02 мау, 2020 сағат 12:42

Ақтөбеде перзентхана дәрігері вирус жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жатқызылды

Соңғы тәулікте Ақтөбеде тағы 6 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Перзентхана дәрігері індетке шалдықты деген күдікпен ауруханаға жатқызылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ақтөбе облысы бойынша 349 адамда коронавирус инфекциясы тіркелсе, оның 277-і үйіне шығарылды. Өзгесі ем алып жатыр.

«Бүгінгі күнге дейін 34 бала індетке шалдықса, оның 25-і жазылып шықты. Инфекциялық стационарда 9 бала бар. Індет жұқтырған ересектердің бесеуі - жансақтау бөлімінде болса, оның екеуі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Соңғы тіркелген дерек бойынша тағы 6 адамнан вирус анықталды. Қазір перзентхана дәрігері де вирус жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жеткізілген.

«Облыстық перинаталдық орталық дәрігері вирус жұқтырды деп күмәнданып отырмыз. Ол ауруханаға жатқызылып, бақылауға алынды. Жанында болған адамдар үйінде карантинде жатыр. Қазір кез келген аурухана карантин режимінде жұмыс істейді. Жалпы өңірде 15 мыңнан астам медицина қызметкері бар болса, оның 14 мыңнан астамы сынама тапсырып, тексерілді», - деді басқарма басшысы.