16 мам, 2017 сағат 15:25

Акутагава Рюноске. "Нақұрыстың өмірі" (новелла)

"Өзіңді-өзің өлтіру – қоғамнан жеңілгеніңді мойындағаның" дейді Оскар Уайльд. Бүгінге дейін оқып, білгенім бойынша: Эдгар Аллан По жынданып, Александр Блок салқын бөлмеде аштықтан өлген. Николай Гумилев абақты ауласында атылған. Владимир Маяковский де оққа ұшқан. Марина Цветаева өз түбіне өзі жеткен. Француа Вийон дарға асылған. Юкио Мисима харакири жасаған. "Көзіне ажал елестеген" Эрнест Хэмингуей өз-өзін атып тынған. Михаил Лермонтов Пушкиннің тағдырын қайталаған. Хайзы өзін пойыздың астына салған.

Ал, ғұмыр тауқыметін көп тартқан Акутагава отыз бес жасында дәрі ішіп өлген.    

Осы жанкештілерді "Бұлардың бәрі рухани жан дүниесі мазасыз ізденісінің құрбаны болғандар..." деген Әмірхан Балқыбектің сөзімен қорғап қала аламыз ба?!    

...Акутагава Рюноске. Классик. "Расёмон қақпасы" оған танымалдылық әкелсе, "Мұрыны" ұстазы Нацумэ Сосэкиді таң қалдырды. Ал, біз аударған (Н. Фельдманнан) "Нақұрыстың өмірі" атты новелласын аспанына ажал бұлты үйірілмес бұрын аяқтаған.

Өлерінің алдында жазушы досы Куме Масаоға шығармасымен бірге қалдырып кеткен хатында былай жазады: "Қолжазбаның жарық көруі жөн бе еді?! Сондай күн туар болса, оның оқырман қолына тиерге дейінгі барлық машақаты сенің арқаңа жүк.

Мына парақтардағы кейіпкерлерді білесің. Туындыммен көпшіліктің танысуына сөзсіз дайынмын, бірақ, тұла бойындағы тарқатылған тағдырдың кімдікі екендігі жұмбақ күйінде қалғанын қалаймын.

Менің кеудемді күн сайын күрсініс күйелейді. Ол, бәлкім, бақытымнан... Сырт көзге оғаш көрінері анық, алайда, еш өкінбеймін. Тек қайырсыз ұлы, қиялын құшқан күйеуі, танымасқа айналған туысы болған жандар үшін қамығамын. Ендеше, қош! Біле жүр, мен саналы түрде өзімді ақтап алуға тырысқан жоқпын!

Аталмыш еңбегімді саған ғана аманаттаймын. Себебі, сен менің жанымды бәрінен артық ұғасың. Ақымақтығыма күлерсің, мүмкін...

20 маусым, 1927 жыл"

"Әдетте әдеби шығарманы рахат үшін оқиды." Кеудесінде тұнған сыр хақында оның өзі сөйлесін... Жапон жазушысының өмірбаяны іспеттес новелласын қазақ тілінде оқыңыз!

Марлен Ғилымхан

Нақұрыстың өмірі 

Дәуір

Ол жиырма жаста... Әлдебір кітап дүкенінің екінші қабатында қаз-қатар тізілген су жаңа жинақтармен европалық үлгідегі жиылмалы саты арқылы танысып тұр. Мопассан, Бодлер, Стриндберг, Ибсен, Шоу, Толстой...

Қас қарая бастағанына қарамастан көздің жауын алатын қалың томдардағы жазулардан жанарын тайдырмағаны – танымының аясын кеңейтуге деген зор құштарлығынан... Аңсарын аударған тек авторлар емес, білдей бір ғасыр. Ницще, Верлен, Ағайынды Гонкурлер, Гауптман, Достоевский, Флобер...

Ымырт ығыстыра бастаған жарыққа жармасып жүріп, елеулі есімдерді санасына сіңірді. Бірақ, кітаптар сәт сайын қою қараңғылықтың шымылдығының тасасына тығыла берді. Құлшынысы сарқылуға айналған жігіт төменге түсуге ыңғайланғанда тас төбесінен электр жарығы жанды.

Биіктен әдеттегіден кішкентай боп көрінген сөрелер арасындағы сатушы мен сатып алушылар сондай жан аярлық хәлде еді.

- Адам өмірі Бодлер жазған өлеңнің бір жолына да татымайды.*

...Біраз уақыт "аяныштыларға..." күйіне телмірді.

