14 қаң, 2020 сағат 08:32

Ақтөбеде ауыл тұрғыны 8 сағат бойы далада адасып жүрген

Шаруа қожалығынан шығып, ауылға бет алған 30 жастағы жігіт жоғалып кетті. Іздеуге иісшіл ит жіберілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

13 қаңтар күні сағат 23:50-де облыстық төтенше жағдайлар департаментіне 8 сағат бұрын ауыл тұрғынының із-түзсіз кеткені туралы хабар түсті.

«30 жастағы С.Чащен шаруа қожалығынан Мәртөк ауданының Ақсу ауылына сағат 15:00-де шыққан. Хабарлама түскен соң Жайсаң ауылдық округіндегі төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағынан 8 адам, 1 кинолог пен бір техника жіберілді. Сонымен қатар Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінен 4 адам, бір техника, шаруа қожалығынан да көмек көрсетілді. Жоғалған жігіт 14 қаңтар күні сағат 00:30-да ауылдан 13 шақырым қашықтықтан табылды. Оған медициналық көмек қажет болмады, дін аман», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.