28 қар, 2018 сағат 16:20

Ақтөбеде Димаштың үлкен концерті өтеді - Бердібек Сапарбаев

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев танымал әнші Димаш Құдайбергеннің үлкен концертін өткізуді жоспарлап жүргенін айтты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Димаш - біздің мақтанышымыз. Ол Қазақстанның атын әлемдік деңгейде танытып жүр. Сондықтан оған қолдау көрсетуіміз керек. Өзіміз де көмектесіп отырамыз. Биыл Димаштың қатысуымен «Бақытты бала» атты үлкен концерт ұйымдастырылды. Өнер орталығында аншлаг болды. Осы жылды біз «Бақытты балалық шақ» деп жарияладық. Соның аясында Димаш xалықаралық деңгейде концерт берді. Оған 24 елдің өкілдері қатысты. 63 жастағы бір әйел сонау Кіші Азиядан Димаштың дауысын естимін деп, Қазақстанға арнайы келді», - деді Б.Сапарбаев Астанада өткен баспасөз мәслиxатында. 

Облыс басшысының айтуынша, Димаш Құдайберген Ақтөбеде жыл сайын концерт өткізуге келіскен.

«Оған қоса, келесі жылы Ақтөбенің құрылғанына 150 жыл толады. Қазір біз қызу дайындалып жатырмыз. Әрине, сол кезде Димаштың қатысуымен жақсы бір концерт ұйымдастырамыз. Бәлкім, стадионда, я болмаса, орталық алаңда үлкен бір концерт өткіземіз», - деп атап көрсетті Бердібек Машбекұлы.