24 мам, 2020 сағат 20:34

Ақтөбеде карантин режимін жеңілдету тағы кейінге шегерілді

Ақтөбеде осымен екінші апта карантин режимін жеңілдету кейінге шегерілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ақтөбе облысында соңғы тәулікте тағы 18 адам індетке шалдыққан болатын.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева жергілікті арнада өткен тікелей эфир кезінде 25 мамыр күні карантин режимі жеңілдемейтінін хабарлады.

«Ақтөбе қаласында ауру өршіп тұр. Қазір өсім 7 пайыздан жоғары. Бұған дейін кейбір нысанды 25 мамырдан бастап ашуды жоспарласақ, көрсеткішке қарап кейінге шегеруге тура келді. Келесі аптада тағы да бақылаймыз. Қала тұрғындарына айтарымыз, үйден себепсіз шығуға болмайды. Кәсіпкерлер шыдамды болуы керек. Тәртіпті сақтаған жөн», - деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Еске салсақ, өткен аптада Ақтөбеде балабақшалар жұмысы кейінге шегерілген болатын.