13 нау, 2019 сағат 11:36

Ақтөбеде әріп танымаған баланы ұрып-соққан тәрбиешіге үкім шықты

Ақтөбеде сабақ білмеген баланы ұрған тәрбиеші сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақтөбе облыстық кәмелет жасқа толмағандар жөніндегі ауданаралық сотында тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қаралды. Қылмыстық кодекстің «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау» бабы бойынша үкім шықты. Іс материалдарына сүйенсек, 2018 жылдың 15 қараша күні «Айгөлек» балабақшасында әліпби үйретіп жатқан тәрбиеші 2013 жылы туған оқушыны ұрды. Сот отырысы кезінде сотталушы барлық кінәні мойындап, кешірім сұрады», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Сот үкімімен тәрбиеші 120 сағат қоғамдық жұмысқа тартылып, 3 жылға педагогикалық қызмет атқару құқығынан айырылды.

Айта кетейік, Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданындағы «Айгөлек» балабақшасының тәрбиешісі сабақ білмей, әріп танымай тұрған баланың басынан нұқып, ұрған-тын. Бұл видео әлеуметтік желіде тарап, қылмыстық іс қозғалған еді.