Ана

Сұрғылт түсті киімдегі науқастар қойынына құйылған реңі түнеріңкі, көлемі ат шаптырым бөлменің ажары көңілсіздікке сүңгіген. Ақылынан алжасқан күйі жан-тәнімен фисгармонияда әнұран әуендерін ойнаған әйелден өзге біреуі биге құмартса керек, селк-селк секіреді.

Ол бетінің екі ұшы қызарған дәрігердің "еті үйренген көрінісіне" көп қарады.

Расында, ауада қалқыған иіске дейін есіне түсірген анасының он жыл бұрын "осылардан" мүлде айырмасы жоқ-тұғын. Түк те...

- Ал, жүрейік...

Екеуі дәліз бойындағы түрі түндей бұйығы төрт қабырғаның біріне кірді. Бұрыштағы спирттелген адам миы салынған үлкен шыны құтылардан жеңіл, әрі ақшыл ұшқындар байқалады. Жұмыртқа ақуызын сеуіп қойған секілді... Жол сілтеушісімен болған әңгіме барысында да ойынан анасы кетпеді. 

- Өзін ауқымы зор, электр тогын тарататын жарқыраған қара машина санайтын мына мидың иесі N. кәсіпорынында инженер қызметін атқарған.

Серігіне тура қараудан жасқанған жігіттің назары далаға ауды. Үстінде жаңғақша шағылған бөтелкелердің сынықтары шашылған тас дуалдан басқа ештеңе көрінбеді. Тек кірпішті басқан сирек мүктерге көмескі сәуле шашқан әйнек үгінділері ағараңдайды.

Жанұя  

Өзі он екі жасқа толғанда алпысты алқымдаған, оң босағада отырып қалған, қанша сөзге келсе де, бәрінен артық сыйлайтын апасымен жиі болатын жанжал өгей әке-шешесінің татуластыруымен аяқталатын.

Ол борпылдақ топырақтың кесірінен қисайған қала сыртындағы үйдің төбесіндегі үйшікте өткізген уақытында адамдар бір-бірін қаншалықты жақсы көрсе, неге соншалықты қинайтыны туралы көп ойлайтын. Мұндай шақта бойын үрей билейтін. Құжырасы құлап бара жатқандай...

Токио 

Сумидагава өзенінің өңін боз тұман торлаған. Жаймен жүзген кеменің терезесінде Мукодзима аралында өскен шие ағаштары жайқалады.

Барын бағзыда байқатқан, бастауын Эдо заманынан алатын талдардағы түйнектер арқан бойына ілген қомыттай ажарсыз.

Мен

Темекісін тоқтаусыз тартып, ескі танысымен дәмханада отыр. Жұмған аузын ашпады да... Бірақ, серігінің сөзін іждаҺатпен тыңдады.

- Бүгін жарты күн бойы көлікпен жүрдім.

- Жұмыстарыңмен бе?

Үстелге шынтағын таянып, немқұрайлы жауап қатты:

- Жоқ, жай ғана қыдырғым келді!

Бұл сөздер шылым улаған санасын әлденеге басыбайлылықтан босатып, беймәлім әлемге, анығында, Тәңірге жақын жеке «эгосына» жол ашып, арқасына ауыртпалық артты. Қуанып та қалды.

Мейрамхана тым тар... 

Пан Құдайының суретінің астында толық, етті каучук ағашының жапырағы қызыл қыш құмырадан бас қылғитады... 

Дерт

 Айдынның жұлқына соққан желін елемей, ағылшын сөздігіне саусақ жүгіртті.

«Talaria – қанатты аяқ киім.  

 Tale – әңгіме.

Talipot – Шығыс Индиядағы пальма. Діңі елуден жүз футқа дейін биік өседі, жапырақтары қолшатыр, желпуіш, қалпақ жасауға пайдаланылады. Ғажабы жетпіс жылда бір гүлдейді...»

Кітап таныстырған ағаштың кейпін елестетті. Кенет тамағы қышып, түкіріп тастады. Сілекейге ұқсамайды.

Жалғанның қамшыдай шолақтығын ойлады.

...Теңіздің арғы жағында ырғалған пальманың гүлі.

Картина

Бәрі тосыннан болды. Кітап дүкенінде сақталған Ван Гог суреттерінің көшірмелеріндегі табиғаттың балғындығынан живописьтің не екенін түсінді.

Бұтақтардың биіне, айналасындағы әйелдердің жүзіне жиі үңілуді әдетке айналдыруы мына дүниеге бөлек көзқараспен қарауды үйреткен картиналардың әсері шығар...

