06 қыр, 2019 сағат 16:36

Ақтөбе тұрғынын азаптаған 4 полиция қызметкері сотталды

№2 Ақтөбе қалалық сотында Заречный полиция бөлімінің қызметкерлеріне сот үкімі шықты. Оларға Қылмыстық кодекстің «Азаптау» бойынша айып тағылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс материалына сүйенсек, 2019 жылдың 25 қаңтар күні сағат 18:40 пен 22:40 аралығында бір топ полиция қызметкері жәбірленуші Р.Құлмұхамбетовты ұрып-соғып өзі істемеген қылмысты таңып, мойындатпақ болған. Басына полиэтилен пакетін кигізіп, психологиялық қысым көрсеткен, бірнеше ұрлықты өз мойнына алуға көндірмек ниетпен тепкінің астына алған. Бұл іс бойынша Ақтөбе қаласы Алматы аудандық №4 полиция бөлімі бастығының орынбасары Руслан Есанов пен оның қоластындағы Марат Темірғалиев, Дастан Ходжибаев пен полиция лейтенанты Асылбек Таласбаевқа айып тағылды. Бәрі үйленген, балалары бар. Олар айыптау қорытындысын 2019 жылдың маусым айында алды.

«Руслан Есанов Қылмысты кодекстің 146-бабы 1-бөлігі 2-тармағы бойынша айып деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Құқық қорғау саласында 3 жыл жұмыс істеу құқығынан айырылсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтесін. Полиция капитаны, «Ерлігі үшін» медалінен айырылсын», - деді судья Адилова. Сонымен қатар Марат Темірғалиев полиция капитаны шенінен айырылып, 5 жылға, Дастан Ходжибаев 4 жылға, Асылбек Таласбаев 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Бәрі де 3 жыл бойы құқық қорғау саласында жұмыс істей алмайды. Бұған дейін ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүрген полиция қызметкерлеріне сот залында кісен салынды.

«Біз мұндай болады деп ойламадық. Үйден еш алаңсыз шығып кеттік. Бала-шағамызды, ата-анамызды да ертіп келмедік. Қоғамның назарын да аудару керек еді. Біздің еш кінәміз жоқ», - деді сотталушы Руслан Есанов.

Жәбірленуші Құлмұхамбетовтың моральдық шығынды өндіру туралы арызы ішінара қанағаттандырылды. Сотталушылардың бәрі 500 мың теңге төлеуі тиіс.