22 қаң, 2019 сағат 11:15

Ақтөбеде балалары "орамал тартқан" екі ата-анаға айыппұл салды

Ақтөбе облысында "орамал дауына" байланысты балалары мектепке бармай отырған екі ата-анаға 12625 теңгеден (бес айлық есептік көрсеткіш немесе АЕК) айыппұл салынды. Олардың балалары Ақтөбе қаласындағы №8 және №60 мектепте оқиды. Бұл туралы Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаментінің бөлім басшысы Жанар Мұхамбеталина айтты, деп хабарлайды Азаттық агенттігі.

- Тағы екі ата-анаға бес АЕК-ке тең айыппұл салынды. Олар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 409-бабының 2-тармағында көрсетілген ("Ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің білім беру заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы немесе тиісінше орындамауы") талапты бұзды деп айыпталып отыр, - дейді Жанар Мұхамбеталина.

Ақтөбе облыстық білім басқармасының дерегінше, қазір облыс аумағында "мектеп формасын бұзғандықтан" сабаққа қатыса алмай отырған 10 бала бар. Олар екі тоқсан бойы сабаққа келмеген. Білім департаменті бұл балалардың ата-аналарымен түрлі түсіндіру жұмыстарын былтырдан жүргізіп келеді.

Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаменті 2018 жылы "орамал дауына" орай жалпы саны 33 ата-анаға айыппұл салған. Биыл бұл санатқа тағы екі ата қосылды. Әкімшілік шара қолданылғандардың сегізі - Ақтөбедегі №31 мектептің ата-аналары.

№31 мектептің бұрынғы директоры Сәуле Баймағамбетова "орамал дауынан әбден қажып, қызметінен кетуге мәжбүр болғанын" айтады. Сәуле Баймағамбетова қазір өзі басқарған мектепте физика пәнінен сабақ беріп жүр. Бұл мектептің орамал тартатын алты оқушысы қыркүйектен бері мектепке келмеген.

Бұған дейін Ақтөбе қалалық соты орамал дауына байланысты қаладағы ондаған мектеп директорының үстінен ата-аналар түсірген шағымын қанағаттандырмаған. Ата-аналар орамал тартатын қыздарын мектепке кіргізбеген мектеп директорының іс-әрекетін заңсыз деп тануды сұраған.