Күздің жаңбырлы қаракеуімінде шаһар шетіндегі темір жол көпірінің астымен аяңдап келеді. Жүк арбасы төсеме үймесіне тіреле тоқтаған. Елеусіз тастақ жолға өзінен бұрын кімнің табан тигізгені туралы ойлау ешқандай пайда әкелмеді. Бұйра бұлты маңып, түнерген аспанның кескінін кесік құлақты, тісіне қыстырған ұзын мүштігін құшырлана соратын голландық қалай сезінсе, жиырма үштегі ол да солай түйсінді.

Ұшқын

Жүзін жауын жуған жолдың айғыз шалшығында қалқыды... Соңынан күннің күркірін лестірген жаңбырдың қарқыны қатты. Тозаңданған резеңке пәлтесінің тамшы тиген тұсынан жас иіс аңқыды.

Көз ұшындағы сым орамынан қызғылт ұшқын тұтанды. Бойын дүдәмал діріл биледі. Төс қалтасында достарының мерзімді басылымына даярлаған қолжазбасы бар. Жанары өзін делсал күйге түсірген ток іздерінде.

Ауаға өрмелеп, өлім құшқан жарқылдар баяғысынша өткір. Пенде фәниінен іздегенін таппаған ол тек ұшқындарды ғана... шыбын жанын шейіт қылса да уысында ұстауға ұмтылды...

Өлік

Мәйіттердің бас бармағынан аты мен жасы белгіленген тақтайша салбырайды. Жұмысқа қызу кіріскен жолдасы еңкейіп, еппен қандауыр пышақты сұққан әлдебір бет терісінің астынан әдемі май сарғаяды.

Өзі көзін алмай тұрған бақилықтың өңі ежелгі естеліктер жазылатын новелла үшін керек. Шіріген өрікке ұқсайтын жансыз тәннің иісі жағымсыз.  

- Соңғы уақытта өліктерді көп әкелмейді, – деді асықпай қолындағы құралын қимылдата берген дәрігер томсырайып. Санасында сайрай жөнелген «егер мен осы саланың маманы атанып, ісімнің алға басуына ажал ауыздықтағандардың аздық етуі кедергі болса, адамдарды еш себепсіз жазым қылар ем...» деген ойы айтылмай, ішінде тұншықты.

Ұстаз

Күзгі күннің шұғыласына шомылған ағаш жапырақтарының сыбдыры естілмеуі, аспанның апай төсінде таразының қос шыны тостағанының тең салмақпен тыншып тұруы – кәрі еменнің саясында, ұстазының кітабын парақтаған мезгілінде көз алдына келе қалған көрініс.  

         Таңсәрі      

 Алагеуім. Ұстазымен жолыққанына үш ай өткен. Темекісін кербездене тартып, көше бұрышындағы үлкен базардың орталығына бет алды. Нөпір халық пен жүк арбалары таң арайына малынған. Аяқ астынан балаққа жармасқан кішкентай қара иттен қорықпады. Тіпті, ұнатты.

Шынар бұтақтарының арасынан жұлдызды аспанды тамашалаған ол жиырма бес жаста еді.

      Әскери кемежай

Сүңгуір қайықтың іші ала көлеңке. Үрей ұшыратын механизмдердің ортасында жанарын төсеген дүрбінің көздігінен кемежайды көрді.

«Бұл жерден "Конгоны" байқауға болатын шығар?» деген флот офицерінің дауысын естіді.

Ұлтарақтай әскери кемедегі төртбұрышты линзаға зер салған ол отыз сэнге сатып алуға болатын қақтап қуырылған кесек еттен аз-мұз аңқитын көк балдырдың иісін аңсады.              

             Ұстаздың қазасы 

Жаңа бекеттің перронын кезіп жүр. Нөсерден  кейін жел күшейген. Күн күңгірттенген. Темекі түтіндеткен алаң шетіндегі темір жол қызметкерлері ән салды.

Алайда, оның көңіл күйі мен әуенді жел әуелетіп әкетті. Шылымын тұтатпады. Жан дүниесі алай - дүлей.  Пәлтесінің қалтасында «Ұстазың өлім аузында» деген жеделхат жатыр.

Таңғы алтыда Токиоға аттанатын пойыз Мацуяма тауынан бері асып, буы бұрқ-сарқ етіп, жыланша ирелеңдеп келеді.

