13 мау, 2017 сағат 16:57

Ақтөбеде Димаштың қытайлық жанкүйерлеріне арналған туристік маршрут жасалуда

Ақтөбеде Димаш Құдайбергеннің қытайлық жанкүйерлеріне арналған туристік маршруттар жасалып жатыр, деп жазады ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайлы «Ақтөбе ақпарат» орталығындағы баспасөз мәслихатында сыртқы байланыстар және туризм облыстық басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлы хабарлады.

27 маусым күні Астанада Қытайдағы ән байқауына қатысып, есімі кеңінен танылған Димаш Құдайбергеннің шығармашылық кеші жоспарланған. Аспан асты елінің жанкүйерлері концертке келіп қана қоймай, Димаштың туған өлкесімен, оның үйімен және отбасымен танысқысы келеді.  Осыған байланысты туристік компаниялар арнайы маршрут ұйымдастырады.

Еске салайық, Сыртқы байланыс және туризм облыстық басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында өңірге алдын-ала есеп бойынша, 2 мыңнан астам қытайлық келіп, әншінің туған жерімен танысатындығын айтқан болатын.

Туристер Димаштың отбасымен де кездесу мүмкіндігін алады.

«Ата-анасымен, отбасымен кездесу болады. Міндетті түрде Қанат-Света Айтбаевтардың ойын біліп, бұл шаруаны бірлесе атқарамыз. Себебі, Димашты олардан артық ешкім білмейді»,- деп атап өтті басқарма басшысы.

Шетелдіктерді әншінің туған жерімен, отбасымен таныстыру үшін арнайы гидтер де дайындалып жатыр.

«Қазір 2-3 гид дайын. Олар қытай тілін біледі. Бізге Астанадан да хабарласты. Жиналыс кезінде айтылған ақпараттан соң «қытай тілін білеміз, көмек керек болса келуге дайынбыз» деген адамдар болды», - деді Ермек Кенжеханұлы.