатып сенім артқаны маған одан әрі күш берді. «Басшысы бастай білсе, он кісі жүзді жеңеді» деген мақал дәл келді. Қабырғадан басқа ештеңе жоқ 35 шаршы метр кабинетті меншіктеп алып, «бұл кабинетке не қою керек?» деп қатты  толқыдым. Ақыл-кеңес сұрайтын ешкім жоқ, мұндағылар маған сеніп отыр.  Қолымда қаламымнан басқа ештеме жоқ. Қазақша сөздерді айшықтап жазып, жоспар, іс-шара мәліметтерін іліп қою ешкімге таңсық емес. «Бұл кісі Абайға бас иіп отыр ғой, «Абай кабинеті» деп ашайын деген ойға келдім. Оқу орнында «эспозиция, витрина» деген сөздерді түсіндіру қиын болса да түсіндіруге тырысып  басшыларға қайта кірдім. Қарсы сөз айтқан жоқ.

- Өзіңіз қалай түсінесіз, солай жасаңыз. Тек, қажет дүниеңізге қызметтік хат жазып  беріңіз, - деді.

Қажет дүниелерді қызметтік сұраныс хатқа тізіп апарып бердім. Қол қойылды. Астанадағы мұражайларды аралап жүріп артық витриналар мен экспозициялық шыныларды алатын болып келістік. Қызметтік көлікпен қажет витриналар мен шыныларды тасып, Семейге бірнеше рет іс-сапарға барып, тарихи тұрмыстық мәдени экспонаттар мен мүмкіндігінше Абайға қатысты фотосуреттер мен жазбаларды алдым. Аз уақыттың ішінде 35 шаршы метр кабинет толып, жинаған заттар сыймай қалды. Жанындағы дәл осындай кабинетті тағы босатып берді. Сонымен екі айдың ішінде екі бөлмелі 80 шаршы метрден артық «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығын құраған экспозициялық зал пайда болып, ақпан айының басында Астана халқына ашылу салтанатын өткіздік. Ашылу салтанатына мәдениет министрлігінен бастап, мәжіліс, сенат депутаттары, зиялы қауыммен бірге Қарағандыдан Зейнолла Молдахметов арнайы келіп ризашылығын білдірді.

- Өзің пысық екенсің, аз уақыттың ішінде мына дүниелерді қалай жасап үлгердің?! – деп күліп алды да, - қажетің болса айт, - деді.

Ондайда аузыңа сөз түсе ме, басымды изеп үлгердім. Жақсылығынан жамандығы басым мына заманда күннен шуақ іздеп жүретін ақындарға ең алдымен жылы қабақ пен бір ауыз жан жылытар сөз ғана керек. Тамызығын тапса тас та жанатын, «қалауын тапса қар жанатын» мүмкіндік бар екенін осы жолы таныдым. Еңбегімді бағалағаннан гөрі,  екі ай ішінде бірде-бір рет «мынауыңыз болмайды» деп бөгет айтпай, істің нәтижесін күтіп, ойымдағы кішкентай кабинеттен үлкен екі бөлмелі орталыққа дейін өсірген сенімділігіне әлі күнге дейін басымды иемін.

Қамап ұстаған тұлпар бәйге алмайды, тұсауланған таланттан тың дүние тумайды. Еркін ұшқан құс та биікке самғайды. Қазақтан шыққан алғашқылардың бірі, ғалым, химия ғылымдарының докторы, академик, – Зейнолла Молдахметұлы Молдахметовтың жасандылықтан биік шын зиялылығы «Абайтану» орталығын сол еркіндікпен Республика деңгейіне дейін көтерді. Жазған қағаздарымды жауапсыз қайтармай, қаржы мәселесі бойынша тығырыққа тіремей, оқу орынына қатысының бар-жоғына қарамай, апта сайын Астана мектептерінің ұстаздарымен Абай тақырыбында ашық сабақтар, түрлі тақырыптағы  кездесу кештер мен байқаулар,  курстық сабақтар еш кедергісіз  жүргізілді. Қазақстанның әр түкпірінен осы орталықты іздеп келушілер көбейді. Қайратыңа дем беріп, ынты-шынтысымен сенім артып, бетіңді қақпай алға жетелеп отырған басшың болса неден қорқасың?! Жыл сайын жеңімпаз ұстаздар мен озат оқушылар, зиялы қауым өкілдерінен 45 адамды бір автобусқа жинап «Ұлылар мекеніне саяхат» жасап, ешқандай қауіпсіздік шараларын ойламай Астана – Семей – Жидебай  бағытына төрт күндік сапармен барып қайтуды өз мойныма алып төрт жыл бойы сапарлағанымды енді ойласам бойым шымырлайды... Ұзақ жол, жалданған сыры беймәлім автобус, жан-жақтан жиналған  адамдардың бірі ауырып, бір жағдайға тап болып қалса қайтемін деген ой болмапты. Батырлыққа көзсіздік керек екенін енді ғана ұқтым. Осының барлығы басшының маған артқан сенімі. Сенім мен еркіндіктің арқасында «Абайтану» Республикаға танылып, 2000-ға тарта тарихи фото-деректер мен экспонаттар жиналып,  Астана мектептерінің 47 ұстазы Абайтану курсынан сертификат алып, 200- ден артық адам Абай еліне саяхаттап қайтты. Ғажап қой! Өкініштісі, оқу орнының жабылуына байланысты төрт жыл Астана төрінде қызмет көрсеткен орталық та өз жұмысын тоқтатты. Содан бері де төрт жыл уақыт өтті. Ханнан басқаның бәрінің алдына бардым. Қайратыма әдісімді серік етіп билігі жүріп тұрған талай құзырлы орындардың  табалдырығын тоздырдым. Бірақ,  дәл Зейнолла Моддахметовтың  ұғымындай зиялылықты көрмедім. Заманына сай кепкісін қисайта кигендер қызмет бергенімен әрі қарай жұмыс жүргізуге мүмкіндік бермейді. Біреуінде кабинет жоқ, бірінде жалақы жоқ, енді бірінде мекеменің форматына келмейді.

Біздің қоғамда кезіп жүрген бір үлкен қателік – кез келген мекеме басшысының  қызметкерлеріне еркіндік, мүмкіндік бермей, өзінен асырмай «өзім білемін, менің ғана білгеніммен жасалады» деген эгоисттік мінез. Қызметті алға бастырмайтын іс осы.  Менмендік, эгоистік, атаққұмарлық кұр айқай  жойылмай қазақ руханияты  өспейді.

Ал, «Абайтану» орталығына жаяулап жинаған мүліктер Зейнолла Молдахметұлының мекемесінде әлі сақтаулы тұр. Осы мекемені басқарып отырған  Марат Зейноллаұлы  әкеден көрген тектілікті жалғаған,  зиялы азамат әлі күнге дейін әлдекімдер сияқты «кабинет керек» деп сылтау айтқан жоқ. Жарты әлемге жар салып  мақтанбай-ақ,  қарапайым ғана қалпымен  ұлт руханиятын сақтап келеді. Нағыз ердің белгісі бір-ақ рет айтқаны, серттің беріктігі, уәдені құдай сөзі деп танитындығы ғой. 

Қазақтың тақиясына симай, кең байтақ даласынан, Астананың даңғарадай зәулім мекемелерінен бір бұрыш бұйырмай тұрған Абайға осынша құрмет көрсеткен нағыз зиялы қоғам қайраткері Зейнолла аға екен ғой...

Алмахан Мұхаметқалиқызы,

Астана