Неке

Әпкесінің айтақтауымен некелескен күннің ертесі «мұншалықты шығынданбау керек еді...» деп күйеуі сөккен әйел өзіне арнап сатып алынған ақшыл сары нәркес гүлі бейнеленген құмыраның қасында... тек оның алдында ғана емес, қайын апасынан да кешірім сұрады.

Олар бұтағы жайылған банан ағашының көлеңкесінде тату-тәтті күн кешті. Үйлері қала төңірегінде, Токиодан бір сағаттық жерде орналасқан

Жастық

Обьективтік дүниені танып-білу мүмкіндігіне сенбейтін күмәншілдік раушанының жұпары мүңкіген Анатоль Франсты оқып жатып, жастанған жастығында кентавр бейнесінің қалай пайда болғанын байқамады...

Көбелек 

Балдыр иісімен суарылған ауада шыр айналып жүрген көбелектің қанаты бір сәт кепкен ерніне тигені есінде... одан қалған тозаңның табы ұзақ жыл бойын таңданыстан арылтпады.

Ай

Мейманхананың баспалдағында кездейсоқ жолығысты. Күндіз де келбеті жүзі жарқыраған Ай іспеттес. Көзбен шығарып салып тұрып, (олар мүлде кездеспеген) бүгінге дейін кеудесіне күптелген сағыныш сарындас сезім жүрегін қозғады...

Жасанды қанаттар

Анатоль Франс ілімін игере сала, ХХVIII ғасырдың ойшылдарына ойысты... Руссоның пәлсапасын парақтамаған себебі: одан өзінің болмысында бар қызу қандылықты байқағаннан... Батпан құйрық ойдың дәргейіне жиі ұмсынатындары ұқсағаннан «Кандиданың» авторын қолына алды.

Жиырма тоғызда... ғапыл ғұмырының тостағынан татар зәмзәмі таусылғандай. Бірақ, Вольтер жасанды қанаттар сыйлады.

Ол жазушыдан алған үмітін оранып, аспандады... Сана сәулесі берген пендеуи бақыт пен қасірет түйсігінен ізім-ғайым жоғалды.

Күннің көзі дәл осындай жасанды қанаттарын күйдіріп, теңізге құлап өлген ежелгі гректің өмірін өзіне өнеге қылмай, сұрықсыз көшелерге келеке мен кекесінді тастап, адам шарламаған кеңістік даңғылымен тура тартып барады...

Бұғау

Газет редакциясына қызметке орналасуына байланысты әйелі екеуі өгей әке-шешесінің үйіне қоныстанды. Бар сенімі артылған сарғыш парақтағы екі жақты еңбек келісім шарты ақыр соңында баспаға ешқандай міндет жүктемей, жауапкершіліктің бәрін жеке басына таңды.

Ессіз қыз

Қарсы беттен теңіз желі соғады. Қос рикша** шаңға ораған, жан баласы жүрмейтін ауыл жолының бағыты анық. Ол екінші арбада. Жарқын сәттерді бастан өткермейтінін аңғарса да, сапарлатуға неге сонша ынтызар болғаны толғантты. Сөзсіз, бұл махаббат емес... Олай болса, не? Жауаптан қашу үшін: «Қандай жайт кезіксе де, біз теңбіз» деді.

Қыз бірінші арбада. Қинайтыны, кіші сіңлісі қызғаныштан өміріне балта шапқан.

-  Қолдан келер қайран жоқ...

Өне-бойында тек хайуани қасиеттері ғана бар бикешті көрсе, ызаға булығатын.

Жағадағы қорымдардың маңынан өткен тұста бақалшықтардан бой көтерген шарбақтың арғы жағында қабір үстінде қарауытқан құлпытастардың бетіндегі көмескі ғана мөлтілдеген суға көз тастап тұрып, нәзік жүректі ыстық сезіміндей қорғай алмағаны үшін қыздың күйеуін жек көріп кетті.

Бейтаныс суретші

Журналдың әлемішіндегі тушьпен салынған әтештің бейнесін шебер берген суретші туралы сұрастыра бастады.

Араға апта салып, өзі іздеп келген "қыл қалам шеберінен" ешкімнен көрмеген поэзияны аңғарды. Бұл өміріндегі ең елеулі жайттардың бірі. Анығында, көкірегінде көміліп жатқан мінезді аршыды.

Күздің суық іңірі. Қатқыл жапырақтары дүрдиіп, салбыраған сабақтары бой жазған жүгерінің жүйкелерге ұқсас жіңішке тамырын құрғақ топырақтың жалаңаштағанына қарап, суретшіні ойлады...  

