07 ақп, 2019 сағат 13:02

Ақтөбеде зауыт жұмысшылары жарты жылдан бері жалақысын ала алмай жүр

Ақтөбеде қиыршық тас шығаратын зауыт жұмысшыларына 2018 жылдың маусым айынан бері жалақы бермеген. Қазір әкімдік арнайы комиссия құрды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Бершүгір ауылында қиыршық тас өндіретін «Жаңатас Ақтөбе» ЖШС 100-ден астам жұмысшының айлығын кешіктіріп жатыр. Бүгін жұмысшылар компанияның кеңсесіне барып, өз еңбекақысын талап етті.

«2015 жылдан бері «Жаңатас Ақтөбе» ЖШС-де жұмыс істеймін. 2018 жылдың маусым айынан бері айлық алғанымыз жоқ. Ақтөбе облысы, Шалқар ауданының әкімдігіне, Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясына арыз жазылды. Сотқа арыз жазып, «жалақы уақытылы берілсін» деген шешім шығарды. Сол кезде «Жаңатас Ақтөбе» ЖШС арыз жазып, бірінші сот шешімі бұзылды. Өзіме 2,5 миллион теңге берешек. Басшылар тек «ақша» жоқ деп айтады. Ай сайын зейнетақы төлемі жалақымыздан ұсталады, бірақ 2015 жылдан бері түспеген», - дейді зауыт жұмысшысы Төлеу Жандуллин.

Ал жүргізуші болып жұмыс істеген Мұрат Мыңайдаров 465 мың теңге жалақысын ала алмай жүр. Оған да зейнетақы қорына ешқандай төлем аударылмаған.

«Мен 467 мың теңгеден астам жалақымды ала алмай жүрмін. Жұмысшылардың көбі ауылда, ақша болмаған соң кездесуге келе алмады. Қалада тұратын жұмысшылар күн сайын кеңсеге барады», - дейді есепшінің орынбасары Нұркен Қарабалин.


Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы басшысының орынбасары Бауыржан Уразаевтың айтуынша, компанияға тексеру жүргізіліп, еңбекақыны уақытылы төлеуге ұйғарым берілген.

«2017 жылдан бастап жоспардан тыс тексеру жүріп жатыр. Инспекция айыппұл салды, ұйғарым берілді. Сот жалақыны төлеуге міндеттеп, кейін шешімді қайтарып жатыр екен. Себебін анықтайтын боламыз», - деді Бауыржан Уразаев.

Жұмысшылар облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтың қабылдауында болды. Арнайы комиссия тексеру жүргізіп, инвестормен арадағы келісімшартты бұзу жолында жұмыс атқарылады.


«Еңбекақы қарызы бақылауда тұр. Кәсіпкерге қарыз төленбесе, кен орнын жалға алу келісімшарты бұзылатыны ескертілді. Қазір бір келісімшарт банктің кепілдігінде тұр екен. Біз кепілде тұрса да, келісімшартты бұза аламыз. Келісімшарттың бұзылатыны жөнінде ресми хабарлама беріледі», - деді Қайрат Бекенов.

Айта кетейік, «Жаңатас Ақтөбе» компаниясы жұмысшыларына 64 миллион теңге қарыз.