17 сәу, 2017 сағат 17:03

Ақтөбе облысындағы су тасқынының беті қайтты

Ақтөбе облысындағы су тасқынының 15-16 сәуірдегі деңгейі төмендей бастады. Бұл туралы Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар департаменті басшысы Бауыржан Сыздықов баспасөз мәслихаты кезінде хабарлады, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz "Ақтөбе ақпарат" орталығына сілтеме жасап.


"Су деңгейі күн сайын төмендейтін болады. Жедел мәліметтер бойынша саяжайлардағы 579 үй мен ауланы су басып, 1174 адам қауіпсіз жерлерге көшірілді, 69-ы құтқарылды.  Адамдарды уақытша орналастыру бекеттерінің жетеуінде 502 адам бар, оның ішінде 159-ы балалар. Оларды үш  рет тамақтандыру жағы ұйымдастырылған. 672 адам туыстарының үйлеріне орналасты. Тасқын салдарынан зардап шеккендердің дені - дені жыл бойы адам тұрмайтын баубақша ұжымдары екендігін ескерткім келеді. Жұмыстар облыстың барлық аудандарында жүргізіліп жатыр", -деп атап өтті Сыздықов.


16 сәуірде су қоймалары мен өзендерді, сонымен бірге облыстағы су басқан жер телімдерін ұшақпен аралап шығып, Хромтау, Мәртөк және қарғалы аудандарының жағдайы тексерілуде. Соңғы екі аудандарда Елек (27 м) және Қарғалы (70 м) өзендерінің арнасынан шығу орындарын қоршау бойынша алдын алу жұмыстары жүргізілді.


"30-31 наурыз күндері өңірде жауын-шашынның айлық мөлшері түсті. Бұл - аталмыш жағдайдың орын алуына бірден бір себеп. Оған қоса, көктемнің ұзаққа созылуы да бар: 10 сәуірде өзендерде мұз қатып, ал далада қар жатты. 8 сәуірден бастап күн күрт жылынып, қар ери бастады. Қарғалы және Ақтөбе су қоймаларының су жинағыштарында әлі күнге дейін жердің 11 ден 21 сантиметрге дейін қатуы сақталуда, яғни жоғарыдан ерігенімен, сіңбейді де, барлық су су қоймаларына жиналады", - деп түсіндірді ТЖД басшысы.

Халықты әлеуметтік желілер, теледидар, смс хабарламалар арқылы хабардар ету, сонымен қатар, алдын алу шараларын қабылдау қажеттігі туралы аулаларды аралап шығу жұмыстары жалғасуда. Елек өзенінің екі жағасына да құлақтандыру, қоғамдық тәртіпті қадағалау, материалдық құралдарды шығаруға және уақытша орналастыру бекеттеріне жеткізуге көмектесу топтары жіберілді. Тасқын қауіптілігі бар өзендердің сағасында тұратын 876 аула құлақтандырылып, 523 адам көшуден бас тартты.


Суреттер: "Ақтөбе ақпарат" орталығы

Апат-құтқару жұмыстарына 497 адам, 127 бірлік техника, 12 жүзу құралдары тартылды. Облыс аумағында 13 тасқынға қарсы штаб құрылып, тұрғындардан 1834 тапсырыс түсті, 4145 м3 инерттік материалдар әкелініп, 205,8 мың м3 су айдалды, 10 050 ыдыс-қап төселді. Еске сала кетейік, 16  сәуірде Ақтөбеде жергілікті деңгейдің табиғи сипаттағы төтенше жағдайы жарияланған болатын.

Тасқынды жою орындарынан көшірілген азаматтардың мүліктерін тонауға жол бермеу мақсатында 21 бекеті орнатылды.