Дұрысында, бұл портрет. Жеңіл жараланған. Жаңалығы қапаландырды.

- Кеш. Cоңғы сәтте ғана...

Кездесу

Ымырт. Алаң. Бойында толқыныс. Биік ғимараттардағы жылтыраған терезелерді күміс өңді аспан жарқ-жұрқ еткізеді.

Жаяужолдың жиегінде күтті. Қыз бес минуттан соң келді. Жүдеп- жадаған ол «шаршап-шалдыққанын» айтып, жымиды. Алғашқы кездесу. Қол ұстасып, түн қойынына сіңген саябақта серуендеді. Осы сәтті қайтадан өткеру үшін, жалғандағының бәрін талақ етуге дайын. Көлік ішінде үздіккен қыз алақанын аймалап:

- «Сіз өкінбейсіз бе?», - деді.

- «Жоқ».

- «Мен де өкінбеймін, бірақ...».

Өзгерістерден ада өңі бұрынғыша... Жүзі арайланған айдай...

Толғақ

Фусуманың*** іргесінде акушер сәбиді жуындыруда. Су сабын көзіне тиген сайын тыжырынып, жылай берген шарананың иісі мұрнын жарғанда айналасын сорлы сауалдар кезді: «Неге туылды? Жарық дүниеге, бүкіл тіршілік тауқыметіне?.. Тағдыры неліктен дәл мендей әке берді?»

Бұл оның тұңғыш перзенті...

Стриндберг   

Гүлдеген анарлардың ортасында мацзян**** ойнаған қытайларға есікке сүйенген қалпы қарады. Бөлмесіне оралып, әлсіз шамның жарығымен «Ақымақтың тәубесін» оқыды. Екі парағын тауыспастан-ақ жүзінде мысқылға бөккен жымиыс жүгірді.

Стриндберг ашынасына жазған хатында "нақұрыстың" өтірігінен айырмасы жоқ жалғандыққа бой ұрған.

Ескілік

Ығырын шығарған сынған буддалар, Құдайлар, пырақтар мен лотостардың кесірінен бәрін ұмытты. Тіпті, "ессіз қызды" бұйыртпаған өзінің "бақытты" ғұмырын да...

Спартандық салт

Қуыс көшені бойлаған төбесі ашық арбада "ай-аруының" боларын мүлде күткен жоқ. Сырт көзден сескеніп, амандаспады да...

- Cұлу екен, ә?!,- деді досы.

Жол табанын тіреген көктемгі тауларға телміріп:

- Иә, өте көркем...

Жан алғыш

Жартысы жартасқа ілінген қара жол. Сасыған сиыр жапасының арасынан өтерде күн қыздырған маңдайынан шым-шымдап шыққан терін сүртті. Жақыннан піскен арпаның хош иісі танауды жарады.

- Өлтір, өлтір...

Осы сөздерді іштей қайталай бергенін байқамады. Кімді? Онысы өзіне ғана аян. Сондай жексұрын, шашын тым қысқартып қиған кәззапты есіне алды...

Сарғайған арпа егістігінің шетінде католик храмының күмбезі тұр

Қалып

Темір құмыраға ойылған ұсақ әшекейлер алдына "пішін" әлемінің әдемілігін әкелді.

Жауын

Төсектен тұрмастан сыр шертісті. Жатын бөлменің терезесінен тамшы сырғанайды. Жаңбыр салған жайсыздықтан гүлдер солғын тартты. Кербез өңі баяғыша... Ай нұрына тойған...

Әңгіменің ауаны бұзылған. Темекі түтініне елтіп, етпетімен жатқан ол жанындағы жанмен жеті жыл бойы кездесіп келгенін ойлады.

"Мен оны сүйем бе?". Жауабы да тосын: "Әлі де сүйем!"

Ұлы жер сілкінісі

Қара күйіктің үстіндегі үйілген, күнге қақталған өліктер ылбыраған өріктей. Мәйіт иісі күткеніндей жағымсыз болмай шықты. Жансыз тәндерге толы тоғанның түріне "сұмдық" деп баға айту ешқандай асыра сілтеу емес. Он екі-он үш жасар жеткіншектердің денесіне қомағайлана қарап, өлгісі келіп кетті. Шейіттерден ажалды қызғанды. «Жақсы адам Құдайға да керек». «Тәңір кімді сүйсе, соны ерте алады.»

