10 қыр, 2019 сағат 20:14

Ақтөбелік құрылысшылар Арыстағы жұмыстарын ертең аяқтайды

Арыстағы үйлерді қалпына келтіруге барған ақтөбеліктер жұмыстарын ертең аяқталады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары кезінде Ақтөбе облысына 12-ші сектор бөлінді. Мұнда 789 үй бар. Сарапшылар тексеріп, тізімге алып, 543 үйге зақым келгенін анықтады. Арнайы қорытынды шығару жұмыстары 25 тамыз күні аяқталған болатын. Сол кезде 246 үйдің иесі қандай да бір жөндеу жұмыстарын қажет етпейтінін жазып, көмектен бас тартты.

«Алайда олардың 73-і Арыс қаласының әкімдігіне қайта арыз жазып, жөндеу қажет деп сұраған. Қала әкімінің сұранысына сай сол 73 үйге облыстың құрылыс компаниялары жөндеу жұмыстарын жүргізіп берді. Себебі сол үйлерде мүгедектер мен ардагерлер, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар тұрады. Мәселен, төтенше жағдай кезінде қаза болған әскери қызметкер Бауыржан Әлімбековтың үйіне күрделі жөндеу жүргізілді. Үйіне жарылғыш зат құлаған тұрғынның баспанасы қайта салынды. Төтенше жағдай кезінде отағасы қаза болған көпбалалы отбасының бұрын үйі толық бітпей тұрған. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасымен ол үй де толық салынды. Тексеру кезінде 37 үйге күрделі жөндеу қажет болды. Оның 24-інде жұмыс толық аяқталды», - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, тұрғындардың екеуі техникалық тексеру қорытындысымен келіспеген. Үй иелері жөндеуге қажетті қаржыны өздеріне беруін сұраған. Ақтөбе облысы 11 қыркүйекте жұмысты толық аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл жұмыстарға 6 құрылыс компаниясы мен 395 адам жұмылдырылған.