27 қар, 2018 сағат 16:27

Ақылбек Күрішбаев ветеринарлардың еңбекақысын көтеруді сұрады

Парламент Мәжілісінде «С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ басқарма төрағасы Ақылбек Күрішбаев ветеринар мамандарды жұмысқа орналастыру кезіндегі кемшіліктерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі кезде елімізде жоғары білімді ауыл шаруашылығы мамандарын даярлаумен 20 ЖОО айналысады. Оның ішінде бейінді болып тұрған тек үш аграрлық оқу орнында ауыл мамандарының 50 пайыздан астамы даярланады. Ал қалғаны бейінді емес 17 ЖОО-да  дайындалады. Ветеринария да медицина секілді күрделі ғылым. Егер де біз біліктілігі жоғары ветеринарларды көргіміз келсе, оларды даярлауды тек бейінді оқу орындарында жүзеге асыру керек. Яғни, кадрлық әрі зертханалық базасы бар ЖОО-лар ғана мамандарды оқытуы тиіс», - деді А. Күрішбаев ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздік мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысында.

Осы орайда ол ветеринар мамандығының мәртебесін көтеріп, дамыған елдердегі секілді олардың еңбекақысын лайықты деңгейге көтеру қажеттігін айтты.

Сонымен қатар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы талаптарының орындалуы жайына тоқталған А. Күрішбаев, «өкінішке қарай, осы мәселе жергілікті атқарушы органдардың назарынан тыс қалып отыр. Бұл тұрғыда біздің университеттің жағдайы бойынша мысал келтіргім келеді. Соңғы 3 жылда бізде  300 ветеринар ауылды жерге жұмысқа тұруға барды. Оның ішінде тек жиырмасы ғана көтерме жәрдемақыны алды, сондай-ақ екі адам баспана алуға жеңілдікті несиеге қол жеткізді. Яғни, тиісті заңнама орындалмай жатыр», - деп атап өтті.