Үлкен әпкесі мен өгей ағасының баспанасын өрт жалмаған. Жездесін жалған сөзі үшін соттаған...

- Өмірем қапқырлар-ай!

Оқиға орнындағы оны осындай кісәпір ойлар жегідей жеді.

Жанжал

Бостандықтан алшақтатып, құқайға бөктіріп, бір-біріне кесірін тигізген олар жұдырықтасты. Туыстарынан «Ініңнен үлгі ал!» дегенді ылғи естуден мезі болған өгей ағасының өкініші - төбелеске себеп. Бұған салса, бәрібір...

Жаңбырлы аспан астындағы жанжалға куә галереяның артындағы саябақта маздаған қызыл сиреньнің бүр жарған  бұтағы – жүрегінде мәңгі сақталған сурет...

Колорит

Отыз жаста... Алданышы - cынған жабынғыш шатырлар мен бетін мүк басқан кірпіштері шашылған алақандай алаңқай. Бұндағы кескіннің Сезанн пейзажынан ешқандай айырмасы жоқ.  

Өзара үйлесімділік тауып, қызығушылығын оятқан түс пен бояудың жеті-сегіз жыл бұрын сырын ұқпағаны есінде. 

Жарнама қуыршағы

Өгей әке-шешесі, сосын... апасымен бірге жұпыны тірлігін ақ пен қараның арасында жалғастырып жатты. Еуропалық көйлек дүкеніндегі қуыршаққа қатты ұқсайтынын түйсігіндегі «Мені» әлдебір әңгімесінде жазды. ...Өкінішсіз өле салатын өлермен хәлде өмір сүрді.   

Делсалдық

Көк шөп қаулап өскен. Қасында студент.

- Өмірге ең құштар жандар сіздер шығарсыздар?!

- Иә, сіздер де...

- Маған оның ауылы алыс. Мендегі - шығармашылыққа деген құмарлық. Бірақ...

Расында, бойындағы бар құлшынысын қашан жоғалтқаны қараңғы.

- Шығармашылыққа деген құмарлық – өмірдің өзі...

Үнсіз қалды. Қызыл от құсқан жанартауға қызаға да, қызғана қарады. Неге екені беймәлім...

«Хокурикулік жан»

Ойда жоқта жолыққан әйелдің талантын өзімен тең санады. Оны «Хокурикулік жаны» мен лирикалық өлеңдері лас ойынан алыстатты. Содан соң... ағаш бұтағындағы жалтылдаған қатты қарды қолмен сілкіп түсіргендей өкінді...

            Жұлқынған желде қалқыған қалпақ,

            Шаңды жолға құлайды.

            Түк керегі жоқ мені есіркеудің,

            Жылаған сенің жүрегің...

Кек

Көктеген теректердің ортасындағы қонақүйдің балконында жылаған баласын парақты шимайлап отырып жұбатқан жеті жылдан бері жолықпаған «ғашығының» қияли қылығын "есалаң қыз" алаңсыз шылымын шегіп қызықтады.

Ауыр күрсініп, пойыз бен әуе кемесінің суретін салды. Бақытына орай, бұл перзент өзінен емес. Қинайтыны «көке» сөзін есту еді.

Жандарынан сәбидің алшақтауын пайдаланып, темекісінің түтінін боратқан әйел кекесінмен:

- Сізге ұқсайды емес пе?

- Мүлде! Біріншіден...

-  Бұл, бәлкім, құрсақ көтерген кезімдегі әсеріңіз шығар...

Үндемей, көзін тайдырды. Аузына келгенін оттаған қарсы алдындағы адамды еріксіз тұншықтырғысы келді.

Айна

Мейрамхана бұрышында бірге отырған досы соңғы күндердегі ауа райының салқындығын айтты. Үстелде піскен алма. Сөзі ұнамаған серігіне кейіс танытып:

- Сен әлі бойдақ емессің бе осы?!

-  Жоқ, бір айдан кейін үйленем.

Үндемеуден басқа шарасы жоқ. Жанары әлдекімнен сес  көргеніндегідей мың құбылған жардағы айнадағы жүзінде.

Диалог

 -  Сен неге қазіргі қоғамның құрылымына қарсысың?

-  Бойында капитализмнен туған зұлымдық бар.

- Зұлымдық? Мен сенің жақсылық пен жамандықтың ара жігін ажырататыныңа сенгем... Өмір сүру салтың қалай?

...Ол осылай дене тұрқы бөлек Періштемен сөйлесетін.      

