19 сәу, 2017 сағат 09:31

Ақтөбеде Қарғалы өзені тасып, жүздеген тұрғын эвакуацияланды

Ақтөбенің іргесіндегі Қарғалы өзенінің тасуынан су баса бастаған Садовый ауылы. 18 сәуір 2017 жыл.

Ақтөбеде Қарғалы өзені де таси бастады. Өткен тәулікте Қарғалының жағалауындағы Кеңес Нокин, Садовый ауылдары мен түрлі саяжай ұжымдарынан 400-ге тарта тұрғын эвакуацияланған. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) баспасөз қызметі хабарлады.

Садовый ауылына тасқын су 18 сәуір күні сағат 10 шамасында келе бастаған. Кішкентай балалары мен құжаттарын қауіпсіз жерге көшіріп, өздері үй-жайларына алаңдаған тұрғындар түнімен ұйқы көрмегендерін айтады. Ауыл тұрғыны Ғазиза Сарбөпинаның сөзіне қарағанда, кемінде 15 үй суға кеткен.

- Парасат, Бәйшешек көшелеріндегі бірнеше үйді су басты. Сол көшедегі Максимовтар, Отаровтар отбасы буынып-түйініп туыстарына кетті. Үйлерін су басқан біраз адам Ақтөбедегі №61 мектепті паналап отыр, -дейді Жанат Арзымбетова есімді тұрғын.

Өткен түні Ақтөбеден 35 километр қашықтықтағы Садовый ауылына барған Азаттық тілшісі Бәйшешек көшесіндегі асфальтты экскаватордың қазып жатқанын көрді. Тұрғындардың айтуынша, бұл асфальт ауылға осыдан екі жыл бұрын төселген.

- Тас жолды бұзып, арық жасауға мәжбүрміз. Олай етпесек, бүкіл ауылды су басу қаупі бар. Қарғалының суы арнасына сыймай, Садовый ауылына жайыла бастады. Сол суды өзен арнасына қайтадан бұру үшін асфальтты қазып жатырмыз, - деді Ақтөбе қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бекболат Нұрашев.

Садовый ауылындағы екі жыл бұрын ғана төселген асфальтті қазып жатқан экскаватор. Ақтөбе, 18 сәуір 2017 жыл.Садовый ауылындағы екі жыл бұрын ғана төселген асфальтті қазып жатқан экскаватор. Ақтөбе, 18 сәуір 2017 жыл.

Ақтөбе облыстық ТЖД мәліметінше, өткен тәулікте Садовый ауылы мен оған іргелес Солнышко, Нефтянник саяжай ұжымдарында 47 үй мен ауланы су басқан.