20 қар, 2019 сағат 11:53

Ақтөбеде тағы да оқушылар төбелесті, бір адам жараланды

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш қаласында пышақ жарақатын алған мектеп оқушысының жағдайы жақсарып келеді. Бұл туралы Мұғалжар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Балтабек Құсайынов айтты, деп хабаралйды Азаттық.

Дәрігердің сөзінше, екі санынан жараланған мектеп оқушысы аудандық ауруханаға 18 қарашаға қараған түні түскен.

- Жабық бас-ми жарақатын алған, миы шайқалып, үшкір заттан екі саны жарақаттанған оқушының қазіргі жағдайы тұрақты. Жарақатын таңып, тиісті емін жасап жатырмыз. Пациент 2004 жылы туған, - дейді Балтабек Құсайынов.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қарашаның 16-17 күндері Қандыағаш қаласында мектеп оқушылары төбелескен. «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Өзге ештеңе айта алмаймыз» деді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Мұғалжар аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерік Бұқарбаевтың сөзінше, оқушылар 16 қараша күні жанжалдасып, ертесінде тағы да төбелесті жалғастырған. Ерік Бұқарбаев «топтасып төбелесушілердің жалпы саны 15 шақты болғанын» айтады.

- Істің мән-жайын полиция тексеріп жатыр. Біздегі мәлімет бойынша Қандыағаш қаласындағы №1, №2 орта білім беретін мектептер мен жергілікті колледж оқушылары өзара сөзге келіп қалған. Пышақ жарақатын алған оқушы ауруханаға бірден бармаған. Жарақаты жанына батып, жағдайы ауырлай бастағасын ғана 18 қарашаға қараған түні дәрігерлер көмегіне жүгінген, - дейді Ерік Бұқарбаев.

Бұған дейін жергілікті БАҚ Ақтөбеде кәмелетке толмағандар арасында қылмыс көбейгенін хабарлаған. 10 қарашада Ақтөбеде 20-ға тарта оқушы төбелесіп, бір адам қаза тапқан. Полиция "Бұзақылық" және "Адам өлтіру" баптары бойынша қылмыстық іс қозғады, бір студент қамауға алынды.