Сырқат

Ұйқысыздыққа шалдықты. Қуаты қайтты. Әр дәрігер әртүрлі жорамал жасады. Асқазанның талаурауы, ішектердің әлсіреуі, өкпенің қабынуы, жүйкенің жұқаруы, созылмалы буын ауруы, мидың қалжырауы...

Аурудың қайдан жабысқаны өзіне ғана аян. Бұл - жанын түсінбегеннен қоғам үшін жасаған ісінің алдындағы ұяты.

Күздің бұлтты күні... Мейрамханада тісіне темекісін қыстырып, граммафоннан тыңдаған әуенінің әсері бойын босатты. Музыка тоқтады... күйтабақтағы жазуды оқыды.

              "Magis flute" - Mozart.*****

Ондаған өсиетті бұзған Моцарттың дертті болғанын түсінді. Дәл өзіндей ме?.. Ұнжырғасы түсіп, орындығына бет алды.

Құдайлар күлкісі

Отыз бес жаста... Күн шұғыласына шомылған қарағай орманында серуендеп жүр. Есіне «Құдайлар бақытсыздығына орай біз секілді өздеріне қол жұмсай алмайды» деген санаулы жылдар бұрын жазған сөзі түсті.   

Түн

Жағасы көпіршіктенген долы теңізде іңір жүзіп жүр. Екінші мәрте әйелінің саусағына неке жүзігін кигізді. Қуанышты, әрі азапты... Су бетіндегі найзағайға қараған үш баласының біреуін құшағына қысқан жары жанары жасқа толып:

- Қайық көріне ме?

- Иә.

- Діңгегі сынған...

Ажал 

Жалғыз кешкен түнін пайдаланып, белдігімен терезенің торына асылуға асықты. Ілмекке мойнын сұқса да, өзін өлімге қимауы ажал алдындағы азаптан қаймыққаннан емес... Жай ғана тәжірибе жүзінде өлу үшін қанша уақыт керектігін есептеді. Жаны сәл қысылғаннан кейін есеңгіреді. Ақырын күткенде демі үзілер еді. Соңғы сапарға аттанар алдындағы мехнаты бір минут жиырма секундқа созылатынын сағаттың тілі айтты.

Әйнектен төгілген қараңғылыққа әтеш шақырады...  

«Диван»

«Divan» жан дүниесіне тағы да жігер құйды. Оған бейтаныс «шығыстық Гётенің» қатігездік пен мейірім атаулыдан жоғары тұрғандығын қызғанып, торықты. Иисус Христостан да биік қойды. Ақынның жүрегінде Акрополь мен Голгофа ғана емес, араб гүлдері де бүр жарған. Ізіне ерер күш бар ма? Аталмыш кітапты аяқтаған соң, үрейлі толқынысынан бойы босап, өмірде қолынан түк келмеген біреу болғаны үшін өз-өзін жек көрді.

Жалған

Жездесінің суицидке баруы жығылған үстіне жұдырық. Енді апасының отбасын да қамқорына алды. Болашағы бұлтты күндей бұлыңғыр.  Жанының дағдарысын іштей келемеж қылса да, кітап оқуын тоқтатпады. Руссоның «Тәубесі» қолдан жасалған батырлыққа толы. «Жаңа өмірдегі» өтірікті суша сіміретін екіжүзді кейіпкерлерді еш жерден кездестірмеген. Француа Вийонның «Ғажап бұқасын» ғана жақын тұтты.

Дар ағашына асыққан шайыр бейнесі түсінде мазасын алды. Қаншама рет Вийон сияқты құрдымға құлағысы келді. Бірақ, өмір сүру дағдысы мен физикалық күшінің кінәратының әсерінен қалағанына жетпеді. Бір кездері Свифт көрген шыңда шіріген ағаштай әлсіреді.

Ойын

Таңғы күннің сәулесі сүйген жіңішке мұздай жүзі бал-бұл жайнайды. Тәніне саусағының ұшы да тимеген қызға махаббатсыз байланған.

- Сіз ажал құшуды армандайсыз ба?

- Иә... жоқ, өмірден жалыққаным сияқты, өлімге ұмтыла алмаймын.

           Осыдан кейін екеуі о дүниеге бірге аттануға серттесті.

- Piatonic suicidе?******

- Double platonic suicidе.*******

Оны өзінің салқынқандылығы таң қалдырмады.

