30 шіл, 2018 сағат 16:30

Ақтөбелік экологтар балықтың неден қырылғанын айтты (Видео)

Ақтөбе су қоймасының суы жасыл түске боялып, балық қырылып қалды. Экологтар балықтың қырылу себебін анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" өңірлік баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтөбе су қоймасында балық қырылып, судың жасыл түске боялғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде жарияланды. Желі қолданушылары өңірдегі экологиялық мәселелерді көтеріп, шомылу маусымы кезінде мұның адам денсаулығына аса зиян екенін ескертті.

Ақтөбе өңірлік коммуникациялар қызметі тексеру жүргізгенін хабарлап, су қоймасындағы балықтардың қырылу себебін жариялады. Тексеруді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының мамандары және аңшылар мен балықшылар қоғамының өкілдері жүргізді.

«Жасыл балдырдың гүлдегені байқалған аумақта орташа салмағы 20 грамм болатын 40 дана өлі таутан табылды. Сараптама жүргізу үшін су мен балық сынамалары экология департаменті мен ветеринариялық зертханаға жіберілді. Алдын-ала болжам бойынша, балдырлар қатты гүлдеп, балыққа оттегі жетпей қалған. Нақты себебі сараптама нәтижесі белгілі болғанда анықталады», - деді табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Аққұл.