Өлім

Сертке селкеу түсті. Қыздың пәктігіне қол сұқпағаннан ләззат алуы ара- қатынастарына залалын тигізбеді. Сары майдай сақтаған көгерткіш қышқылын беріп тұрып: «Біз осымен күштіміз» деді.

Расымен, бұдан оған қуат даритын. Тоқылған орындықтың үстінде еменнің жас жапырағына қарап отырып, өлім сыйлайтын тыныштық пен рахат жайлы ойға шомды...

Тұлып

Соңғы күші сарқылуға таяды.  Өмірбаянын жазамын деп шешті. Ол оңай емес екен. Оңай болмайтын себебі: күдік пен сақтыққа малшынған өркөкіректігінен өз-өзін жеңе алмады. «Егер адамның бетпердесін сыпырсақ, астынан дәл сондай бетперде шығады». Бір жағынан осы пікір жанын шырмады.

«Поэзия мен шындық»  өмірдерек атаулының бастау бұлағындай. Көркем шығарманың айтарын кім көрінгеннің түсінуі мүмкін емесі айдан анық. Шығармасы өзі секілді ғұмыр кешкендерге ғана әсер етпек...

Бір байламға тоқтады.

Жеке «Поэзия мен шындығын» жазуға құмартты.

«Нақұрыстың өмірін» бастағанда, ескі-құсқы заттарды сатып алушының дүңгіршегінде аққудың тұлыбы тұрды. Басы көтерілген құстың күйіп кеткен қанаты сарғайған. Бүкіл ғұмыры көз алдына келіп, тамағына ащы өксік кептелді. Оны есінен адасу, я өлім күтті...

Жалғыздық. Түнек тұнған тар көше. Өзінің түбіне жетер сәтті тосуды ұйғарды.

Тұтқын

Есінен адасқан қаламдас досының жайнаған күлкіге жасырған жалғыздығын  ұғынды, ұнатты... Өйткені, болмысы бөлек, бәзбіреулер сияқты мәймөңкелемейді.

Жағдайын сұрай барғанда «Ғасыр соңының» әзәзілі әлденеден қымсынғандай дауысын бәсеңдетіп «Бізді жын иектеген» деген жолдасы екі-үш күннен кейін кездескенде  раушан жапырақтарын шайнап жүрді...

Өзіне сыйланған саздан істелген мүсін жындыханада жатқан жанның жақсы көретін жазушысы, «Ревизордың» авторының кеуіті болатын. Гоголь да ақылынан адасып өлген. Екеуінің тағдырларына бір күш дарыған.

...Әбден дымы құрыған ол Радигені оқыды. «Тәңірдің жауынгерлері маған қарай беттеді». Құдайлардың күлкісін тағы естіді. Өзінің жоққа нанатын күйреуік көңілімен күресті. Бірақ, оған қарсылық көрсету физикалық түрде мүмкін болмады. Жауыз әзәзіл жанын шынымен иемденіп алған. Жаратушыға кіршіксіз сенген  ортағасырлық адамдардың өмірін қызғанды. Кокто сенбеген Құдайға, және оның махаббатына иек артатын хәлі жоқ...

Күйреу

Қауырсын ұстаған қолдары ерекше қалтырайды. Аузынан сілекейі ақты. Ұйықтататын дәріні мөлшерден тыс ішіп, сәл қалғып оянған санасы түсінің әсерінен сандырақтамады. Масаң күйінде жарты-ақ сағат отырды.         

...Айдай сынық, жұқа семсердің жүзіне сүйеніп, ғұмырына түскен көлеңкеден құтылмаған қалпы... Аттанды!

Маусым, 1927 жыл.

Орыс тілінен аударған: Марлен Ғилымхан, Ақтілеу Қалдыбай

Ұлт порталы


  • Адам өмірі Бодлер жазған өлеңнің бір жолына да татымайды - Әмірхан Балқыбектің аудармасы.
  • Рикша - Шығыс және Оңтүстік Азияда жұмсақ рессорлы, екі доңғалақты, жаяу адам сүйрейтін жеңіл арба.
  • Фусума – үлкен бөлмені бөлу үшін пайдаланылатын екі жағынан қағаз жапсырылған ағаш жақтаулы сырғанап ашылатын есік.
  • Мацзян – төрт кісі ойнайтын қытайдың құмар ойыны
  • "Magis flute" – Mozart – "Ғажайып флейта" – Моцарт.
  • Piatonic suicidе? – Нақты мақсаты жоқ суицид?
  • Double platonic suicidе – Екі еселенген нақты мақсаты жоқ суицид.